• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Музей 18 Мамыр, 2023

Музей – азаттықтың айнасы

423 рет
көрсетілді

Еліміздегі ескі мәдениет ошақтарының бірі – Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі. Тарихтың куәсі саналатын мәдениет орны тәуелсіз мемлекетімізге абыроймен қызмет етіп келеді.

Қазақ-орыс қолөнер мектебін ашу үшін жергілікті халықтан жиналған қаражатқа музей орналасқан ғимарат құрылысы 1879 жылдан басталған көрінеді. Орынборлық архитектор Эвальд Корфтың жобасын оралдық әріптесі Иван Тец жетілдіріп, ғимаратқа шығыстық сипат берген. Қолөнер мектебінде сабақ 1884 жылы басталған. Орал облысының әр түкпірінен келген қазақ балалары осы жерде жатып оқыған. Таңғажайып сәулет ескерткішінің қазіргі жайы туралы сәл кейінірек тоқталамыз.

Батыс Қазақстан өңірінің бай тари­хын жинаған музей бүгінде 18 филиа­лы бар ғылыми кешенге айналған. Бұл жерден сан түрлі оқиғаға куә болып, ғажап жәдігерлердің сырына қанығасыз. Мәселен, Орал қаласының талайғы тарихынан мәлімет беретін Емельян Пугачев музей-үйі Ресейді дүр сілкіндіріп, ІІ Екатеринаның ұйқысын қашырған «жалғанпатша» күйеу болып түскен шаңырақта орналасқан. Ал 1833 жылы қазан айының үш күнін Орал қаласында өткізген ұлы орыс ақыны түскен ғимаратта қазір Пушкин музейі тұр. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражайы орналасқан ғимарат – 1930 жылдары қаһарман қыздың әкесі, қазақтың айбоз арыстарының бірі, баспагер, дәрігер Ахмет Мамытұлы тұрған, жеткіншек Мәншүктің табанының ізі қалған баспана. Ерекше өнерімен есте қалған суретші Сәкен Ғұмаровтың музейі де қылқалам шебері өмірінің соңғы кезінде еңбек еткен, шеберханасы болған үй. Жымпитыдағы Алаш мұражайының 1918-1920 жылдары Күнбатыс Алашорда кеңсесі отырған, Жаһанша мен Халел бастаған арыстардың ізі қалған ғимарат екенін білсеңіз, бойыңызды ерекше сезім билейді. Ал енді Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы да тарихи топырақта – XIX ғасырда Жәңгір хан ту тіккен Ордада, құм ішіндегі қарағай арасында тұр. Музейдің ішіндегі жәдігер ғана емес, сыртқы ғимараты да осындай тарихи сырға тұнып тұр.

 

Ел болу – мәдениетіңді түгендеу

Ата-бабасынан қалған дүниені «тә­бәрік», «атамның көзі» деп қас­тер­лейтін қазақ үшін музей ұғымы әу бастан жат емес қой. Тек көшпелі тұрмыс ол жәдігерді жарқыратып жайып қойып, халыққа көрсетуге мұрша бермегені рас. Алайда пәлен батырдан, түген әулиеден қалған жәдігерді бір көріп, маңдайына тигізіп қайту үшін арнайы жолға шығып, зиярат қылатын жұртпыз. Кезінде Жәңгір ханның сарайында бір бөлме қару-жарақ көрмесі болған екен. Аласапыран кезде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен сол жәдігердің кейбірі қияндағы Қырымнан, Бақшасарайдан табылып жатыр.

Ақ патша тағынан құлап, еркіндік лебі ескенде қазақ оқығандары «енді өз ісімізді өзіміз қолға аламыз» деп қуанды ғой. «Халықты ағарту жолында медресе ашумен ғана қанағаттанбай, тағы да түрлі шараға кірісу керек. Кітапхана, театр, музейлер ашу, газет-журналды көбейту қажет. ...Музей деп әр халықтың түрлі замандарынан келешектеріне мирас болып қалған дүниелерін һәм ...түрлі тиын салымдарын, аспап құралдарын, ...қолөнерлерін халыққа көрсету үшін қойылған үйді айтады. Осы үйдегі заттарды көріп, ол халықтың оқу-өнерін қандай дәрежеде екенін білеміз, үлгі аламыз. Енді басқа мәдени халықтардағы сықылды біз де музей ашамыз деген үміт бар» деп жазған еді Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1917 жылы «Ұран» газетінде. Ерікті ел болуды ешкімге ұқсамас өз мәдениетіңді түгендеу деп ұққан Алаш арыстарының көрегендігінен қалай айналмассың!

 

Жанкешті жандардың мекені

Музей – осы бір тылсым әлемнің тұңғиығына бойлап, кіндігі байланып қалған жанкешті жандар қызмет ететін ерекше мекен. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін 1965-1982 жылдар аралығында бас­қар­ған Ұрқия Ершориева, 1984-2008 жыл­дары осы мекемеге жетекшілік еткен Сара Танабаева апаларымыздың сана­лы өмірі музей саласында өткен. Өлке тарихының көзі тірі шежірешісі Сара Есқайырқызын кейінгі жастар «Орал­дың­ музей апасы» деп атайды. Шын мә­ні­нде мұндай жандардың халық қазы­насын, терең тарихын түгендеуге қосқан үлесі ұшан-теңіз!

Облыс аумағындағы музейлердің тарихына көз жіберсеңіз, музей ісі кейбір әулеттің төл ісіне, игі дәстүріне айналып кеткенін көреміз. Әйгілі Орда музейін ұзақ жыл басқарып, қиыр шеттегі ауылдың мәдени ошағын бүгінгі Хан Ордасы тарихи-мәдени, архи­тектуралық-этнографиялық му­зей­-қорығы деген дәрежеге жеткізіп кет­кен Темірболат Мақымов ағамыз­дың­ өнегелі өмірі бір кітапқа жүк. Бү­гін­де музей-қорықты Ғайса Темір­бо­лат­ұлы басқарып отыр.

Қазталов ауданына қарасты Көк­те­рек деген шағын ауылдың музейін құрып, тірнектеп жәдігер жинаған Төле­ген Сейіткереев мұғалімнің ісі де аңызға бергісіз еді. Қолға алған ісіне шексіз махаббат Төлеген ағайдың ұлына қанмен, тәрбиемен жұққан. Бүгінде Жайсаң Төлегенұлы басқарып отыған Көктерек музейі де іші кірсе шыққысыз, әр бұйымы сөйлеп тұрған руханият ошағы.

Осы Қазталов ауданында жер­гілікті басшы Кәрім Өтеғұлов 2008-2012 жылдары жасақтаған Ақпәтер өлкетану музейі бар. Бұл ашық аспан астындағы техникалық музей деуге болатын ерекше орталық. Мұнда ауыл тари­хы­нан бөлек, тың игеру кезінде пай­да­ланылған 60-қа жуық техника түрі қойылған.

Музей дегенде тіл ұшына алдымен оралатын жанның бірі – «Үздік өлке­­танушы» белгісінің иегері Аман­­жол Сәлімов. Ұзақ жыл ауыл шаруа­шы­лығы саласында қызмет еткен Аман­жол­ Саясатұлы жас кезінен-ақ өлке тари­хына құмартып, көне жәдігер десе ішкен асын жерге қоятын. Өзі жинаған аса құнды бұйымдардың бір тобын ертеректе Ұлттық музей қорына ақысыз-пұлсыз сыйлаған ағамыз әуелі өзі туып-өскен Базартөбе ауылында, кейін Жаңақала ауданының орталығында тыңнан музей ашты. Дәл қазір Теректі ауданының орталығында жаңа музей­ құрып жатыр. Ол жақында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің бір филиалы ретінде ашылып, қызметке кіріспек.

Жеке адамның еңбегі дегенде Ақжайық ауданына қарасты шағын ғана Атамекен ауылында «Жерұйық» атты шағын музей ашып, жергілікті мектеп оқушыларына рухани-пат­риот­тық­ тәрбие беріп отырған Жәнібек Әбіл­пейісовті айналып өте алмайсыз. Шыңғырлау аудандық тарихи-өлке­тану музейінің меңгерушісі Тілеген Қалиев те туған жерінің тарихын түгендеуде жарғақ құлағы жас­тыққа тимей жүрген жанның бірі. Ал 2020 жылы Қаратөбе ауданының орталығында өз қаржысымен Алаш және өлкетанушы, ақын-журналист Қайыр­жан Хасановтың тарихи-өлке­тану музейін ашқан ағайынды Хаса­нов­тар­дың еңбегі де айта қалардай ерлік еді. Музей ісі – жанкешті жандардың тағ­дыры дегенде осындай тұлғалар алдымен ойға оралады.

 

Көне мұражай көмек сұрайды

Ақ Жайық өлкесінің барлық ауданында 18 филиалы бар Батыс Қазақ­стан облыстық тарихи-өлкетану музейі – өңірдің арғы-бергі тарихын түгел «жырлап беретін» аса үлкен мәдени кешен. Музейді он жылға таяу уақыт бас­қа­рып келе жатқан Мирболат Ерсаев­ты да осы саланың майталманы, өз ісіне жан-тәнімен берілген азамат дер едік.

– Бүгінде Батыс Қазақстан облы­сы музейінің қорында 117 374 жә­ді­­­гер бар. Жалпы, облыстық музейлер бойынша жәдігер саны – 211 421-ге жетеді. Орталық музей отыр­ған ғимаратымыздың көлемі – 839,3 шаршы метр. Осы жерде 8 залда түрлі тақырыпқа экспозициялық көр­мелер жабдықтап, көрермен наза­ры­на ұсынамыз, – дейді Мирболат Би­жан­ұлы.

Айта кетейік, музейде археоло­гия, ортағасырлық Алтын Орда кезеңі және Жайық қалашығының пайда болуы, Кіші жүз тарихы, Бөкей Ордасы дәуірі, Кеңестік дәуір кезеңі, Батыс Қазақстан облы­сының білім мен ғылым, өнер мен мәдениет салаларының даму тари­хы, этнография, Қазақстан Респуб­ликасының тәуелсіздік тарихы се­кіл­ді залдар бар. Бұл залдардың қай-қай­сысы да қайталанбас құнды жәді­герлермен көз тартады. Әсіресе көне сармат-савромат дәуіріне қатыс­ты­ бұйымдар, әйгілі Тақсай ханшайымы, ортағасырлық Жайық қала­шы­ғы­нан табылған жәдігерлер, Қазақ хан­ды­ғының құрылуы мен қазақ халқы­ның қалыптасу тарихы, қазақ тари­хын­дағы соңғы хандық құрылым – Бөкей Ордасы кезеңі келушілердің ас­қан қызығушылықпен қарайтын та­қырыбы. Сондай-ақ Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығай­ұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Ора­за­лыұлы, т.б. өнер тарландары,­ Сырым Датұлы және Исатай-Махам­бет­ бастаған қазақ халқының ұлт-азат­тық­ күресі, Алаш қозғалысы, кеңес дәуі­рінде осы өлкеден шыққан айтулы тұлғалар хақындағы әрбір дерек, әрбір жәдігер де ерекше қымбат.

Статистикалық деректерге қарасақ, музейге келушілер саны 2001 жылы 76 мың­ адам болыпты. Кейін жыл сайын тө­мендеп, 2008 жылы 31 342 адамға тү­сіп қалған. Алайда сол жылдан бас­­тап қайта көтеріліп, келуші саны көбейе бастаған. Бұл музей жұмысын қайта құрып, заманауи технологиямен жабдықтау, жаңаша ұйымдастырудың арқасында болғаны анық.

Әйткенмен, орталық музей отыр­ған орын ХІХ ғасырда салынған көне ғима­рат екенін айттық. Музей қорында сақ­таулы 100 мыңнан аса жәдігерді толық көрсетуге мүмкіндік жоқ. Соны­мен қатар музей ғимараты көп­тен жөндеу көрмегендіктен тозы­ғы­ жетіп, төбесінен су кетіп тұр. Орал­дың орталық көшесінің бойында тұр­ған­дықтан, даңғыл бойлап өткен ауыр көліктердің салмағынан музей ғима­ра­ты­ дірілдеп, орнынан қозғалып кете жаз­дайды. Музейге үлгі жобадағы арнайы орын қажеттігі талайдан бері айты­лып келеді. Тым болмаса қазіргі ғима­ратқа күрделі жөндеу жасау қажет-ақ.

 

Музей көптік етпейді

Сонымен музей мәдениеті – мем­ле­­кеттің іргетасын бекітіп, тарихи тереңдігін танытатын маңызды сала екенін түсіндік. Тұлғаның бойында музей мәдениетін қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталады. Алғашында мектепте ашылып, кейін өз алдына үлкен мұражайға айналып кеткен мысалдар да жетерлік. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында мектеп музейлерінің қозғалысы жақсы дамы­ған. Бұлардың ішін­де Қазталов ауда­ны Қошанкөл ауылы Ғали Бегалиев атындағы орта мектептің тарихи-өлкетану музейі, Жәнібек ауданы орталығындағы №1 мектеп мұражайы, Ақжайық ауда­ны Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектеп музейі, Орал қала­сы­на қарасты Круглоозерный орта мек­те­бінің мұражайы, Ақжайық ауданы­ Ата­ме­кен ауылындағы Жерұйық музейі се­кіл­ді атағы алысқа кеткен нысандар аз емес.

Көпшілік көп назар аудармайтын­ ве­домс­тволық, салалық музейлер де­ өлке­ тарихын түгендеу ісіне үл­кен үлес қо­­сып жүр. Мысалы, Орал­ қаласында те­міржол тарихы­ му­зейі, оба ауру­ла­рымен күрес меке­ме­сінің, өрт сөн­ді­ру мекемесінің, облыс­тық­ полиция департаментінің өз мұра­жайы бар екенін білеміз. 2017 жы­лы 100 жыл­дығы ­қарсаңында «Жа­йық Пресс» медиа­холдингінің жаны­нан ақпарат музейі ашылған бола­тын. «DANA» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы­ның басшысы Жантас Сафуллин Орал қаласында Ұлттық баспасөз тари­хы музейін ашу жөнінде бас­тама кө­теріп, тиісті орындарға бірнеше мәр­те ұсыныс хат жолдаған еді. «Бұған толық негіз бар. 1911 жылы­ Батыс Қазақстан облысында,­ Орал қаласында «Қазақстан» атты газет басылып, 1913 жылға дейін шығып тұрды. Бұл басылым – қазақ зиялыларының өздері бас қосып, ұйымдасып шығарған, барын­ша жү­йе­лі шығып, қазіргі қазақ жерінің бар­­лық­ аумағына тараған тұңғыш га­зет бола­тын», дейді Жантас На­биол­лаұлы.

Айтпақшы, осыдан біраз жыл бұрын Қазта­лов ауданындағы Қошанкөл ауы­лында «Сәйгүлік» атты музей ашыл­ғаны хабарланды. Қошанкөл орта мектебінің мұғалімі Гүлназ Айтқа­лиева­ның ұйымдастыруымен, ауыл кәсіп­кері Меңдіхан Қалықұлы сынды аза­маттардың қолдауымен ашылған музейде тек қана жылқыға қатысты жәдігерлер қойылған. Осынау керемет идея кейіннен тұрақты демеуші болмауы салдарынан сәл тоқырап қалғандай.

Қазақстанның жалпыұлттық қа­сиет­ті нысандары тізіміне кірген Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты ба­сында былтыр Дін тарихы музейі ашыл­ған еді. «Дәдем ата» қоғамдық қоры және белсенді азаматтар күшімен жасақ­талған бұл музейде репрессияға ұшы­раған дін қайраткерлері туралы көр­ме ашылды. Бұл да бір ерекше, қол­дар­лық бастама!

Жалпы, музей жұмысын тірілтетін – оған бас тіреп келетін көрермен халық екені сөзсіз. Сондықтан елеулі тарихи орынға байланысты болмаса, музей негізінен халық саны көп елді мекендерде ашылады. Дегенмен, музейге жан бітіретін – жанкешті музейші, өз ісін сүйетін маман екені сөзсіз.

 

P.S. Осы мақала газетке басылып жатқанда Батыс Қазақстан облыс­тық­ тарихи-өлкетану музейінің бас­шысы Мирболат Ерсаев сүйінші ха­бар жеткізді: облыстық музей ғи­ма­ра­тын күрделі жөндеуге қаржы бөлі­нетін болыпты.

 

Батыс Қазақстан облысы