Жаңа Қазақстанның шын мәнінде әділетті елге айналуы үшін қоғам сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан барынша тазаруға тиіс. Халықтың әл-ауқаты тұрмақ, мемлекеттігіміздің өзіне қатер төндіретін бұл заңсыздықтың жолын кеспей, Президент бастамасымен қолға алынған әділетті қоғам құру мүмкін емес.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл бағытта тегеурінді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған соңғы күндері болған жаңалықтар арқылы көз жеткізуге болады. Агенттік осы аптада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Астана қаласы бойынша мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалардан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді. Қылмыстық топтың 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді жасамай-ақ шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркегені белгілі болған. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді. Жалпы саны 30 адамға қылмыс жасады деп айып тағылып отыр. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша №2 Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Осы орын алған жағдайларға байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады.
Ежелгі скиф ойшылы Анахарис айтқан «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: кішкентай жәндіктер тұтылады да, ірілері бұзып-жарып шығады» деген заман қазір өтіп барады. Жаңа Қазақстанда мұндай заңға орын жоқ. Бұдан былай сыбайлас жемқорлық жасау қылмыстары бойынша тек майда шабақтар емес, үлкен «ойыншылар» да лайықты жазасын алатын болады. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлыққа «қамқорлық» болмайды.
Соның бір дәлелі – 10 мамырда антикор «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы А.Мырзахметовті ұстады. Оған алаяқтық және кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермеледі деген айып тағылып отыр. Қазір күдікті Астана қаласы ПД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізіліп, оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріліп жатыр.
«Ал кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваның ұсталғанын мәлімдеді. «Сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаймыз. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат таратуға жатпайды», деп хабарлады Антикор.
Әлия Қожабаева 1977 жылы Көкшетауда дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін, «Фемида» Қарағанды заң академиясын, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы бастаған ол соңғы қызметті 2020 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді. Оған дейін Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы, Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп, Қоғамдық даму және Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармалары бастығының орынбасары сынды лауазымды қызметтерді атқарған.
Еске сала кетсек, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны сот үкімімен нақты белгіленгенге дейін адам кінәсіз деп есептеледі. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың кез келген фактілері туралы Антикоррупциялық қызметке және Call-орталыққа 1424 нөмірі бойынша хабарласуға болатынын еске саламыз.