«Абай деген жақсы шығыпты». Бұл Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан. Хакім Абай жақсы туралы:
«Бай сейілді,
Бір пейілді
Елде жақсы қалмады», деген. Жақсының өлшемі – пейіл. Ол ниетке қатысты жағдай. Жақсының пейілі, ниеті таза болуы – басты талап. Пейілі тар адам қалайша жақсы атанбақ? Жақсы адам бай, бірақ оның пейілі кең болуы – табиғи үйлесім. Халық осындай адамды «жақсы» деген.
Осы өлеңде Абай жақсының тағы бір қырын ашқан.
«Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі», дейді.
Жақсы – іргелі азамат болуы керек. Іргелі деген сенімді, іс адамы деген мағына береді. Іргелі адамға сүйенуге, оған ел ісін тапсыруға болады. Ал Абай айтқандай:
«Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі болса, ол қандай іргелік? Өз елін өзі аңдып, пәле салғыштан не қайыр? Өз елін аңду – антұрғандық». Ондайлар Абай заманында да болған, қазір де аз емес.
Абай жақсы атанған. Жақсы болу қиын. Жақсы адам әманда жар жағалап жүреді. Оның тағдыры – ел тағдыры.
Бұл – жақсының өлшемі. Абай сондай өлшемді өзіне мақсат, өмірінің мәні етіп алған, сондықтан жақсы атанған.
* * *
Әр адамда өз табиғатынан қабілеті және қасиеті болады.
Қабілетке: ақыл мен ойлаудың баршама тәсілі жатады.
Қасиет парасат пен оның ізгілік және игілік туралы ойларымен анықталады. Парасаттың «технологиясы», құрылымы хакім Абай айтқан үш нәрсе: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат.
Ізгіліктің құрылымы: ұят, ар, намыс.
Игілік – ұрпақ қамы. Сонда кәміл адам дегеніміз – ізгілік пен игілік жолындағы адам.
Хакім Абай адам туралы, оның табиғаты, болмысы және дүниеге көзқарасы туралы Отыз сегізінші қарасөзінде мынадай үш тұжырым жасап еді. Адам өзінің адамдығын бұзып алмауы үшін үш жағдайда білмек керек.
Бірінші – Алланы танымақтық.
Екінші – өзін танымақтық.
Үшінші – дүниені танымақтық.
Абай жақсы адам болудың мынадай жағдайларын атап көрсеткен: Тән саулығы (туысы, қазіргі тілмен айтқанда – тегі), жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
* * *
Жақсы адам деген мәселе Шәкәрім қажыны да толғандырған. Ол 1912 жылы «Айқап» журналына хат жазады. «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын». Сондағы бес сауалы:
Алланың адамды жаратқандағы мақсаты не? Яғни Алла адамды не үшін жаратты? Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рақат-бейнет, сауап-азап бар ма? Ең жақсы адам не қылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «жақсылық жасаған адам – жақсы адам» деген. Шәкәрім айтады: «Қиянат жасамаған адам – жақсы адам». Сонда қиянат деген не? Ақиқат жолына түскен жан қиянатқа қарсы. Сол мақсатта ол нәпсісін тыйған адам. Бұл өте қатаң тәртіпті талап ететін қағида. Адамның біреуге қиянат жасамай жүруі мүмкін бе? Қиянатты кейде арнайы жасаймыз, оның аттары бар: қастандық, сатқындық, дұшпандылық, жауыздық, зұлымдық. Қиянаттың қазіргі кездегі түрі – коррупция. Бұл өте ауыр қиянат. Неге десеңіз қиянат жасайтын – қолында билігі бар адам. Қиянат жасамау үшін адамдар елден безіп, тақуа болып кетеді, оларды «дәруіштер» дейміз. Адамдардың арасында жүріп қиянат жасамай адалдық, тазалық сақтау, кірлемеу – қиынның қиыны.
* * *
Жақсы қазақ туралы әр ортада дәріс, сұхбаттар жасағанда, тыңдаушылардың бір парасы:
– Сіз жақсы қазақ дегенде «жаман қазақ» деп кімді айтасыз? – деген сауалдар қойды. Мен:
– Жақсы қазақ – дара ұғым. Қазақтың жаманы жоқ, наданы болуы ықтимал, себебі Алла Тағала жаман адам жаратпайды, – дедім.
Ескіше ойлауға дағдыланған ағайын үнемі қайшылықтар іздейді. Жақсы мен жаман, оң мен теріс, еркек пен әйел, минус пен плюс, дифференциал мен интеграл, т.б. Әлемде қайшылық жоқ, қарама-қарсы күштер де жоқ, жоғарыда аталғанда бір нәрсенің екі жағы. Бір нәрсенің екі жағын қарама-қарсы күштер, үрдістер, феномендер деп қарауға болмайды. Диалектикамен әуестенушілер қарама-қарсы күштердің қайшылығынан даму дегенді ойлап тапқан. Олардың айтуынша, дүниедегі өзгерістер өздігінен болады. Олар әлем, дүние, болмыс, тағдыр дегендер Алла Тағаланың құдіреті дегенді мойындамайды.
Мұсылман дүниетанымында Алла бір, оған қарсы теңдес ешнәрсе жоқ. Бұл – Құран Кәрімнің барлық сүресінде, аятында әлденеше рет қайталанып айтылған монистік түсінік.
Жақсы қазақтың мәні – оның жақсылығында. Ал қазақ қандай жағдайларда жақсы атанбақ? Ол үшін әлем елдеріндегі ғұмыр кешкен ғұламаларды, яғни жақсы адамдарды атап өтелік:
Конфуций (551 б.з.д. - 479 б.з.д.). Бұл кісі жақсы адам туралы көп айтқан. Қытайда бір миллиард 300 миллион халық бар. Соның 300 миллионы айтпаса да, көпшілігі «Конфуций жақсы адам» дейді. Сонда ол кісі нені айтқан. Не үшін жақсы адам атанған? Бұл кісінің жақсы адам атанғаны – оның ұстаз болғаны. Қорқыт Ата (X-XI ғ.). Деде Қорқыт дейміз. Деде Қорқытты неге жақсы адам дейміз? Ол кісі мәңгілік өмір туралы айтқан. Адам дүниеге келгесін ол мәңгілік бола ма, болмай ма деген сауал қойып, терең ой топырағын кезген. Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) – жақсы адам ба, жаман адам ба? Бұл кісі мистика туралы айтқан. Ол – Жаратушы дидарына ғашық болған әулие. Әл-Фараби (870-950). Әл-Фарабиді не үшін жақсы адам деп тұрмыз? Ол – ғалым, ғылым фәлсапасын негіздеген ғұлама. Жүсіп Баласағұн (1017-1070). Ол кісінің айтқаны – құт туралы. Билік фәлсапасы туралы «Құт білігі» деген еңбек жазған. Махатма Ганди (1869-1948). Махатма Гандидің жақсы адам болғаны – зорлық жасамау фәлсапасы. Альберт Швейцер (1875-1965) – Нобель сыйлығының лауреаты. Ол кісі кінә деген мәселені күн тәртібіне қойған. Мысалы, еуропалықтардың Азия, Африкаға жасаған зорлығын кінә деп айтқан. Кінә – фәлсапасы жайлы айтсам, осы ғұлама бірден ойға оралады. Нельсон Манделла (1918-2013) дегенде – кешірім фәлсапасы туралы айтамын. Альберт Эйнштейн (1879-1955) – ғаламның салыстырмалылығы.Бұл есімдері аталған тұлғалар – жақсы адамдар. Айталық, Альберт Швейцер діні католик болғанымен, адамзаттың ортақ мүддесіне қызмет еткен. «Мен Африкаға барып дәрігер боламын. Бүкіл Еуропаның Азия, Африка халықтарына жасаған қысымшылығы, тонаушылығы, басқыншылығы үшін кінәлімін. Еуропа халқы кінәлі болуы керек», деген осы кісі.
Бұл шешімге ата-анасы, жора-жолдастары қарсы болады, бірақ жасының ұлғайғанына қарамастан, медицина факультетіне түсіп, дәрігер куәлігін алып, Африкадағы Габон деген мемлекеттің бір өңірінде аурухана ашып, жергілікті халықты емдей бастайды. Ақыры сол жерде қайтыс болып, әйелі екеуінің зираты сол Габон елінде, өзі ашқан аурухана маңына жерленген. Ол – Нобель сыйлығының лауреаты. Қаражатын аурухана ісіне жұмсаған. Міне, жақсы адамның іс-қарекеті.
Нельсон Мандела туралы айтсақ, ол да Нобель сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Африка Республикасының президенті. Ол 20 жыл тұтқында отырғанда, өзін қорлап, азаптаған түрме қызметкерлерін кешіріп, олармен жұртшылық көзінше кофе ішіп отырған. Бұл – кек сақтамаудың үздік үлгісі. Сондықтан да ол – жақсы адам.
Жақсы қазақ осы жоғарыда аты аталған есімдерді, олардың өмірі мен іс-қарекеттерін білуі керек. Себебі бұлар – жақсы адам кім дегендегі айтылатын үлгілі тұлғалар.
* * *
Халқымыздың жақсы қазақтары кімдер? Жақсы болудың шарттары және мәністері бар. Қазақтардың арасында қандай жақсы қазақтар бар деген сауал туындайды. Әрине, қазақтың тарихында, мәдениетінде жақсы қазақтар көп болды, қазір де бар, бірақ үлгі ретінде тоғыз тұлғаны алдым.
Асан қайғы (XIV ғ. – XV ғ.) – Қазақ хандығының ұраншысы, «Жерұйық идеясының» авторы, ойшыл. Шоқан Уәлиханов (1835-1865). Шын есімі – Мұхаммед Қанафия. Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен Шоқан атанып кеткен. 30 жыл өмір сүріп, мұраға 5 томдық кітап қалдырған. Әлкей Марғұланның айтуынша, оның әлі де жарық көрмеген шығармалары бар. Ұстаз Ыбырай (1841-1889) – қайраткер. Абай – хакім, ақын, ойшыл (1845-1904). Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, ойшыл. Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) – ақын, ойшыл. Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) – ұлт көсемі. Мұхтар Әуезов (1897-1961) – қайраткер, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы. Қаныш Сәтбаев (1899-1964). Геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы, тұңғыш президенті, ғылымда металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик.Жақсы қазақ осы тұлғалармен ғана шектеле ме деген сөз болмауы керек. Бұл тұлғалар үлгі ретінде алынған. Бірақ қазақтың тарихында, мәдениетінде жақсы қазақтар көп болған. Қазір де бар, келешекте де болатыны сөзсіз. Мысалы, түрлі қызмет саласында оқу-ағарту, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығында, т.б. жұмыс атқарып жүрген адамдарды жақсы қазақ демеуге қандай уәж бар. Хакім Абай қожа, сопыларға қатысты «ертең сұрау болғанда, сен сопы болдың, сен молда болдың, сен қажы болдың дегенді сұрайды, сен қажы атану үшін қандай қарекет жасадың, сопы болу үшін ше, жауап бер» дейді екен. Сонда жауап сұралмайтын бір ғана адамдардың парасы болады, ол – кәміл мұсылмандар. Кәміл мұсылмандар – еңбек еткен, ұрпақ өсірген, еңбекпен күн көрген, адал өмір сүріп жатқандар. Оны Абай «кәміл мұсылмандар» дейді. Мен де «кәміл қазақтар» бар екендігін айтқым келеді. Отбасы, балалары бар, адал еңбегінің жемісін көрген адамдар бар, олар – жақсы қазақтар. Тізімдегі адамдарды ғана жақсы қазақтар деп айтуға болмайды. Бұл көрсетілген адамдардың ісі – қазіргі жақсы қазақтарға үлгі-өнеге. Мысалы, Алаш азаматтары елдің бостандығы үшін жандарын қиып, түрлі азапқа түсіп, атылып кетті. Менің ойыммен келіспеушілер болуы мүмкін, бірақ кісі өлтірген адамдарды мен жақсы қазақтар қатарына қоса алмаймын. Менің сөздерім утопиялық сарында болуы да ықтимал, менің жақсы қазақ деген тұжырымымда үлгілік жағы басым. Үлгілікке ынталы болу – мұсылмандық. Құран Кәрімде Алла Тағала бізді жер бетіне ізгілік жасау үшін, жақсы іс жасау үшін, жақсылық үшін жіберді. Біздің жер бетіне келгендегі миссиямыз – қирату, өртеу емес, өзіміз сияқты адамдарды басып-жаныштау, таптау емес, соларға қызмет ету. Менің ұстанымым – Құранның ұстанымы, мұсылмандардың ұстанымы. Шәкәрім «Үш анық» еңбегінде: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – осы мұсылмандық жолы сияқты», деп ойын қорытындылайды.
* * *
Іргелі ел болу үшін аса қажетті феномен – Жақсы қазақ идеясы. Бұл идеяның жеті бағыт, жеті өлшемі бар, олар мыналар:
Жақсы қазақ – бай-ауқатты қазақ Жақсы қазақ – іскер қазақ Жақсы қазақ – өсімі бар, дәстүрге бай қазақ Жақсы қазақ – ұрпағының сабақтастығы жалғасып жатқан қазақ Жақсы қазақ – құндылық деп қазақ қызын құрметтейтін қазақ Жақсы қазақ – жаңаша және инновациялық ойлайтын қазақ Жақсы қазақ – ел имиджі. Жақсы қазақ атану – дәреже.Қазақ бай-ауқатты болмаса, өзге жұрттың бай-ауқатты адамдары қазақтарды өздерінің қызметтеріне салып қояды. Анығына келсек, қазіргі кезде кейбір шетелдің өндіріс орындарында қазақтар екінші орындағы қызметкер ретінде жалақы алып, өмір сүріп жатыр. Тәуелсіздік жағдайында осындай жағдайларға көнуге бола ма?
Адам капиталы – сапа. Байлық та – сапа. Ауқаттылық – әр адамның, отбасының өзінің күнкөрісіне жеткілікті қаржысы болуы. Ауқаттылық – орта дәрежедегі күнкөріс қамы. Орта кәсіпкерліктің үш өлшемі бар, олар:
Білімді болуы. Ауқатты адамның жоқ дегенде орта білімі болуы шарт. Әрі қарай білім деңгейлерін жоғарылата берсе, құба-құп. Ауқатты адамның өмір сүруге қажетті барлық шығыны толығымен шешілген болуы керек. Өзін ауқаттымын деп сезінуі.
* * *
Байлық аспаннан түспейді. Ол адам сапасына қатысты. Бізге керегі іскер, креативті қазақ.
Іскер қазақ – уақытын жоғалтпайтын, құрметтейтін адам. Жақсы қазақтың ұйқысы – жеті сағат. Қалған уақыт – ізденіс. Уақытты меңгерген адам – іскер адам. Айталық, Наурыз айынан кейін жарық та, жылу да мол. Соны қалай пайдаланамыз? Адамдар жазда дем алмақшы. Ол қалай? Тегін жарық пен жылуды кім пайдаланбақ? Жазда демалу – іскерлікке бөгет. Уақытты бос өткізген адам – надан адам. Ондай адамдардан бай да, ауқатты да шықпайды. Уақыт – байлық.
Еврей халқы уақытты меңгерген, сондықтан ол халықта сапа бар. Бүкіл әлем байлығының 30%-ы еврей халқының үлесінде.
Уақытын жоғалтқан адам – өзін жоғалтқан жан.
* * *
Мен Жақсы қазақ идеясы дегенде қазақтың үміт шамын жағушы азаматтар туралы айтпақпын.
Идея қуаты – үміт. Қазақ елі азаматының қазақ атануы. Қазақ атану мақтаныш деп сезінгендер туралы.
* * *
Жақсы қазақ төрт тілге жетік болуы – табиғи жағдай. Олар: қазақ тілі, ағылшын тілі, араб және түрік тілі. Тарихи, саяси, экономикалық жағдайларға байланысты өзге елдер тілдерін меңгерсе, құба-құп.
* * *
Жақсы қазақ – тәуелсіз азамат.
* * *
Түйін: Осы дәрісте айтылған сөздерден қандай түйін шығады десек, олар:
«Қазақтың досы – қазақ»,
«Адамның досы – адам».
Осы екі формуланы хакім Абай негіздеп берген. «Сегіз аяқ» деген өлеңінде:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос».
Бұл «Қазақтың досы – қазақ» деген формуласының негіздемесі.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңінде «Адамның досы – адам» деген формуланың негіздемесін берген.
«Махаббатымен жаратқан
адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы
жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй,
бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті».
Әділеттікті сүю – хақ жолы, осы жолда адамның досы адам болмақ.
* * *
Жақсы қазақтың тегі – түрік, діні – ислам, атамекені – қазақ жері, қазақ елі.
Түйін: Жақсы қазақ – ұлттық бағдарлама.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы