• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2023

Қайталама санкцияның қаупі қандай?

485 рет
көрсетілді

Жақында Reuters Еуро­па­лық одақтың Қа­зақ­­стан компанияларына қарсы санкция салуы ықтимал екенін хабарлады. Аталған болжам ақпарат ЕО-ның антиресейлік санк­ция­лар­дың жаңа пакетін талқы­лауына байланысты тарап отыр. Жаңа пакет Мәс­­кеумен ынты­мақ­тас­­тықтағы компания­лар­­ды ғана емес, Қытай, Иран, Өзбекстан және Қа­зақ­стан компанияларын да жанап өтуі мүмкін екен.

Қазақстанға қатысты санкция қаупі туралы мәселе соңғы екі ай көлемінде бір емес, бірнеше рет көтерілді. Соның бәрінде мұны Батыс тарапы көтерді. Сәуірдің соңын ала біздің елге келіп кеткен АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Қазақстан үшін қайталама санк­ция тәуекелінің өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Ресейдің санкциялардан жалтаруға тырысып жатқанын және өз көршісін осы жос­парда пайдаланып жатқанына дұрыстап мән беруге тиіс.

«Қазақстанға, оның компа­ния­­лары мен банктеріне қатысты тәуекел өсіп ке­леді. Біз Ресейдің санкциялардан да, экс­порт­тық бақылаудан да жалтаруға тырысып жатқанын, олардың бұл талпыныстары сәтті жүзеге асып жат­қанына көңіл аударуымыз қажет», деген еді Э.Розенберг.

Ол АҚШ үкіметі Қазақстандағы әріп­тес­­­те­рімен, жеке сектордың өкіл­де­рімен осы бар тәуекелдерді, сондай-ақ Ресей Федерациясының көмегімен санкциялар мен экспорттық бақылау іс-шараларынан жалтаруға байланысты туындауы мүмкін сал­­дарларды нақты белгілеу үшін серік­тес­тік­те екенін айтты.

Сонымен бірге еліміздің жауапты орын­дары да бірнеше мәрте осы мәселеге қа­тыс­ты заңдық ұстанымды ресми мә­лім­деді.

Бұған дейін АҚШ Сауда ми­нистр­інің көмекшісі Мэттью Ак­сель­род та АҚШ билігінің Ре­­­сей­де санкцияланған тауар­лар­­дың Қа­зақстанға жеткізу көле­мінің өсуіне қатысты алаң­дау­­шы­лы­ғы туралы айтқан бола­тын. Олар – негізінен зымырандар мен дрон­дар­ға арналған ком­по­нент­тер.

«Қазір Ресей өздерінің қару­ла­ну жүйесін модерни­зация­лау­ға қажетті компоненттер мен та­уар­­ларды алу үшін экс­порт­тық ба­қы­лау мен санкциядан жалтару іс-шара­ла­рын жүзеге асырып жатыр. Сонд­ай әрекеттің бірі – аталған тауарларды Қазақстан сияқты үшінші елдер арқылы тасымалдау. Ондай тауарларды РФ-ға Қазақ­стан аумағы арқылы жеткізу экспорттық ба­қы­лау талаптарын, сондай-ақ АҚШ заңнамасын тікелей бұзу болып саналады. Егер қақтығыс басталған кез бен қазіргі уақыт аралығын салыстырар болсақ онда мұндай тауарларды жеткізу өсімі айтарлықтай ұлғайған. Біз ең көп алаңдаушылық тудыратын тауарлардың тізімі туралы айтып отырмыз. Біз мұны ел Үкіметіне Қазақстаннан тыс жер­лерде жүрген адамдар Ресей Федера­ция­сына қатысты тыйым салынған операцияларды жүзеге асырудың түрлі жолдарын табуға тырысып жатқаны тура­лы хабарлау үшін жасаймыз. Біз компьютерлік чиптер, сон­дай-ақ ресейлік зымырандар мен дрондарға қажетті интег­рацияланған электронды жүйе­лер­де қолданылатын элементтер сияқты басым тауарларға назар аударамыз. Біз бүгін айфон, кір жуғыш машиналар туралы емес, энергиямен қамтамасыз ету үшін қолданылатын компьютерлік техниканың нақты элементтері, сондай-ақ зымырандар мен дрондардың навигациясы туралы айтып отырмыз», деді ол.

Жақында бұл мәселе Парла­мент­­те де көтерілді. Мәжіліс де­путаты Азат Перуа­шев­тың айтуын­ша, Қазақстаннан Ре­сей­ге элек­тронды тауарлар экс­порты­ның 22 есе өсуі біздің ха­­лық­ара­лық серік­тес­тері­міз­ді алаң­да­тып отыр.

«Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, мұндай секіріс «параллель импорт» және жалған транзит схемалары арқылы үшін­ші елдерден санкцияланған өнім­дер­дің жасырын кері экспортынан туындауы мүмкін, бұл кезде Еуропадан тауар, тіпті Қа­зақ­станға жетпейді және жарты жолда ресейлік компаниялар аты­нан түпкілікті тапсырыс беру­ші­лерге «қайта сатылады», де­ген еді депутат.

Ұлттық банк төрағасының орын­басары Ақылжан Баймағам­бе­тов қайталама санкциядан төнуі мүмкін қауіпке қатысты өз пі­­кі­рін былайша білдірді.

«Елімізді еуропалық және америкалық санкциялардан ай­на­лып өтетін құрал ретін­де пайда­лан­ғысы келген кезде біз бұдан құтылуға тырысамыз. Сондықтан импорт туралы айтқан кезде айыр­машылығы мен шекарасын нақтылауымыз қажет: егер тек бізде импорт көлемі артса, онда мұның бәрі Ресейге кететін параллельді импорт деген түсінік туындамауы керек. Мысалы, егер біз Ресейге экспорттау көле­міне қарасақ, онда номиналды есептеуде, керісінше 2021 жыл­мен салыстырғанда 2022 жылы жылдық өсім жоқ екенін көре­міз», дейді.

Дегенмен ол еліміздің Ресейге экс­пор­тының құрылымы біршама өзгер­генін де айтады. Мәселен, шикізаттық тауарлар экспорты әжептәуір қысқарған.

«Елімізге дайын тауарлардың им­порты артып келеді. Бірақ бұл ағын еш­қан­дай санкцияға ұшырамаған Қытай, АҚШ-тан келіп жатыр. Санк­ция­лық сауда жүрген кезде біз ондай нәрсенің алдын алуға тырысамыз. Біз сондай-ақ мем­ле­кеттік басқару тетіктерін қол­дана отырып Қазақстан аума­ғы арқылы Ресейге өтетін қос мақсаттағы тауарлардың экспортын тоқтатуға тырысамыз. Иә, қайталама санкциялар сол ел үшін де, бүкіл аймақ үшін де өте күрделі проб­лемалар тудырады деп санаймын. Себебі бұл машиналар мен жаб­дық­тар­дың импортын тоқтатады және эко­но­миканың өсуі мен өнді­ріс­тің өркендеуі жолында үлкен қиындықтар туындайды», деді Ұлттық банк өкілі.