Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі – төрт түлік. Ал жайылымдық жердің жетіспеушілігі бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған. Өйткені ауыл іргесіндегі жерлердің басым бөлігі кезінде кәсіпкерлердің иелігіне өтіп кеткен. Соның салдарынан ауылдағы ағайын азын-аулақ малын көбейтіп, барын қорадан ұзатып баға алмай отыр.
Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдархмановтың айтуынша, Мемлекет басшысының игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру тапсырмасына сәйкес аймақта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
– Аудандар және Қонаев қаласының атқарушы органдары жыл басталғалы бері жалпы ауданы 285,5 мың гектар 601 субъектінің жайылымдық алқаптары пайдаланбай жатқанын анықтады. Ерікті негізде және сот шешімі бойынша 44,0 мың га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Атап айтқанда, Балқаш ауданы – 758,0, Еңбекшіқазақ ауданы – 18,5, Жамбыл ауданы – 6093,9, Кеген ауданы – 5786,5, Іле ауданы – 12 595,9, Райымбек ауданы – 4523,57, Талғар ауданы – 10,3, Ұйғыр ауданы – 11090,6, Қонаев қаласы 3157,0 гектар аумақты кері қайтарған. Бұдан басқа, Алматы облысы прокуратурасының талап арызы бойынша сот шешімімен Жамбыл және Қарасай аудандарындағы жалпы ауданы 1931,0 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне алынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – дейді Аманжол Абдархманов.
Төрт түлік өсіруден жері шұрайлы Жамбыл ауданы Алматы облысы екіге бөлінбей тұрған кездің өзінде бірінші орында еді. Атап айтқанда, қой-ешкі мен ірі қара, жылқы санынан бірінші орында болса, түйе өсіруде ғана төртінші орынға табан тіреген.
– Мал санағы жылына екі рет өтеді. Жазғы санақ жас төлмен қоса есептеледі. Былтырғы жылы ұсақ мүйізді мал саны 1 млн 200 мыңнан асқан. Жалпы, ұсақ мал саны бойынша ауданымыз республикада үшінші орынға тұрақтайды, – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев.
Алайда мал санының көбеюі табиғатқа, флора мен фаунаға да зардабын тигізбей қоймайды. Бұрынғы ұжымшар кезінде шаруашылық орталықтандырылып, ауыспалы жайылым белгіленетін. Ал қазір жыл он екі ай бір жерде отырып, мал жаятын шаруа қожалықтары көбейген. Оған жердің жетіспеушілігі мен ары-бері көшудің қиындығы қолбайлау. Салдарынан ауыл төңірегі тозып, топырақ құнарсызданып жатыр. Сондықтан бұл мәселе аудан әкімінің есептік кездесулерінде жиі көтеріледі. Егер мал басын көбейту осы қарқынмен жүре беретін болса, алдағы бес жылдықта қой басы 2 млн-ға жетіп қалуы әбден мүмкін деген болжам бар.
– Осы жағдайға байланысты шағын бордақылау алаңын іске қосып, саннан сапаға көшу мәселесі туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Біз шаруа қожалықтарына барып «малың көбейіп кетті» деп ешкімге айта алмаймыз. Біреудің дәулетіне шектеу қоя алмаймыз. Аудан бойынша 61 елді мекен бар. Оның 54 елді мекеніне 42559 гектар ортақ жайылымдық жер белгіленген. Қазіргі күнге Қызыләскер, Еспе, Жаңақұрылыс, Ынтымақ, Шолақ Қарғалы сынды он шақты елді мекенге жайылымдық жер белгіленбей тұр. Бұл да басты мәселе, – деген әкім орынбасары ортақ жайылым мәселесі күн тәртібінде тұрғанын алға тартты.
Жалпы ауданның ауылшаруашылық жерлерінің көлемі – 1 477 484, ауыл тұрғындарының ортақ жайылымына қажет жер көлемі 159 105 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге осы қажеттіліктің 30 пайызы шешім тапқан. Жерді қайтарып алуда шаруа қожалықтарының да зардап шегетінін әңгімеге арқау еткен әкім орынбасары Ақниет Тұрысбекұлы тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар екенін, соның бірі – ауыл тұрғындарына тек сауын малын шектеп ұстау, яғни жайылымдарда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі белгіленген нормативтен аспау қажеттігін түсіндіру қажеттігін айтады. Оған себеп те жоқ емес.
– Мысалы, Жайсан ауылының іші кәдімгі мал қора сияқты болып кеткен. Төселген асфальттің беті көң болып жатыр. Өйткені ол жақта бір ауладан бір отар қой өріп шығатын үйлер бар. Бұл ауылдың санитарлық-эпидемиялық жағдайына да кері әсер етпей қоймайды. Ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруіне, тазалығы мен тұрмысына да залалын тигізеді, – деген ол сол себептен, елді мекендерде мал ұстаудың шектік нормасын белгілеу қажеттігі мәслихат депутаттарының назарына ұсынылғандығын айтты.
Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба Ақсеңгір ауылдық округінен бастау алмақ. Бұл мақсатта ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Ортақ жайылымның ең көбі осы Ақсеңгір ауылдық округінің еншісінде, 7400 гектар жері бар, соның өзі жеткіліксіз көрінеді. Ал аталған ауданда 24 ауылдық округ бар.
– Былтыр Мыңбаев ауылындағы Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ауданның асыл тұқымды қошқарларының көрмесін өткізгенбіз. Сол кезде Балтық елдерінен келген делегация мүшелерінен естігенім, территориясы кішкене ғана Эстонияда 30 мың ғана қой өсіріліп, етін экспортқа шығарады екен. Ал біздегі Мәтібұлақ ауылдық округіндегі қой саны 70 мыңға жетіп қалды. Осыған қарап аудан округінің мал саны бір мемлекеттің мал санынан екі есе көптігін білуге болады, – деген Ақниет Туматаев Айдарлы округінің қой саны 55 мыңға жуықтайтындығын, ал халық саны 1200 адамның төңірегінде екендігін мысалға келтірді.
Ортақ жайылым – ауыл малын бағуға арналған жер. Алайда бір қорадан мыңдаған мал өрсе оған ортақ жайылымның тарлық ететіні айтпаса да түсінікті. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану Жамбыл ауылында бір жүйеге келіп, проблема түйіні тарқатылған. Ауыл тұрғындарына былтыр – 280, биыл 270 гектар жер ортақ жайылым ретінде белгіленіп берілген. Бүгінде ауылдың тәжірибелі бақташысы Айтжан есімді азамат ортақ жайылым жерін өзі қорып, оған ауылдың малын жаяды. Бұл – басқа ауылдарға үлгі боларлық нәтиже. Осы жерде пайдаланбай жатқан жерді қайтару мәселесі 42 мың гектармен тоқтап қалмайтындығын сөз еткен әкім орынбасары аудан орталығына жақын ауылдардың ортақ жайылымдарын реттеуде қиындық барын айтады. Мысалы, Қарасу округінде 4 елді мекен бар болса, әр елді мекендегі ауылдық жайылымның көлемі бар-жоғы 90-100 гектардан аспайды.
Жалпы жайылымдық жерді өз мақсатында игеру дегеніміз – соған сәйкес малы болу дегенді білдіреді. Бүгінгі күнге жері бар, иесі жоқ шамамен 5 мың гектарға дейінгі жер қайтарылған. Нақтыласақ, пайдаланылмайтын жайылым жерлер учаскесі – 89, яғни 55635 гектарды құрайды. Оның ішінде жер пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу арқылы 2 жер учаскесі бойынша 446 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылған. Сондай-ақ сот талап арыз жолданған жер учаскелер саны – 16, көлемі 8536 гектарды құрайды. Сот шешімі шықса бұл жерлер де халыққа қайтарылмақ. Десе де, мың бас малдың орнына сапалы жүз бас өсіріп, мал азығының берік қорын жасаудың тиімділігі насихаттала бермек. Ауыспалы жайылым болмаған жерде мал арасында жұқпалы аурудың таралуы, жайылымның құнарсыздануы сынды мәселелердің ушыға түсетіні анық. Оны алдын алуда жайылымдық жерді белгіленген нормативтерге сай ұқыпты әрі тиімді пайдаланудың маңызы зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындауда Қарақастек ауылдық округінің тұрғындары белсенділік танытып жүр десек, асыра айтқандық емес. Биылғы ақпан-наурыз айларында Үшбұлақта 93 гектар шаруа қожалықтарының жерлері қайтарылып, заңдастырылса, Бұрған ауылындағы «Шынжырбай» өндірістік кооперативінен – 420, ал Қарақастек ауылынан 2000 гектар жер, «Сүйінбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінен алынып, әкімшілік теңгеріміне заңдастырылып жатқанын айтқан ауылдық округ әкімінің орынбасары Әлібек Жекен, мұның барлығы үлескер азаматтардың келісімімен шешім тапқандығын мәлімдеді. Сөйтіп, ауыл тұрғындары жайылымға қол жеткізген. Алайда Қарақастек ауылында табын жоқ. Ауылдық әкімдік қызметкерлері қолдағы малды келісіп, жайлауға жіберуді ұйғарып отыр. Себебі ауыл маңында бос жүрген мал қараусыз қалып, егінге немесе елдің бау-бақшасына кіріп кету жағдайлары жиілеп, шағымданатындар көбейген. Осындай реніш туындамас үшін әрі жайлауда жайылған малдың қоңды болары түсіндірілуде. Бұл істе ауыл тұрғыны Айгүл Ордабаева белсенділік танытып жүр. Бүгінде ол жерді жалға алып, мал бағуды кәсіпке айналдырған. Қой мен ірі қара басына төленетін ақша әкімшілікпен келісіліп бекітіледі. Ауылдық округіндегі мал басына шаққанда 15 мың гектар жер қажет болса, бүгінде 2500 гектар жер шешімін тапқан. Ортақ жайылымдық жерлер негізінен «Болай», «Шынжырбай», «Бұрған», «Сүйінбай», «Қарақастек» сынды ірі шаруа қожалықтарынан қайтарылған.
ТҮЙІН. Екі жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмеген жайылымдық жерлерді тұрғындарға қайтарып беруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл мәселе әсіресе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отырғандығын атаған еді. Ал бұл мәселенің Алматы облысында қаншалықты шешімін тауып отырғанын бір ауданның мысалында айттық...
Алматы облысы