Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи-мәдени құнды дүниелерді жасап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп келеді. Өркениетті елдердің даму тарихы сол елдің мұражайларының қорларында сақталып, қорғалып насихатталады. Қазақ елінің тарихы көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге толы. Бұл рухани құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тәрбие, білім көздеріне айналып отыр.
Бүгінде қазақ халқының орта ғасырлық ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өнерінің кең тараған өлкесі Отырар даласы тарих жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап келе жатқан ордалы орын. Республикада алғаш құрылған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының негізі 1967 жылы мектеп ұстазы, іскер Асантай Әлімовтың басшылығымен «Темір» орта мектебінен бастау алады. Тарихшы, өлкетанушы А.Әлімов мұражай құру, жәдігерлерді жинақтау арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, туған өлкені сүюдің, жастарды тәрбиелеудің үлкен орталығына айналдыра білді. Төл тарихымыздан көп мағлұмат беретін осынау құндылықтар жарыққа шығып, зерттеліп, зерделеніп мұражайлардан орын алып, халық игілігіне айналды. Кейіннен бұл шаңырақ еліміздегі «Таңдаулы мектеп мұражайы» атанды.
Алғашқы кезде мектеп дәлізінің бір бұрышы ағашпен қоршалып, өлкенің тарихы мен тұрмысын айқындайтын бұйымдар жинақталды. Кейіннен мұражайға мектеп ішінен арнайы бір бөлме беріліп, оған оқушылардан жасақталған «Жас өлкетанушылар клубының» көп көмегі тиді. А.Үсембай, А.Исаев, Р.Жұмабаев, Ж.Қалжанова, Г.Байғотанова, Ә.Батырбеков, т.б. оқушылардың белсенді еңбектері арқасында мұражайдың қоры молая берді. Содан болар көп ұзамай аудан орталығынан ғимарат беріліп, халықтық мұражайға айналды. Облыстық өлкетану мұражайының филиалы ретінде аудандық өлкетану, аудандық мемлекеттік өлкетану мұражайы, Қазақстанда тұңғыш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі болып құрылды. Қырық жеті жыл бұрын мектепте ұйымдасқан «Отырар эрмитажы» қазіргі таңда елімізге белгілі үлкен археологиялық орталыққа, ғылым ордасына айналды. Оқушылардың туған жердің тарихын білуге, түгендеуге деген құлшыныстарының ерекше болғаны соншалық жазғы, қысқы демалыс күндерінде басқа аудандарға барып, алыс ауылдардан экспонаттар жинай бастады. Мұражайды ұйымдастырушы ұстаздар мен оқушылар тығыз байланыста болды. Мектеп директоры Ә.Қозыбақов, ұстаздар О.Дербісов, Қ.Жанбетов, И.Шынтереков, Ә.Құлымбетов, Ә.Төлендиев мұражайдың қалыптасуына көп үлес қосты. Жасөспірімдерді қоғам игілігіне қамқор болуға баулудың мән-маңызы зор. Кеңес Одағы кезеңінде елімізде «Мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау» қоғамының съезі өтіп тұратын. Қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы жұмыстарын жаңғырта түсу, әрбір құнды жәдігерді мектеп мұражайларына жинақтау, жас өлкетанушылар мен мектеп мұражайларында еңбек ететін ұстаздарды ғылыми жұмыстарға тарту, тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын елімізде үздік жас өлкетанушылар мен мектеп мұражайлары меңгерушілерін анықтап, республикалық форум өткізіліп отырса, үлкен нәтиже берер еді. Форумның темірқазық нысанасы – жас ұрпақтың бойына Отаншылдық сезімді, ұлтты қадірлеу рухын егіп, кешегі қиын жылдары әр жаққа шашылып кеткен бабалар мұрасын жинақтауды насихаттау болуы тиіс.
Алайда, бүгінде еліміздің көптеген мектептерінде мектеп мұражайы меңгерушісінің штат бірліктері қысқартылып, ұстаздар өлкетану үйірмесінің жетекшісі болып қалды.
Ел Президенті Н.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп атаған. Сол «Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстан тарихындағы теңдессіз рухани байлықты әлемге паш етті. Еліміздің тарихында «Мәдени мұра» бағдарламасы бұдан әрі қарыштап дами бермек. Мұражай – мол білім мен тәрбиенің орталығы. Яғни, әрбір мектепте мұражай ашып, оны дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Бұл оқушылардың адамгершілік болмысын, ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын қалыптастырып, тәрбие мәселесіндегі мектеп пен отбасының рөлін жоғарылатады. Оқушылардың бос жүруін азайтып, жаман әдеттен аулақ болуына септігін тигізеді. Жақсы мұражай жағымды микроклимат қалыптастырады. Әрбір аймақтың, ауданның, ауылдың өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі, өмірбаяны, адал істері мен ерліктері ұрпаққа үлгі болатын еңбек ерлері мен ардагерлері бар.
Тәуелсіз еліміздің алтын әріппен жазылған тарихын, еліміздің әлем мойындаған керемет жетістіктерін мектеп мұражайларында жинақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап көрсете білу біздің парызымыз. Мақсат барлық мектептерде өлкетану мұражайларын ашу арқылы ел, аймақ, аудан, ауыл тарихы туралы деректер мен жәдігерлерді жинақтау. Бұл тұста еліміздің Білім және ғылым министрлігі оқушылардың Отан, өз елі, өз өлкесі туралы жинақтаған үздік ғылыми жұмыстарын, еңбектерін жинақтап, арнайы кітап етіп шығаруды, еліміздегі 30 үздік мектеп мұражайын анықтап, оларды арнайы марапаттап, мұражайлардың қалыптасуына белсенді үлес қосқан оқушыларға осы мамандық бойынша жоғары оқу орындарына тегін гранттар бөлуді, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде еліміздің Астана, Алматы қалаларына және әрбір облыстың ең үздік 2-3 мектеп мұражайына көрмеден тегін орын беріп, олардың жинақтаған жәдігерлерін әлем халықтары алдында паш етуге мүмкіндік беруді қолға алса құба-құп болар еді.
Сондай-ақ, Мәдениет министрлігі қоғамдық кеңес құрып, ардагерлерді, өнер адамдарын, ең алғашқы мұражай ұйымдастырушыларды, мұражайлардың негізін қалауда белсене қызмет еткен адамдарды шақырып, тәжірибе алмасып, пікірлесуге, ел тарихында мәңгі қалып, келер ұрпаққа өнеге болатын игі істерді насихаттау мақсатында әртүрлі тақырыпта облыстарда, аудандарда ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-тренингтер өткізу, осы мақсаттарды орындау үшін мектеп мұражайларына, үкіметтік емес ұйымдарға арнайы гранттар тағайындап, қаржы бөлсе, бұл іс жандана түсер еді.
Елбасы Н.Назарбаев: «Мәңгілік Ел» – біздің қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан-2050» «Мәңгілік Елге» бастайтын ең мәртебелі, ең абыройлы жол. Осы жолдан айнымайық. Әр күніміз мерекелі, әр ісіміз берекелі болсын» деген болатын. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат еттік. Осы идеяны әрқайсысымыз сезініп, өмірлік сабақ ретінде түйсек, осы жолда бар әлеуетімізді салсақ, «Мәңгілік Ел» болатынымыз анық. Жастар біздің мақтанышымыз, біздің тірлік-тынысымыз, біздің үмітіміз, біздің болашағымыз. Олардың бізден мұра етіп алған Отанға деген ұлы жауапкершілік эстафетасын келер ұрпаққа абыроймен жалғастыратыны сөзсіз.
Артықбай ҮСЕМБАЙ,
Отырар ауданындағы
Темір ауылы округінің әкімі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретте: Асантай ӘЛІМОВ пен атақты ғалым Ақжан МАШАНОВ. 1972 жыл.