Аңқасы кепкен, көне арбадай арса-арсасы шыққан, тұрмысы жүдеу, өң бойынан енжарлық пен еріншектіктің иісі бұрқыраған сұрықсыз ауылдың шеткерегіндігі мыжырайған мосқал үйдің алдында күрсінгенде аузынан жалын атып, өзегіне өрт, көкірегіне дерт тұнған, белі бүкірейген бәкене бойлы бейбақ отыр. Сорлы бейбақтың таңның атысынан күннің батысына дейін Алласынан жалбарынып сұрайтын бір ғана тілегі бар. «Е, Алла, өзімді алсаң ал, пейілімді ала көрме» деген кеңқолтық қазақтың бір қызы еді. Ес жиғалы баршылықтың базарында не ішемін, не киемін демей тоқшылықтың тайқазанында толықсып өсті. Бір еркектің етегінен ұстаған соң да жоқшылық деген жамандығың маңына жоламапты. Шалы байғұс табыскер еді ғой, жоқтан бар жасаудың майталманы болатын. Құдайға тәубе, жұрт қатарлы өмір сүрді, ішкені алдында, ішпегені артында шаттықты-шадыманды, шулы-думанды ғұмыр шіркін диірменнің тасындай шыр айналып өте шықты. Диірменге түскен бидайдай тағдыр да ұнтақталады деп кім ойлаған?
Енді міне, Алладан ақ ажал тілеп отырысы мынау. Кімнің шыбын жанын қиғысы, асыл денесін қара топыраққа жапқысы бар? Алайда, Ақбілек әже тағдырына баяғыда мойынсынған. Оны мойынсындырған, можытқан, мыжырайтқан, мүжіген нендей жағдай?
– Ақ әже, несіне шалыңыздың соңынан кетуге асыға бересіз? Базарлы өміріңіз әлі де алда. Шырағыңыз түгел сөнгендей, түңіле беретініңіз несі осы?–дейді ерке келіндерінің бірі Шолпан.
«Шырағыңыз» дейді-ау. Ақбілек әжені шерлі шұңқырға, қайғылы қапасқа мезгілінен бұрын сүңгіткен сол «шырақтары» емес пе?
Енді есіне түсіп отыр, ол кезде Мұхит марқұм тірі болатын. Қым-қуат қызметінен қолы бір сәт босап, үйде тынығып жатқан. Барлық балалары үйде. Қара қазан тоқшылықтан тынымсыз хабар таратып бүлк-бүлк қайнайды. Ақбілек үйді жинастырып жүріп-ақ бәріне үлгереді. Шаштары жалт-жалт еткен екі қызы өздерінше қолғабыс жасауда. Балалардың бірі есік алдындағы сәкі айналасына су себелеуде. Енді бірі қолына күрек ұстап, ағаштардың түбін қопсытуда. Береке-құт, бақыт-құстың басы айналып осы үйді төңіректеп ұшып жүргендей.
Ет желініп дастарқанға бата-тілек айтыларда Мұхит қолын жайып:
– Шырақтарым, алдарыңда әлі талай асу бермес қия-құз бар, солардан сүрінбей өткізетін жалғыз күш ол – ынтымақ. Ынтымақ жүрген жерде ырыс та, береке да бар. Бір-біріңді жаттай сыйлаңдар. Міне, сендерге берер батам осы,– деген.
Тегінде, Мұхит құдайсыздар қатарында болатын. Лениндік ұлт саясатына, кемелденген коммунизмге көз жұмып сеніп, тәспі аударған, жасырынып құран оқығандарға қырын қарайтын. Жетпіс жылдық идеологияның жемісін жүрегінен жұлып тастау оңай ма? Дәмнен соң аруақтарға арнап бет сипамаса да балаларына арнап өсиет айтып отыр. Тегі, Жаратқан иеміз күнәһар пендесінің білмей істеген кінәларын кешіреді деседі ғой. Мұхиттың да бір білместігін кешіріп, осы сөзді әдейі аузына салған шығар-ау.
«Шырақтарым» деді-ау сонда. Шырақтың да майы таусылса өлімсіреп қана сұмырай сәуле шашатынын сол кезде ойлап жатты ғой деймісің. Иә, шамның жарқырауына құты түбіндегі май ауадай қажет. Сол сияқты балалардың барқадарлы бақыты, ынтымағы мен татулығы, өзара сыйластығы үшін ата-ана жүрегінен бөлінген жылу, түзу тәрбие керек. Құдайым-ау, соқталдай төрт ұл мен екі қыз жөн-жоба, тәлімді тәрбие көрмей өсті деп кім айта алар? Асқар таудай әкенің қызметі, тіпті, жүрген-тұрғанының өзі тәрбие емес пе еді? «Ананы үйт, мынаны бүйт» деп күнделікті төбесіне тоқпақтап отыратын тоғышар, топас баладан толыққанды азамат жасап шығару данышпанның да қолынан келмес. Бала бәрін де өзі біліп жүрегіне тоқымас па? Әйтпесе, осы алтаудың тәрбиесі жақсы болсын деп әке шіркін не істемеді? Үйіне үнемі сал-серілерді, шешендер мен көсемдерді ертіп келетін. «Осыларға қарап бой түзесін, үйренсін», дегендік еді мұнысы. Үйге кітаптарды, газет-журналдарды да үйіп-төгіп тасиды. Үйіне қадірлі қонақ келсе, балаларды бөлектемей, жанына отырғызады. «Ұлағатты сөзінен, жүріс-тұрысынан сабақ алсын, үлкен кісілерге еліктеп өссін» деген тілеуқор пейілі еді бұл. Сөйткен шырақтарының жарығы түбіне түспей жүрек жаншытып жатқаны мынау.
Ақбілек әже биыл сәтін салса сексеннің сеңгіріне шыққанын абысын-ажын ішінде дүркіретіп бір тойлаймын деп ойлайтын. Осыған дейін ол тіршілік базарында еркін жүзген көп еркенің бірі-тұғын. Өмірінің үстінде күлімсіреп тұрған күншуақ, ажарлы ашық аспан бар-ды. Сол ашық аспанның үстіне сұрғылт бұлт ойнап шыға келіп, төбесінде найзағай күркірейді деген түсіне де кірмепті. Мұзарттай болып отырған Мұхит аяқ астынан мұрттай ұшты да, көзді ашып-жұмғанша ата-бабалары кеткен ауылға аттанып жүре берді. Әрине, Мұхиты құзғын емес, екі жүз жыл жасайтын. Ерте ме, кеш пе Алла алдындағы аманатын тапсыратынына күмәні жоқ-ты. Бірақ, Ақбілектің жанын жегідей жеген жайт мүлдем басқа мәселе еді.
Мұхиты қалай мәңгілік мекеніне аттанды, солай төрт перзенті өзін төрт жақтан тыпыр еткізбей аш бөрідей талауға кірісті. Әке қадірінің топырағы кеппей жатып, баяғыда еншілерін алып кеткен төрт ұл дүние-мүлікке таласты бастап кетті. «Ананы мен аламын, мынаны мен аламын» деген дүние бөліс соңы үлкен дау-дамайға ұласты. Бір ұядан түлеп ұшқан балапан-қаздар бір-бірімен ата жаудай өшікті. Бірін-бірі атуға оқтары жоқ. Табыла қалса, мына көзқамандар бірін-бірі қасіретке қиып жіберуден де тайынбайтын тәрізді. «Мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде», деп атам қазақ текке айтпайды екен-ау. «Шырағым» деп емініп келгендері шұбар ала жылан болып шықты. Мұншама дүниеқоңыз болар ма? Ұлды ұл делік, ал ана өрісі бөлек, жат жұрттық жалмауыздарға не жорық? «Әкеміздің бізге де берешегі бар» деп дүйім жұрттың көзінше Ақбілекті жерге қаратты. Соншалықты әкелеріне не өткізіп қойыпты? Бар кінәсі тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай оқытып, мәпелеп өсіргені ме? Ұзатылған жерлеріне де үлде мен бүлдеге орап шығарып салған жоқ па? Ендеше, шиден тысқары шыққан қыздарының мұнысы несі? Ой, күйдіргілер-ай, күйдіріп бітті. Ақбілектің өз қолын өзі кесе алмай пұшайман күй кешкен сәті еді бұл.
Дүркіреген Кеңес үкіметі күйреп, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен бір аласапыран замандарда Мұхит та жер таянып отырып қалған жоқ, көппен ілесіп көшке ілесті. Әуелі азық-түлік дүкенін ашып еді, бара-бара саудасы жүріп, тойхана салды. Сол, сол-ақ екен, дүние дөңгеленіп бірінің үстіне бірі жамала берді. Жұрт жапатармағай екі қабатты үй сала бастағанда ол жертөлесінің өзі үлкен тұрақжай болатын үш қабатты сарай салуға кірісіп кетті. Шертіп жүріп шетелдік көліктер алып, шайқалтып мінді. Мұны көргендер: «Е, бұрыннан қомақты қоры бар Мұхит байымағанда, кім байымақ?» десті. Бұрынғыдай бір кеңшардың директоры болмай-ақ, дәулетті дәурен сүруге болатынына көзі жетті. Екі қызын құтты жерлеріне қондырды. Төрт ұлдың кенжесі өзімен бірге қалды да, үшеуіне даңғырлатып үй салып берді. Дипломдарын қолдарына алғанша қарайласқаны былай тұрсын, қызметке жайғасуларына дейін қол ұшын созды.
Түтіні бөлек үш ұл мен босағасы бөтен екі қыздың енді қарашаңырақтан дәметер ештеңесі жоқ еді. Бірақ, ібіліс ілестіріп, шайтан шақырса пенде деген лезде тура жолдан жаңылысады екен. Мұхиттан қалған мал-мұраны мігірсіз бөлуге келгенде бір құрсақтан шыққандардың мүдде-мақсаттары бір арнадан табылмай-ақ қойған. Осы даудың соңы долы дауылға айналып, ағайындылар арбасып, бірін-бірі сотқа сүйрелеген. Дүниеқоңыздықтың, дүлей дерттің асқынғаны соншалық, балалар көз алдында жыртқыштарға айналып бара жатты. Ажарынан әр тайып, әжімдері тереңдеген, білектері құсеттеніп, жүріп-тұруы мұңға айналған сексендегі селкілдеп отырған әже бауырынан шыққан бөлтіріктерді бұғалықтауға әл-дәрмені жетпейтінін де әлдебір түйсікпен сезінді. Ол «есің бар еді ғой» деп ересегіне жүгініп көрді, болмады, тоқтамады. Ауызы дуалы деген қарттар мен күйеуінің үзеңгілестерін, ағайын-туысқандарын шақырды. Туыстар тарыдай шашырап таусылуға айналыпты. Көз көргендер де көп болмай шықты. Ақбілек әженің ұры көңілі жиналғандар мына жүгенсіздерге жөн-жоба көрсетеді деумен дәмелі. Қайдағы, келгендердің ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа түк те пайдасы болмады. Ақылдарын ат теуіп кеткен бе, бәрінің де айтары біреу: «Қайтесіңдер, балалар, бір-біріңді сыйласаңдаршы». Осыны Ақбілектің өзі де айтпай жүр ме екен? О, несі-ей, бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай, бір ізден шиырлап шықпай қойғандары. «Әкелерің Мұхитты көріп едік. Жігіттің төресі еді. Аруақты мазаламаңдар. Көрінде тыныш жатсын. Дүниеге таласпаңдар», деп кесіп-кесіп неге айтпайды? Әлде әрқайсысы бір-бір дүлейге айналған дүниеқоңыз дүмбілездерден аяқ тартады ма?
Етті жеп, тісін шұқып, қолын жуып болғандар бейбіт тарасты. Ақбілектің сынық көңілі одан сайын ортайып қалды. «Неге ғана шақырдым екен осыларды?».
... Сұмдықтың көкесі екі ай өткеннен соң болды ғой. Ортаншы ұл әкесінен қалған тау етегіндегі саяжайға бара қалады. Қасында екі-үш дос-сырласы бар. Саяжайда ағасы бір топ жолдастарымен демалып жатыр екен. Тегі, түнімен тентек судан сімірген болар, беттері домбығыңқы. Жүздері суық. Сөздері түйеден түскендей.
– Неге келдің?– дейді үлкені.
–Демалуға.
–Немене, менің осында екенімді білмедің бе?
– Білгенім жоқ.
– Кет, онда.
– Кетпеймін. Бұл менің әкемнің дачасы.
– Мен саған әкеңнің дачасын көрсетейін.
Ағасы үйге кіріп кетеді де мылтық алып шығады.
– Кет!
– Мені атпақпысың? Қане, неге тұрсың, ат!
Мылтық гүрс ете қалады. Демалушылар Жақсылықтың жантайып құлап бара жатқанын көріп қалады.
Жақсылық жансақтау бөлімінде айға жуық жатты. Есін жиғанда полиция қызметкерлеріне: «Жазатайым өзімді-өзім атып алдым» деп түсінік берді.
Бауырының өзіне кешірім бергеніне ағасы Ізгілік селк ете қоймады. Бәз-баяғы мұз қалпы.
Осыдан соң Ақбілек әженің ойы онға, санасы санға бөлінді. Барлығына қолын бір сілтеп, ешкімге де ескертпестен бұрын Мұхит директор болған ауылға тартып кетті. Мұнда Мұхит табан аудармай он бес жылдай қызмет етті. Талайлармен етене жақын болып кеткен еді. Оның үстіне бір жақын сіңлісі осында тұрып жатқан.
Шалғайдағы ауылды көріп көңілі нілдей бұзылды. Кешегі Мұхиттың кезінде көшеде көлденең кесек жатпайтын ауыл жұт жылдарын басынан кешкендей алқам-салқам. Келіп қалған соң кері шегінуге тағы жол жоқ.
Ол ауылдың марғау тіршілігіне бірте-бірте үйреніп келе жатты. «Ашуың басылған шығар, енді балаларыңа қайт. Мен машина дайындап қойдым», деген сіңлісінің сөзіне құлақ аспады. Өзімен-өзі үй көлеңкесінде отырды да қойды.
– Құдай-ай, не жазып едім? Ұялас ұлдардың мұнысын көргенше неге жер жастанбадым? – деп шерлене жылады.
Ауыл ұйқыда. Толыса туған Ай дөңгеленіп жүзіп барады. Ауладағы сәкі үстінде жатқан бейбақ жан өз-өзімен күбірлеп сөйлеп жатыр. «Алжыған ажал неге мені көрмейді? Мұхитымның қасына ертерек барсамшы».
Осы ойдың жетегінде оны ұйқы ілестіріп әкетті. Алыстан бір өлеусіреген шам жарығын көргендей болады. Үп етіп жел соқса жалп етіп сөнердей. «Япыр-ай, сөніп қалмаса игі еді», деп тілейді іштей. Неге шам жалғыз? Ол неге өлеусіреп, өшкелі тұр?
Шабалана үрген иттің дауысынан шошып оянды.
– Апа! Апа!
Ойбай-ау, мынау Жақсылық қой.
Ақбілек орнынан сүйретіле тұрды.
– Апа, зорға таптым-ау, сізді. Қайдағы бір қияндағы ауылды қайдан тапқансыз?
Жақсылық қарт шешесін құшақтай алды. Екеуі жылап көрісті. Ақбілек әже өзін тежей алмады бұл жолы.
«Енді болмағанда өшіп қала жаздап еді. Құдайға шүкір, әлі де болса Мұхит жағып кеткен шам сөнбейді екен. Жаным шықпаса оны да көрермін», деп ойлады әже.
Таңның атуына қарамай олар жолға шығып кетті. Ай батыпты. Айнала қап-қараңғы. Машинаның өткір жарығы түн қараңғысын таспадай тіліп жол аршып келеді.
Алда бір үміт, бір күдік...
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.