• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мектеп 21 Мамыр, 2023

Ұшақ пен кеме жасаған

441 рет
көрсетілді

Керекудегі балалар техникалық мектебі – еліміз бойынша ұзақ жылдар үзбей жұмыс істеп тұрған қосымша білім беру ұйы­мының бірі. Құрылғанына биыл 63 жыл толған оқу мекемесі оқушы­ларды техникалық бағытта дайындап, болашақ маман­дығын ерте бастан айқындауға мүмкіндік беріп отыр.

Балалар мұнда ұшақтар мен су кемелерінің, әскери тех­ни­калардың, автокөліктердің, элек­трониканың түрлі үлгіле­рін жасап, роботтехникамен шұ­­­ғылданады. Облыс орталы­ғын­дағы орта мектептерден бү­гінде 500-ден астам бала тұ­рақ­ты барып жүр. Ер балалар өз қолдарымен ұшақтар мен әс­кери техникалардың түр-түрін жа­сап, олардың кейбірін әуеде ұшыруға бейімдейді. Сәулет өне­рінің қыр-сырын меңгеріп, кәдімгі картон мен қағаздан түрлі техникалардың үлгісін пішеді. Ал қыздар көбіне бисер тоқып, кәдесыйлар, әшекей бұйымдарын және жұмсақ ойыншықтарды да­йын­дайды. Мұндағы 21 үйірмеден балалар үзіліп көрген емес. Қыс­қасы, техникалық мектеп жас­өспірімдерге сүйікті іспен кеңінен шұғылдануға, техникалық және қол­данбалы өнердің ұңғыл-шұң­ғылын ерте бастан игеруге мүм­кіндік беріп келеді.

Мектеп директоры Алек­сандр Зозуляның айтуынша, тех­­­­никалық және көркем-қол­дан­балы шығармашылыққа үйір балалардың саны жыл санап өсіп келеді.

– Жарты ғасырдан астам уа­қыт ішінде бірнеше мың оқушы техникалық шығар­ма­шы­лықтарын осы жерде же­тіл­діріп, көбі мектеп бітірген соң тех­никалық мамандықтарды таң­­дайтынын байқап жүрміз. Авиа­модельдеу үйірмесінде ұшу аппараттарының ондаған бірегей үлгісі бар. Олар­дың кейбірі кә­дімгідей көкке көтеріліп, ұша­ды. Балаларды көбіне әскери тех­никалар қызықтырады. Түр­лі броньды техникалар мен тан­кілердің үлгілерін дайындап, көр­мелерге қатысамыз. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қолданыста болған «ИС» ұшағының сирек кездесетін түрін, неміс ұшақтарының кө­шірмесін көре аласыздар. Су ке­мелерінің түр-түрі бар. Осының барлығы – шәкірттеріміздің шы­ғармашылығынан туған дүниелер. Біз тек бағыт беріп отырамыз, қал­­ғанын өздері жасайды, – деп түсіндірді мектепте ұзақ жылдан бері еңбек ететін А.Зозуля.

Бір қызығы, жазғы демалыста және тоқсан аралық демалыс мез­гілдерінде келуші балалар тіпті жиі­леп кететін көрінеді. Жыл бойы қызмет көрсететіндіктен, балалар бос уақытын осында өт­кізуге бейім. Кейбір ата-аналар балаларын гаджет пен компьютерден ажырату үшін осында жетектеп келеді екен. Оқушылар онлайн ойындардан көрген тех­ни­калық үлгілерді пішіндеуге құ­мартып тұрады. Бұл тұрғыда ро­­боттехника үйірмесінің ма­ңы­зы зор. Жаңадан роботтар мен машиналардың үлгілерін құ­­растыру, оларға бағдарлама жазу ақпараттық технологиядан аз-маз хабары бар балалар үшін өте қызықты дейді мұндағы ұстаздар. Роботтехника үйірмесі 6 жастан бастап қабылдайды. Оқытушы Роман Ладин жас бо­йын­ша шектеу­лер жоқ екенін айтты. «16 жасқа толған бозбалалар да үйреніп жүр. Оқушыларды жас мөлшері бойынша топтарға бөлмейміз, оларға деңгейіне қарай тапсырмаларды бөліп береміз. Тіпті балалардың әдеттегі мек­теп­тегі сабақтарын ескеріп, кес­тені ыңғайлы етіп құруға тырысамыз. Оқушылар ап­таның жеті күнінде де келе береді», дейді ол.

Негізі павлодарлық техни­калық мектепті еліміз бойынша бірегей деп атауға тұрар­лық. Себебі ондағы кей­бір үйір­ме­­лер­­дің рес­­пуб­ли­к­ада баламасы жоқ. Мә­селен, әс­кери техни­ка үйір­месін алайық. Әс­кери тех­никалардың үлгілерін құ­растыру, жаңа түрлерін жетіл­діру оқушыларды үнемі шығар­машылық ізденіске жетелейді. Бұл үйірмеге тек ұлдар ғана емес, қыз балалар да әуес. Бүгінде әс­кери техника үйірмесіне 60-тай бала тұрақты қатысады екен. Оқушылар түрлі аспаптармен және металмен жұмыс істеуді үй­ренеді. Көптеген балалар қол­дарына қалайымен дәнекерлеу аспабын алғаш рет алып, металл қиындыларынан қиялы жеткен бұйымдарды құрастырады.

Ал авиамодельдеу үйірмесіне сонау 1981 жылдан бері Сергей Соц жетекшілік етіп келеді. Ол авиа­модельдеу спорты бо­йынша еліміздің ұлттық төрешісі, спорт шебері. Мұнда оқушыларды тек 4-сыныптан бас­тап қа­был­дайтынын жеткізді. Себебі бала­ның зейіні толысып, денесінің фи­зикалық тұрғыдан дамуы осы кезеңде жоғары болады екен. «Мектепте үй­­ретпейтін ма­­шық­тарды сі­ңі­­реміз. Қазіргі кү­ні ор­та мек­тептердегі технология сабағында не үй­ре­те­тіні бізге жұмбақ. Өкінішке қа­рай, біздің ұйымның босағасын аттайтын балалардың арасында кәдімгі сызғыштың өзін дұрыс пайдалана алмайтындар кездеседі. Он­дай жеткіншектер үшін күр­делі құралдармен жұмыс істеу біртіндеп үйретіледі», деп атап өтті.

Жақында ұстаздың шәкірттері авиамодельдеу спорты бойынша өткен ел чемпионатында екінші орыннан көрінді. Бұл жарысқа Өз­бекстан, Қырғызстан және Ре­сей мемлекеттерінен да жас конструкторлар қатысқан.

А.Зозуля мектепті тәмам­дайтын балалардың көбі инже­нерлік-конструкторлық білім негіздерін меңгеріп шығатынын жеткізді. Техника саласында бел­­гілі білім игерген мұндай оқу­­шылар кейін институтқа түс­кенде, өндірісте жұмыс істе­ген­де өздерінің биік деңгейлерін дә­­лелдейді. Үйірмені бітіріп шық­­қан балалардың мектептен соң инженерлік-техникалық маман­дықтарды таңдайтыны да содан.

 

ПАВЛОДАР