Отанымыздың өркендеуі үшін күш-қайратын жұмсап, елді дамытуға қатысты әрбір мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарай білген, өнегелі ісімен соңына жарқын із қалдырған айтулы азаматтарымыз аз емес. Сондай көрнекті тұлғаның бірі – қоғам қайраткері, дипломат «Дос-Мұқасан» ансамблінің бастауында тұрған өнерпаз Шәріп Омаров.
Туып-өскен ортасынан, тәлім алған мектебінен игі тәрбие мен терең білім нәрімен сусындаған ол өмірінде елеулі табыстарға қол жеткізді. Мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі X және XI шақырылымының, Парламент Мәжілісінің I және II шақырылымының депутаты болып сайланып, ел үшін қызмет істеді.
Жастайынан білімге құштарлығы және техникаға жақындығы болашақ мамандығын таңдауға да әсер етті. Қазақ политехникалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін тәмамдаған. Кейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетті бітіріп, бірнеше мамандықты меңгерді.
Шәріппен таныстығым 1973 жылдың мамыр айынан басталды. Ол кезде Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтында оқып жүрген едім. Алматыдағы студент жастардың арасында «Студент көктемі» атты өнер байқауы қарқынды өтіп жатқан күндердің бірінде «Дос-Мұқасан» эстрадалық вокалды аспаптар ансамблі келіп, байқау бағдарламасына сай концерт береді екен» деген хабар жетті. Хабарланған күні Досым Сүлеев, Шәріп Омаров, Мұрат Құсайынов, Мейірбек Молдабеков, Құрманай Омарова керемет концерт қойды. Сол кезде ел ішіне кең таралып кеткен «Той жыры», «Куә бол», «Сағындым сені», тағы басқа да тамаша әндерді шырқап, студент жастардың қошеметіне бөленді. Біз де сүйсіне тыңдадық. Бәріміз де шабыттанып, көтеріңкі көңіл-күйде болып, ғажап сезімге бөленгеніміз әлі есімде.
Концерт аяқталысымен сахнаға көтеріліп, жаңа ғана өнерлерін паш еткен ағаларымызбен қол алысып амандастық. Сол бір сәтте: «Жігіттер, мына аспаптарды көлігімізге тиеп беруге көмектесіңдерші» деген қоңыр дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа қарасақ, ұзын бойлы, мығым денелі, қара торы, жаңа ғана бас гитарада ойнаған Шәріп Омаров екен. Өтінішін орындап, музыкалық аспаптарын көтерісіп, шығарып салғанбыз. Сол жерде қол алысып, аты-жөнімізді айтып, келесі кездескенге дейін қош айтысқанбыз. Міне, алғашқы кездесу мен танысуымыз осылай болған еді.
Тағы бір жүздескен сәт ойға оралып отыр. Ол кезде жазда студенттердің құрылыс отрядтары еліміздің түкпір-түкпіріне барып, малшылардың қыстақ үйлері мен қораларын, басқа да құрылыс нысандарын салып беретін еді.
Институтымызда «Жалын» атты құрылыс отряды жасақталып, соның жетекшілігі маған бұйырып, екі ай бойы Талдықорған облысы, Сарқанд ауданындағы елді мекенде еңбек еттік. Қарқынды жұмыс атқарғанымыздың арқасында республика көлемінде студенттер құрылыс отрядтары арасындағы байқаудың жүлдегері атанып, Болгария, Германия, Мажарстан және Чехословакия (бұрынғы) елдеріне саяхаттауға жолдама жеңіп алғанбыз. Тиесілі жолдаманы беру рәсіміне Алматы қалалық жастар комитетіне шақырылдық. Сол жерде комитеттің хатшысы Шәріп Омаровтың қолынан жолдаманы салтанатты түрде алған едім.
Арада 20 жылдай уақыт өткенде тағдыр бізді қайтадан қауыштырды. Ақтөбе қаласынан Парламент Мәжілісінің I шақырылымының депутаты болып сайланып, Алматыға келдім. Алқалы жиынның алғашқы отырысы алдында Шәріппен қайта жүздесіп, сол мезгілден бастап етене араласып, ағалы-інілі достық қарым-қатынасымыз нығая түсті.
Парламенттің жұмысы қызу басталған шақта Палата төрағалығына, комитеттер басшылығына кандидатуралар ұсынылды. Осы орайда, елдің ішкі және сыртқы саясаты саласында мол тәжірибесі бар Шәріп Омарұлы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.
Ол кезде елімізде көрші мемлекеттермен шекарамызды заңды түрде бекітіп алу үрдісі бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқан еді. Сондай күндердің бірінде Парламент Мәжілісі депутаттарынан жасақталған жұмыс тобы Өзбекстанмен екіжақты келісімге келмеген жерлерге байланысты келіссөз өткізетін болды. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен бардық. Онда Шәріптің басшылығымен өзбекстандық әріптестерімізбен апта бойы қызу тартысты түрде екіжақты келіссөз отырыстары өтті, біз соның куәсі болдық.
Үлкен ұйымдастырушылық және халықаралық дипломатия саласында жинаған тәжірибесінің арқасында жер бөлісу мәселесі бойынша талай сөз тартысында басқа өркениетті елдерде бар заңдардың баптарын, сонымен қатар тәжірибелерін негізге ала отыра, біздің пайдамызға тиесілі шешімдерді бұлтартпастан, көрші елдің депутаттарына біздің ұсынысымызды қабылдатуға мәжбүр етті.
Екіжақты шекара мәселесінің оң шешілуіне Шәріп Омарұлы үлкен үлес қосқан еді. Міне, бұл Шәріптің бойындағы мемлекетшілдік қасиетінің бір ғана қыры. Одан басқа да дәл сондай еліміздің мерейін асыратын шаралар мен жұмыстарды атқарғаны айдан анық. Ол жағын әріптестері жақсы біледі.
«Ер елімен айдарлы, ел ерімен айбарлы» демекші, саналы ғұмырын халқына аянбай еңбек еткен Шәріп Омаровтың атқарған мемлекеттік қызметіне тоқталсақ, өміріндегі және еңбек жолындағы негізгі кезеңдерін атап өткен жөн.
Шәріп өзі білім алған политехникалық институтта еңбек жолын бастап, осы оқу орнының аспирантурасын бітірген. Жастар ісі мәселесімен айналысты. Кейін белсенді қажыр-қайраты, бойындағы жігерлігі мен тиянақты жұмысының арқасында Алматы қаласында жауапты саяси-әкімшілік қызметтер атқарды. Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Парламент депутаты болып сайланды. Мәжілістің I және II шақырылымында қажырлы қызмет істеді. Сол кезеңде отандық заңнаманы жетілдіруге және Қазақстанның шетелдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланысының нығая түсуіне еңбек сіңірді.
2007 жылдың 29 тамызында, 59 жасқа толар шағында ол Қазақстанның Чехиядағы елшісі қызметін атқарып жүріп, жүрек талмасынан кенеттен көз жұмды.
Шәріп Омаров 1974 жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ол – «Парасат» орденінің иегері. ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының «Достастық» орденімен марапатталған. АҚШ-тың Небраск штаты, Линкольн қаласының Құрметті азаматы деген атағы да бар.
Шәріп отбасылық тұрмысы мен тіршілігіне қатысты ойларын ашып айта бермейтін. Сырттай білетініміз, бірінші жеңгеміз Құрманай Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тумасы екен. Сол себепті Шәріпті реті келгенде «жезде» деп қалжыңдасатын да жайларымыз болатын-ды. Тағдырдың жазуымен ол жеңгемізден қапыда айырылып қалдық.
Бертін келе, ол Халық әртісі, «Қазақстан камератасы» мемлекеттік классикалық музыкалық ансамблінің негізін қалаушы Гауһар Мырзабековамен отбасын құрады. Аға-жеңгемізбен бірге талай өнер мерекелерін тамашаладық. Сыйластығымыз да, әңгімеміз де жарасушы еді. Гауһар Құрманбекқызы Шәкең өмірден озғаннан кейінгі рәсімдерін және бірнеше еске алу кештерін ұйымдастырып, оларды жоғары деңгейде өткізді. Әріптестерінің шынайы ризашылығына бөленді.
Шәріптің спортқа деген ынтасы бізді одан сайын жақындата түсті. Аса құмарлықпен, үлкен ынта-жігермен айналысатын спорттың бірі – футбол ойыны еді. Тұрақты жаттығулардан қалмауға дағдыланған ол әрдайым бойын сергек ұстайтын.
Шәріппен бірге жүріп, спорттық ойындарға қатысу арқылы Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақов, Михаил Гурман сынды футбол саласының майталмандарымен таныстық. Олармен ойын алаңында және бейресми отырыстарда кездесіп, сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болдық. Мені достарына таныстырған кезде: «Бұл – менің інім әрі балдызым Төлеген» деуші еді, жезделік қалжың сөздерін араластырып.
Қазір жыл сайын жастар арасында Шәріп Омаровты еске алуға арналған республикалық футбол турнирі өткізіліп тұрады. Қандай қызмет атқарса да, Шәріп Омарұлы достарымен қарым-қатынасын үзген жоқ. Ал өмірде оның достары өте көп-тін. Бірі – қызметтестері, енді бірі – музыка мамандары, спортшылар, кәсіпкерлер еді.
Шәріп Омаров ғылым мен қызметті тең ұстай білді. Ол – ғылымның екі саласына терең ден қойған азамат. Техника ғылымдарының кандидаты атанды. Сондай-ақ жастар саясатына қатысты өзекті мәселелерден диссертация қорғап, саяси ғылымдар кандидаты атағына ие болды. Егер саяси-әкімшілік қызметтерге бармай, ғылым жолында жүрсе, еліміздің көрнекті ғалымы болатыны сөзсіз еді.
Міне, осындай айтулы тұлғаның, тәуелсіз еліміздің іргетасын нығайтуға, Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуына сіңірген елеулі еңбегі ескерілуі қажет деп санаймыз. Осы орайда, зиялы қауым өкілдері атынан мынадай ұсынысымыз бар: Ш.Омарұлы 30 жылдан астам уақыт Алматы қаласында тұрып, қажырлы қызмет істеді, мемлекеттік жауапты міндеттерді мінсіз атқарды. Алатау бөктеріндегі қаланың өркендеуіне өз үлесін қосты. Осыны ескеріп, Алматы мен Астана қалаларының жаңа көшелеріне Шәріп Омаровтың есімі берілсе екен дейміз. Өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылғаны жөн. Жарқын ғұмыр кешкен тұлға туралы деректі фильм түсіріліп, танымдық зерттеулер жазу да – алдағы уақыттың еншісі деп білеміз.
Төлеген ҚУАНЫШЕВ,
Парламент Мәжілісі
I шақырылымының депутаты,
Астана қаласы қоғамдық
кеңесінің мүшесі