• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ипотека 21 Мамыр, 2023

Ипотеканың игілігін көреді

347 рет
көрсетілді

Өңірде баспана алуға арналған бағдарламалар бар. Атап айтқанда, жастарға, кенші металлургтерге бағытталған ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл – облыс әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы. Мәселен, былтырдан бастап жас мамандарға арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосылды. Оның пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз. Осы арқылы әлеуметтік, бюджеттік саладағы жастардың баспана алуына мүмкіндік мол. Тау-кенде жүрген металлург пен кеншілерге де берілер ипотеканың игілігін ел екінші жыл көрмек.

Кенші, металлургтер­дің талап-тілегі негізінде да­йындалған бағдарлама бо­йынша биыл 75 адам пә­тер алады. Жақында осы бағ­дарламаға қатысып, же­ңілдетілген несие бұйырған тұрғындарға сертификаттар берілді. Сертификаттарды облыс әкімі Ермағанбет Бө­лекпаев пен «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибра­гимова табыс етті.

«Кеншілер мен металлургтерге жеңілдетілген ипо­те­ка­лық несие беру екінші жыл жүзеге асып отыр. Бағ­дарламаға қатысушы­лар тізі­мін «АрселорМиттал Темі­ртау» АҚ көмір және болат департаменттерінің кә­сіп­одағы жасақтады. «От­басы банк» несие алуға ниет еткен алғашқылардың өтіні­шін мақұлдады. Биыл 75 отбасы пәтерге қол жеткізеді. «От­басы банкпен» бірлес­кен жұмыс жалғасын табады. Сондай-ақ облыста жас мамандарға ар­нал­ған ипотекалық бағдар­ла­маны атап өту қажет. Бағ­дарламаның бүгінде гео­гра­фиялық ауқымы кеңей­ді. Осы жылы бағдарламаға Бал­қаш, Саран, Теміртау қала­лары да қосылады. Әрі қарай моноқалалардағы жас ма­мандар мен жұмысшы жас­тарға ипотека беруді жолға қоямыз», деді Е.Бөлекпаев.

«Отбасы банк» АҚ бас­қарма төрағасы Ләззат Ибра­гимова бағдарламаға қа­ты­­сушыларды іріктеудегі кә­сіп­одақтардың жұмы­сы­на ри­зашылығын біл­дір­ді. Со­нымен бірге «Арсе­лор­Миттал Теміртау» компа­ния­­­­сының алда бағдарла­­ма­ға қатысатындығына үмітті еке­нін жеткізді.

«Қарағанды облысы дегенде көз алдымызға кенші мен металлургтердің бейне­сі келетіні рас. Бұлар – ерен еңбек адамдары. Зор құрметке лайық. Қандай кенші-ме­таллургтің баспанаға мұқ­таж екеніне іріктеу жасаған кәсіподақтарға алғыс айт­қым келеді. Еңбек адамы­ның барлық жағдайын кәсіп­одақтардан артық білетін еш­кім жоқ. Қарағанды метал­лургия комбинатының бас­шылығы да бағдарламаға қаты­сып, қосымша ресурстар бөледі деген үмітіміз бар», деді Л.Ибрагимова.

Несие 15 жылға рәсім­деледі. Жылдық мөлшер­­ле­­месі 5 пайыз. Биыл қа­рыз­дың ең жоғары сомасы 20 млн теңге. Пәтерді Қа­ра­ғанды, Саран, Абай, Шах­тинск, Теміртауда бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады.

Шахтада 8 жылдан бері жұмыс істейтін Артем Вож­жов бағдарламаның тиім­ді­лігін, әлі де желісін үзбей жалғасуы қажеттігін айта­ды. Артем Шахтинск қаласы­нан үшбөлмелі пәтер алыпты. От­басында екі баласы бар.

«Тентек» шахтасында шамамен 8 жылдан бері жұ­мыс істеп келемін. Бұған дейін ата-анаммен бірге тұр­ған едік. Енді бағдарлама ар­қылы баспаналы болдық. Шахтинск қаласында үш бөл­­­мелі пәтер табылды. Бағ­дарлама өте тиімді. Мұндай бағдарламалардың болашақ үшін жалғасы болуы керек», дейді А.Вожжов.

Былтыр кеншілер мен ме­таллургтердің баспана ­алуына 1,7 млрд теңге бөлі­ніп, 134 отбасы пәтерлі болды. Биылғы қаржы көлемі ­1 млрд 500 млн теңге.

 

Қарағанды облысы