• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 22 Мамыр, 2023

Жастарды қолдау – болашаққа іргетас қалау

354 рет
көрсетілді

Енді мемлекеттік грантпен оқуын үздік аяқтаған студенттер конкурстық іріктеусіз-ақ аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға тікелей тағайындалады. Ілкімді іс мемлекеттік қызметке жастарды ынталандыру мақ­сатында жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мәлімдеді.

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекет­тік қызметті түбегейлі жаңғырту бойынша бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Оның басым бөлігі наурызда қабылдан­ған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қыз­мет мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңда көрі­ніс тапты.

«Былтыр желтоқсан айында мем­ле­­кеттік қызметке кіруде артық ке­дер­­гілерді жою және мемлекеттік қыз­меттен шығу тәртібін жеңілдету бойын­ша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке бірден тағайындалады. Заңды іске асыру мақ­сатында ақпан айында Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің бұйрығымен жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бо­йынша мемлекеттік тапсырыс шең­берінде Президент жанындағы білім беру ұйымдарында және білім беру ұйым­дарында оқуды аяқтаған адамдарға оқыту нәтижесінің мәндері белгіленді. «Б» корпусының жоғары лауазым­да­рына тікелей тағайындауды жүзеге асыру мүмкін болды. Осылайша, тиісті ака­демиялық нәтиже 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде болуы керек. Осы өзгеріс­тер арқасында уәкілетті органмен келісім бо­йынша «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындауды жүзеге асыру мүмкін болды. Жастар әрі қарай жалғастырамын десе, меритократия қағи­датымен жұмыс істей береді. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызмет­ке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылы­ғын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді оңтайландырады», деді ­Д.Жазықбаев.

Заңнамаға енгізілген өзге де толық­тыруларға сәйкес бұдан былай екі тоқ­сан бойы тиімсіз деп бағаланған қыз­метшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Сондай-ақ агенттік төрағасы президенттік жастар кадрлық резерві биыл тағы да мамандармен толығатынын айтты.

«Президент резервіндегі жастардың көбі жеке сектордан келді. Нақты айтар болсақ, 90 пайызы. Қазір біз 266 адамды орналастырдық. Олардың 34-і саяси және «А» корпусында қызмет етеді. Сонымен қоса мемлекеттік органдарда басшылық қызметтерде, директордың орынбасары, директор департаментінің басшылығы, басқарма басшылары сынды қызметтер атқарып жатыр. Жалпы, жыл сайын білік­ті жас­тардың мемлекеттік қызметке араласуына мүмкіндік ұсыну қажет. Биыл біз бірінші рет өңірлерде Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтаймыз. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандардағы бөлім басшылары немесе облыстық деңгейдегі бөлім бастықтары, басқарма басшыларының орынбасарлары қабылданады», деді ол.