«Егемен Қазақстанның» осы жылғы 25 маусымдағы нөміріндегі Б.Аяғанның «Тәлкекке түскен тағдырлар» атты мақаласын оқып отырып өте бір құнды дерекке тап болдым. Онда төмендегідей мәлімет келтірілген: «М.Шоқайдың жесірі жақсы әсермен есіне алған тағы бір түркістандық, есімі Хасан деген қазақ 1946 жылдың наурыз айында Германияға жіберілген. Сонда бары-жоғы белгісіз болып кетеді. Мария Шоқайдың пайымдауынша «оны өлтірген» тәрізді. Мүмкін, Хасанды ХПК (НКВД) қызметкерлері ұстап алып, атып тастауы немесе кеңес аумағында тар қапасқа салып жіберілуі мүмкін».
Ал енді Хасен деген кім еді дегенге келсек, ол менің үлкен апам Мәкеннің күйеуі Әрінов (Аринов) Ахметбек деген жездемнің туған інісі еді. Оның да фамилиясы Әрінов (Аринов) болатын. Ол Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы «Совет» атанған ұжымшар аумағында 1920 жылы туған. Қарқаралыдағы Абай атындағы педучилищенің 2-курсында оқып жүргенде 1939 жылдың күзінде әскерге шақырылады. Әскерлік міндетін Алтай өлкесінде атқарады.
Мен ол кезде Қарқаралыдағы 7 жылдық мектептің 2-сыныбында оқушы едім. Хасен оқуды өте жақсы оқитын және суретті өте керемет салатын. Маған шауып келе жатқан аттың, не алдыңғы аяғымен жер тарпып тұрған арғымақтың және тағы басқа суреттерді салып беретін. Алтайдан хат жазғанда ол жердің әдемі жерлерінің қарындашпен сұлбалаған суреттерін салып жіберіп тұрушы еді.
Хасен әскерден қайтатын мерзімі тақағанда 1941 жылы соғыс басталып кетті ғой. Ол әскери дайындықтан өткен дайын солдат болғандықтан Отанды қорғауға аттанды. Соғыстан келген хаттарын мен шешесі Бәтейге, жеңгесі Мәкенге оқып беруші едім.
Сол хаттардан есімде қалғаны өкіметтің тапсырмасымен Иранға кетіп барамыз дегені, содан кейін совет еліне қайтып келдік, қазір Солтүстік Кавказда соғысқа кіруге дайындалып жатырмыз, жуық арада соғысқа кірісеміз деген хаттары келіп еді. Содан кейін хат мүлдем келмейтін болды. Соғыста қаза тапса хабарлайтын қара қағаз да болмады. Ағасы Ахметбек 1944 жылы қыста аяғынан қатты жараланып елге оралды.
Соғыс жеңіспен біткеннен кейін Ақаң інісіне іздеу салып хат жазбаған, сұрау салмаған жері қалмады. Барлық жерден Әрінов Хасен туралы дерек жоқ деген жауап келе берді. Ал мен, қазір аты есімде жоқ, неміс армиясының бір генералының естелік кітабын оқып едім. Онда Солтүстік Кавказда соғысқан совет армиясының мыңдаған әскерлері тұтқынға түскендігі туралы дерек келтірген еді. Солардың арасында Хасен де болуы әбден мүмкін ғой. Тұтқынға түскен жауынгерлерге, әлбетте, еліне хат жазуға мүмкіншілік болмағаны белгілі.
Хасенмен бірге соғысқан, тұтқында бірге болған ардагерлердің бірі болмаса бірі тірі болса хабарласар деген үмітпен осы хатты жазып отырмын. Хабарласамын деген адам болса, менің мекенжайым: Алматы, 050000, Абай даңғылы, 31, 39 пәтер.
Сламқұл ӘБДІРАХМАНОВ.
Алматы.