• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2014

Ғасырдан да ұзақ еңбек

890 рет
көрсетілді

Осыдан 110 жыл бұрын бірінші ірі транзиттік теміржол телімі біздің елдің аумағында пайдалануға беріліп, Қазақ еліндегі теміржол тарихы бастау алды. Содан бері жылдан жылға, шақырымнан шақырымға, тоннадан тоннаға жеткізіп, тасымалданған жүктерімен бел асқан шойын жол өз қызметін адал атқарып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, теміржол ел экономикасының «күретамыры». Өткен 110 жылда болат жол еңбеккерлерінің алтын қолымен, қарымды қабілетімен көп жұмыс атқарылды.  Демек, бүгін де, ертең де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ешқандай көлік түрі бұған дейін де, таяу болашақта да Қазақстан үшін теміржолдай маңызды бола алмайды», деген сөзі өз мәнін жоймайды. Ұзындығы 1668 шақырымды құрайтын Орынбор–Ташкент шойын жол алыбы 1906 жылы ғаламат ара қашықтықты құрайтын еуропалық Ресей мен Орталық Азияны жалғап жатты.Сөйтіп, ол өзі өткен өңірлерге керемет даму серпінін беріп, Қазақ даласына түпкілікті өзгеріс әкелді. Алып теміржол магистралі пайдалануға берілген соң халқымыздың тұрмыс салты, менталитеті, сондай-ақ, экономикалық өсімі түбегейлі өзгерді деуге негіз бар. Былай қарағанда, отар­баның алғашқы ащы дауысы шыққаннан-ақ қазақ даласында өндіріс ошақтары құрыла бастады. Үлкен экспорттық мүмкіндіктер мен аграрлық сала дамып, жер игерілді. Ұлттық білімді инженер мамандардың буыны қалыптасты. Бұлармен қоса, Қазақ елінің Еуропа мен Азия елдерінің көпшілігімен гуманитарлық байланысы орнады. Біздің елдегі теміржолдың 110 жылдық тарихында көптеген оқиғалар орын алды. Теміржол рельстерімен 1930-жылдары Кеңес Одағының индустрияландыруы өтсе, бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­шылы­ғымен заманға сай жаңа үдемелі индустрияландыру шарасы жүріп жатыр. Біздің халық шойын жолмен Ұлы Отан соғысында жеңіске қол жеткізді. Себебі, сол жылдары теміржол тамыр­ларымен Қазақ елінің азық-түлігі соғыс даласына қарай ағылып жатты. Еліміздегі ірі өндіріс орындарын теміржолымыз бейне-бір қуатты қолдарымен тұтыну­шылармен тығыз байланыс­тырды. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Қазақ темір­жолының технологиясы, стансалары мен әрбір телімі үнемі даму үстінде болды. 1913-1917 жылдары Челябі–Троицк–Қостанай теміржолдары салынды. Алтай мен Семейді жалғаған теміржол желісі де 1913 жылы тартылды. Ал 1922 жылы Петропавл–Көкшетау теміржолы төселіп, кейіннен ол Ақмола мен Павлодар–Құландыға дейін ұзартылды. Осы арада 1926-1930 жылдары құрылысы жүргізілген атақты Түрксіб теміржолын назардан тыс қалдыруға болмайды. Оның жалпы ұзындығы 1500 шақырымға созылып жатса, кірме жолдарын қоса есептегенде 2000 шақырымнан асып жығылатын. Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері теміржол көлігі мемлекет экономикасының драйверіне айналды. Соңғы 5 жылда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ индустрияландыру бойынша көшбасшы болып, Қазақстанда 4 бірдей замана талабына сай ірі зауыттарды іске қосты. Олар – вагон жасау, локомотив құрастыру, рельс шығаратын кәсіпорындар. Бұлармен қатар, салаға қатысы бар ондаған цехтарды жаңғыртып іске қосты. Оның ішінде вагон құятын және қосалқы бөлшектер жасайтын өндіріс ошақтары бар. Ұлттық компания транзиттік мүмкіндіктерді кеңейте отырып, соңғы 5 жылда стратегиялық маңызы өте жоғары төрт бірдей теміржол желісін тартты. Олардың жалпы ұзындығы 1641 шақырымға жетіп жатыр. Жетіген–Алтынкөл жолы Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші байланыс теміржолы болса да, таяу жылдары пойыз өткізу тұрғысында Достық–Алашаңқай деңгейіне жетеді деген сенім бар. Ал, Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара теміржол желісі Қазақстан арқылы Парсы шығанағына шығатын халықаралық тамаша үйлесім тапқан жол болып отыр. Таяу уақытта Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарының тұрғындар сирек қоныстанған аудандары арқылы өтетін Жезқазған–Сексеуіл және Арқалық–Шұбаркөл теміржол желілері іске қосылып, пайдалануға беріледі. Олар төтелей тартып, шығыс пен батысты жалғайды. Сөйтіп, оңтүстік пен солтүстік өңірлердің дамуына серпін береді. Сондай-ақ, Қазақ елінің транзиттік әлеуетін одан сайын күшейте түседі. Себебі, ол жолдар Азия-Еуропа аралығындағы еліміз арқылы өтетін жолдарды мың шақырымға дейін қысқартады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ экономикалық бағытты алға жылжытушы локомотив ретінде көліктік-логистиканы басқаруына алып, болашаққа сүйреп келеді. Бүгінде бұл компанияның басқаруына еліміздің 11 әуе айлағы, су нысандары мен автокөлік кешендері беріліп, логистикалық тізбек құру ісі жүзеге асырылып жатыр. Қытай елінің Ляньюньган портында көліктік-логистикалық терминал салынуда. Сөйтіп, көрші елдің солтүстігі мен орталығындағы өңірлермен тығыз байланыс, әріптестік орнатылуда. Аталған аймақтар жөнелтер жүгінің айтарлықтай бөлігін Қазақстан тарабына бұрмақ. Сондай-ақ, ел ішінде және шетелде көліктік-логистикалық орталықтардың желілері құрылуда. Бүгінде Алматы облысының Қытаймен шекарасында «құрғақ порт» құрылысы жүргізіліп жатыр. Жолаушылар тасымалдау ісі де назардан тыс қалмауда. Оның айқын көрінісі өткен жылы теміржолдың қызметін 20 млн. адам пайдаланыпты. Отандық «Тұлпар-Тальго» зауытының вагондары негізінде жаңа бағыттар жасақталып, соның арқасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ жоғары жылдамдықты жолаушылар бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұрнағы жылы «Алматы–Петропавл» пойызы оңтүстік пен солтүстікті жалғаса, былтыр оның қатарын «Астана–Атырау», «Алматы–Атырау» пойыздары толықтырды. Ал, биыл тағы 5 пойыз жолға шығады. Олар, Астана–Қызылорда, Алматы–Ақтөбе, Астана–Өскемен, Алматы–Өскемен, Алматы–Атырау бағыттарындағы жүрдек пойыздар болмақ. Бетті әзірлеген Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».