Денсаулық сақтау саласына мемлекет қашанда ерекше назар аударып келеді. Соның арқасында халықтың денсаулығын қарайтын, түзейтін, сақтайтын тұтас кешенді жүйе жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының айрықша атсалысуы арқасында бір ғана Астана қаласында қаншама түрлі бағыттағы медициналық орталықтар, ауруханалар, зерттеу институттары бой көтерді. Соның бәрі Елбасы: «Халықтың ең басты құндылығы – өзінің денсаулығы» деп айтқандай, Президент пен Үкіметтің халқымызға, ұрпағымызға жасап жатқан жақсылықтарының бірі ғана.
Алайда, осы иыққа қонған бақты бағалап, оны халықтың мұқтажына сай пайдалана алудамыз ба? «Әрине, жоқ», дейді көпшілік. Өйткені, денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан мемлекеттің орасан қаражатын орынды жарата білу білікті маман дәрігерлер мен олардың қызметін ұйымдастырушы Денсаулық сақтау министрлігі басшылығының міндеті дегенімізбен, ақ желеңділердің ісіне жұрт неге риза емес? Және халықтың бұл наразылығы қашанға дейін созыла бермек? Сонда елдің, Мемлекет басшысының сенімі қайда қалмақ?
Әрине, елімізде Денсаулық сақтау министрлігінен басқа да халыққа қызмет етіп жатқан салалар баршылық. Кімде кемшілік болмайды дейсіз. Кемшіліктері сыналған сол министрліктердің қайсыбірі орынды сыннан дер мезетінде қорытынды шығарып, қатарға қосылып жатыр. Ал өзін де, өзге салаларды да етектен тартқан денсаулық сақтау саласы қашан оңалмақ? Әрине, біздің елімізде білікті, білімді дәрігерлер баршылық. Небір мықты кардиохирург, нейрохирург, терапевт, хирургтер, педиатрлар, т.б. мамандық иелері көптеген адамның өміріне араша түсіп, мыңдаған жанның ақ алғысын алуда. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, арада Гиппократ антына адал емес ісіне немқұрайлы қарайтын, біліксіз дәрігерлер де, мед бикелер де, техникалық қызметкерлер де баршылық. Жоғарыдағы нағыз мамандардың адал еңбектері осы «бір құмалақтармен» бүркемеленіп жатқан соң сол оң еңбектің бәрі зая кетеді. Ал бұған кім жол беріп отыр? Жұрт Денсаулық сақтау министрлігі қайда қарап отыр дейді? Расында өз іштеріндегі тәртіпті түзеу Денсаулық сақтау министрілігінің құзырына жатпай ма?
Денсаулық сақтау саласына қатысты көңілді жабырқататын кемшіліктер еліміздің көптеген газет-журналдары мен телеарналарда, интернет сайттарда жарияланып жатыр. Аз емес. Үстіміздегі жылдың өзінде-ақ, мұндай келеңсіз жайттар жоғарыда аталған әр басылымды ашып қалсаңыз болды, көзіңізге бірден түседі. Ондай хабарлардан жүрегіңіз ауырмаса, кәнеки. Мәселе, ондай хабарлардың уақтылы жариялануында емес, мәселе осындай жағдайлардың орын алуына жол беріп отырған кімдер деген сұраққа тіреледі. Егер тиісті орындар өрескел оқиғалардың орын алуына алдын ала жол бермегенде, халық та ауруына дұрыс ем іздеп сарғайып қайғырмайды, сөйтіп адамдарды мұңайтатын мақалалар да жазылмайтыны анық. Бірақ, мұны кім тыңдап жатыр дейсіз. Мәселен, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарабұлақ ауылдық ауруханасы дәрігерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. «Оларға өз міндетіне салғырт қарады» деген айып тағылып отыр. Ақ желеңділер оқ тиіп жараланған науқасты емдеудің орнына, оны ауруханадан мерзімінен бұрын шығарып жіберген. «Осыдан кейін сырқат аяғынан айырылып, мүгедек болып қала жаздады», – дейді прокурорлар. Шыбын жаны үшін шырылдаған науқас «дәрігерлер өз міндетіне салғырт» қарады деп аудандық прокуратураға арызданған. Содан кейін жарақатына қатысты бірнеше арнайы сараптама тағайындалыпты. Нәтижесінде құқық қорғаушылар ауруханадағы үш дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғады.
Ал мұндай сорақы жағдайлар денсаулық саласында аз емес. Күнде бір көңілге кірбің түсіретін жайттар қайталанып жатады. Тіпті, оның бәрін айта беруге ұят. Өйткені, балтыры сыздамайтын адам бар ма, тірі жанның бәрі ауырады. Біз аурудың алдын алу туралы мәселені мүлде айтып отырғанымыз жоқ. Аурудың алдын алу үшін қызмет еткендерді көру бір арман. Бірақ мұндай біздің елімізде болмайды, әркім өз денсаулығы үшін өзі күресуі керек дейміз. Ал жазатайым ауыра қалса онда, өз обалы өзіне. Өйткені... иә, солай. Қайтеміз, денсаулық сақтау бойынша біздің елде бәрі керемет деп қаншалықты жақсы жағынан жазғымыз келгенімен, құзырлы органдардан асып кете алмаймыз. Өйткені, олар дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп тек заң бойынша ғана айта алады. Міне, біз де көпшіліктің назына ден қойып, соған дәлел іздеген соң құқық қорғау органына жүгінгенбіз. Олар да көпшіліктің ақ халаттыларға деген назы дұрыс екенін айғақтап берді.
Расы керек, денсаулық сақтау саласындағы осындай орын алып жатқан келеңсіз істерге сенгіміз келмегенімен, заңды органдар бұл келеңсіздіктердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шығып жатқанын заңды мәліметтерімен қуаттап берген соң, айтпасқа не амал бар. Мәселен, Денсаулық сақтау туралы заңнаманы сақтауды қамтамасыз етуді бақылау прокуратура органдарының тұрақты қадағалауында болатыны белгілі. Сонда Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, жүргізілген тексерістер барысында дәрілік заттарды өндірушілер және дайындаушылар қызметінде заң бұзушылықтар, яғни лицензиялау туралы заңнама және біліктілік талаптары, дәрі-дәрмектерді дайындау және өндіру, сақтау ережелері, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар және т.б. талаптардың сақталмайтыны анықталған. Бұл неліктен? Оған еш жауап жоқ. Демек, әрі қарай да бұл келеңсіздік жалғаса береді деген сөз бе?
«Халыққа тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік берілген көлемінде (бұдан әрі – ТМККБК) денсаулық сақтау туралы заңнаманың қолдануына тексеру барысында ТМККБК шеңберінде медициналық қызметтерді өз уақытында емес және сапасыз көрсету, соның ішінде негізсіз ақы алу, дәрілік заттармен қамтамасыз етуде азаматтардың құқықтарын сақтамау, медициналық жабдықтардың тұрып қалуы, дәрілік заттарды және медициналық техниканы сатып алуда бұзушылықтар, бюджеттік заттарды тиімсіз пайдалану мен ұрлау және басқа да фактілер анықталды», дейді Бас прокуратура.
Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр? Халыққа тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік берілген көлемде денсаулық сақтау туралы заңнаманы қолдану шеңберіндегі медициналық қызметтерді уақтылы емес және сапасыз көрсету, соның ішінде негізсіз ақы алу, дәрілік заттармен қамтамасыз етуге азаматтардың құқықтарын сақтамау секілді өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгендігін құзырлы орган анықтап отыр. Ал бұдан кейін халықтың денсаулығы неліктен төмен деген сұраққа қалай жауап бересіз? Жауап белгілі.
Бұдан кейін прокуратура органы Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазандағы кеңейтілген отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында денсаулық сақтау нысандарының, соның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» және «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен емханалар» бағдарламалары шеңберіндегі құрылыс барысында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізеді. Тағы да сол, «баяғы жартас – бір жартас» дегендей, тексерсе болды алдан атойлап, кемшілік деген қаулап шыға келеді.
Өйткені, аталған тексеріс барысында мемлекеттік сатып алу туралы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамалардың бұзылуы анықталған. Көптеген құрылыс объектілерінде жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқу, оны сапасыз әзірлеу, тапсырыс берушілердің орындалған жұмыс актілеріне олар іс жүзінде орындалмаса да қол қоюы, уәкілетті органның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге рұқсаты болмастан оларды жүзеге асыру жағдайлары орын алған. Тіпті, оны айтасыз, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзумен қатар, оны місе тұтпай, енді мемлекеттік сатып алу процедураларынан өтпей жатып денсаулық сақтау нысандарын салу фактісі анықталған. Ал мұндай қаракет қалайша жүзеге асырылған? Оған кім жол беріп отыр? Жол берген адамдар қашан анықталады және олар жауапқа тартыла ма? Тағы ешқандай жауап жоқ.
Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваның сауалы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының бекітілген нормативтерге, сондай-ақ, жарақтандырудың ең төменгі стандарттары талаптарына сәйкестігі тексерілген екен. Аталған тексерулер бойынша тиісті прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданды, соның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі атына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізілді, дейді құзырлы орган.
Сонымен бірге, халыққа тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік берілген көлемінде денсаулық сақтау туралы заңнаманың қолдануына тексерулер нәтижелері 2013 жылғы 20 ақпанда Бас прокуратураның жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің, Парламент депутаттарының, орталық және жергілікті (бейнеконференцбайланыс арқылы) мемлекеттік органдар басшыларының, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде қаралған.
Жалпы, прокурорлар 2014 жылдың 4 айында (2012, 2013 ж.ж.) денсаулық сақтау заңнамаларын қолдануына 276 (1198, 1172) тексерулер жүргізіп, олардың нәтижесі бойынша 7156 (19574, 27052) заң бұзушылықтар анықталғанын атап өту қажет. Сөйтіп, ашығын айтқанда, прокурорлық ықпал ету шараларымен ғана денсаулығын сақтауға және кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға тиіс 6814 (37708, 37844) азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауға қол жеткізілген көрінеді. Прокуратура органдарымен анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 334 (1063, 1044) ұсыныс енгізіліп, 72 (54, 33) заңсыз акті жойылған.
Осылайша еліміздегі денсаулық сақтау ісін айрықша тексеру барысында анықталған кемшіліктерге байланысты, яғни прокурорлық ықпал ету актілерімен 1347 (4316, 3922) лауазымды тұлға түрлі жауапкершіліктерге тартылып, оған қоса, 8 (20, 18) қылмыстық іс қозғалған. Бұл аз ба, көп пе, өзіңіз есептей беріңіз. Бірақ осыншама лауазымды адам жауапкершілікке тартылып, соншама қылмыстық іс қозғалған соң, енді кімнен не қайыр күтеміз? Бұған жауап бола ма, болмай ма? Әлде баяғы жартас – бір жартас дегендей, денсаулық сақтау кемесі жартасқа соғылған күйі тұра бере ме?
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».