Аграрлық салада біліксіз менеджерлер жұмыс істейтін секілді. Себебі бұл саланың қай бағытын алсаң да, шешілмейтін мәселе өте көп. Олар мұның бәрін қаржының жоқтығымен түсіндіреді. Алайда бұл – ақылға сыймайтын дүние. Біздіңше саланың екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған менеджерлер ғылыми бағыттың мәнін, маңызын түсінбейді. Мәселенің бәрі де осыдан туындап отырған секілді. Аграрлық саланы осы бағытты жетік меңгерген, білімді де білікті адамдар басқаруы керек.
Топырақтанушы ретінде айтайын, егер топырақтану Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында қала беретін болса, онда бұл ғылымның болашағы жоқ. Топырақтану институты – кезінде «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленген жалғыз институт. Ол 1946 жылы ҚазКСР Ғылым академиясы құрылған жылы дүниеге келді. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев топырақтың республика үшін рөлі мен маңызының зор екенін білді. Сондықтан алғашқылардың бірі болып Топырақтану институтын құрды. Ғылым академиясының жабылуына байланысты Топырақтану институты Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілді. Бірақ 30 жыл бойы өзімізді қажетсіз сезініп келеміз.
Топырақтану ғылымының зерттеу нысаны – республикамыздың бүкіл аумағының топырағы. Тәжірибе алаңдарымыз, стационарларымыз жоқ. Біз егін өсірмейміз, егін жинамаймыз. Бұл – Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының жұмысы.
Өткен ғасырдың 70-жылдарында топырақтану ғылымы үшін салынған ғимаратымыз бар. 30 жыл ішінде әрбір жаңа министрдің келуімен осы ғимаратымызға кәсіпкерлердің көзі түседі. Тартып алмақ болған кездері де болды. Институт ғимараты үшін күрескен депутат Гүлмира Исимбаеваға топырақтанушылардың атынан алғысымызды білдіреміз. Халық қалаулысының араласуынан кейін ғимарат Топырақтану институтына қалдырылды.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еш жерде ешқашан топырақ деген сөз айтылмады. Топырақтануды егіншілік сөзімен біріктіріп жіберді. Міне, сол себепті елімізде топырақтану ғылымы өз бетінше іргелі ғылым саласы ретінде біртіндеп жойылып барады. Аграршылар үшін топырақ – ең алдымен өндіріс құралы. Министрлік топырақтанушы ғалымдардан басқа аграрлық салалар сияқты пайда әкелуді, коммерцияландыруды талап етеді. Топырақтанушылар «Сонда топырақты сату керек пе?» деген сұрақ туындайды. Мұндай ой топырақтану ғылымының маңызын, мәнін түсінбейтін аграрлық саланың менеджерлерінің ғана ойына келеді. Дұрыс басқару жағдайында белгілі бір нысандарда топырақ құнарлылығын қалпына келтіру параметрлері және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру бойынша зерттеулер жүргізу қажет. Содан кейін ғана пайда табу мен алған өнімді сату туралы айтуға болады.
Біздің міндетіміз – еліміздің барлық табиғи-климаттық аймағындағы топырақтың генетикалық ерекшеліктерін зерттеу. Ал қазіргі кезде жер жамылғысының табиғи құрамына әсер еткен түрлі факторға байланысты көптеген өзгеріске ұшыраған топырақ көп. Бұл ядролық сынақтар, зымырандардың құлауы, әскери сынақ полигондары, рудалық және рудалық емес табиғи ресурстарды өндіру кезінде топырақ жамылғысының бүлінуі мен ластануы, мұнай өндіру, электр желілерін және тағы басқа құрылыстар салу салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, ластанады да, өзгеріске ұшырайды.
Топырақтанушыларды экологиялық тұрғыдан бүлінбеген, ластанбаған сау топырақ мәселесі толғандырады. Топырақтың бұрынғы құнарлылығын қалай қалпына келтіруге болатыны туралы мәселемен тұтас әлемнің топырақтанушы ғалымдары айналысады. Мысалы, топырақтың эрозияға ұшырау, тұздану, шөлейттену, топырақтағы қоректік заттармен өсімдіктерді қамтамасыз ету сияқты мәселелер өзекті. Міне, топырақтанушылар айналысуға тиіс осындай түрлі проблема бар. Оларды қалай шешуге болады?
Қайсібір жылы елімізде батпақты топырақтарға зерттеу жүргізілгені бар. Осы бір жағдай Ресей мен Беларусь ғалымдарын күлкіге қарық қылған-ды. Себебі біздің елде батпақты топырақтар жоқтың қасы. Мұндай идеяны кімнің ойлап тапқаны тағы белгісіз. Жағдай реттелмесе, өзгелерге күлкі болғанымыз болған.
Өкініштісі, топырақтану ғылымы «адасып» жүр. Топырақтану табиғи ресурстарға жатады, биосферадағы жаһандық проблемаларға жауап береді. Топырақтану ғылымының мұндай мәселелері оның тікелей функциялары аграрлық жүйеде толығымен тиімді әрі толыққанды шешілмейді. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылымның тікелей басым бағыттарын қаржыландыру мәселесін реттей алмайды. Елдегі топырақтану ғылымын сақтау үшін оны Ғылым академиясының құрамына қайтару қажет. Себебі бұл – академиялық ғылым және бұрын ҚазССР Ғылым академиясының жүйесінде болған. Мемлекеттік жаһандық бағыттарды, бағдарламаларды – тың жерлерді игеру, тұзды топырақты мелиорациялау, бүлінген жерлерді қалпына келтіру сияқты мәселелерді тәуелсіздік алған уақытқа дейін шешіп отырды. Сол үшін де жоғары марапаттарға ие болды. Институттың «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуы, алты топырақтанушы ғалымның Мемлекеттік сыйлықты иеленуі – соның дәлелі.
Қысқасы, топырақтану ғылымының жойылуына жол бермеу керек. Оны Ғылым академиясының жүйесіне қайтару қажет.
Фарида ҚОЗЫБАЕВА,
Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және
агрохимия ғылыми зерттеу институтының
бас ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының докторы, профессор