• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 24 Мамыр, 2023

Алматы әуежайында жолаушылар екі есе артады

294 рет
көрсетілді

Қазір Алматы әуежайында жаңа нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Жаңа терминал тек халықаралық рейстерге қызмет көрсетеді. Соның арқасында әуежайдың өткізу қабілеті 14 миллионға дейін (қазір 7 миллион) артады деп көзделіп отыр. Жақында Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) ұйымдастырған пресс-тур аясында құрылыс жүріп жатқан терминал аумағына барып, әуежай басшыларымен кішігірім сұхбат құрған едік.

Жобаның жалпы құны – 737 млн доллар. Оның 40 млн долларын ЕАДБ құйған. Кредиторлар синдикатына ЕАДБ-дан бөлек Еуро­палық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және DEG герма­ния­лық инвестициялық корпорациясы кіреді. Қазір 59,16 пайызға аяқ­талып тұрған жоба 2024 жыл­дың тамызында пайдалануға берілмек. TAV Construction Co ат­қару комитетінің мүшесі Джимхур Каурдың айтуынша, егер қыс айларында тосын кли­маттық ахуал туындамаса айтыл­ған мерзімнен бұрын бітуі де мүмкін.

Алматы әуежайының аға вице-президенті Фатих Өмірдің сө­зінше, ескі терминалдың өткізу қабілеті 2,7 млн адам болған. Алайда ол қазір 7,2 млн адамды тасымалдап жатыр. Сон­­­дық­тан шұғыл түрде жаңа терминал салу қажеттілігі туындаған. «Терминал пай­далануға берілгеннен кейін ол тек халықаралық рейстерге ғана қызмет көрсететін болады. Қазіргі терминал тек ішкі рейстерге арналған», деді Фатих Өмір.

Әуежай басшылығының хабарлауынша, жаңа терминалда жер асты көлік тұрағы болмайды. «Оның есе­сі­не біз қазір көлік тұрағы аймағын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жа­тыр­мыз. Жаңа терминал пайдалануға бе­рілгеннен кейін 800 және 1 мың шаршы метрлік аумақтағы лаунж-аймақ болады. Транзиттік жолаушылар сол жерге орналасады. Сондай-ақ жолаушы өзін әуежай ішінде мейлінше жайлы сезінуі үшін түрлі ойын-сауықтық және коммерциялық аймақтар қызмет көрсетеді. Транзиттік жолаушыларға қолайлы болуы үшін капсулды отелдерді орнату қарастырылуда», дейді ол.

Джимхур Каур жаңа тер­ми­налдың сейсмоор­нық­ты­лы­ғы­на қатысты да пікі­рін білдірді. «Ол бойынша барлық заң талаптары сақталды. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде Ыстан­бұл және Дубай әуе­жай­лары құ­рылысының тәжірибесі еске­рі­леді. Ғимарат жер сілкіні­сіне қа­тысты максималды орнықты жағ­дай­да», деп түсіндірді.

Фатих Өмірдің айтуынша, қазір алдағы 30 жылға мастер-жоспар құрылуда. Мастер-жос­пар­дың нәтижесінде пайда болатын түрлі жаңа инновацияларды сәл кейінірек жария етпек.

Инвесторлардың пікірінше, рейстер­дің өткізу қабілеті мен санын арттыру, маршруттар желісін кеңейту және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы нысандарды жаңғырту және жаңа терминал салу Алматы әуежайын Орталық Азиядағы ең ірі әуе хабтарының біріне айналдырады.

Жобаны TAV Airports басқа­ра­тын инвесторлар консорциумы жүзеге асырып жатыр. Жаңа терминал Орталық Азиядағы Excellence in Design for Greater Efficiency (EDGE) бағдарламасы бойынша сертификатталған ал­­ғаш­қы әуежай болмақ.

Халықаралық азаматтық авиация­ ұйы­мының ұсыныстарына сәйкес құр­лыс­­та жоғары сапалы оқшаулағыш ма­те­риалдар, суды үнемдейтін жабдық­тар арқылы ресурс тиімділігі тұрғысынан EDGE стандарттарын қолдану­дың озық халықаралық тәжіри­бесі және пар­ник­тік газдар шығарын­ды­ларын, шуды, жа­рықты, қал­дық­тарды және ауаның лас­тан­уын азайту бойынша озық тәжіри­бе­лер қолданылып жатыр.

Инвесторлардың айтуынша, әуежай модернизациясы елдің орнықты эконо­ми­калық өсі­мі­не және халықаралық транс­­порт­тық-логистикалық инфра­құ­ры­­лымның дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады.

Жалпы, ЕАДБ Еуразиялық кеңістікте Қазақстанға ерекше назар салып отыр және 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізге 1,2 млрд доллар ин­вестиция салды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5 есе көп. Банк өнеркәсіп, азық-түлік, транспорт, ЖЭК және қаржы секторында жобаларды жүзеге асырды. Биыл 1,1 млрд доллардан кем емес қаржы бөлуге ниетті. Алматы ЖЭС-3 модернизациясы, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы базасында электр стансасын салу, Жамбыл және Қостанай облыстарында жел электр стансаларын салу қарастырылуда. Жалпы, даму институты 2022-2026 жылдар ара­лығында елімізге 3,8 млрд доллар құюды жоспарлаған және соның үштен бірі қазірдің өзінде атқарылды.

«ЕАДБ жұмысын бастағалы бері Қазақстанда 5 млрд доллардан астам сомаға 97 жобаны қаржыландырды. Инвестиция энер­гетика, агроөнеркәсіп кеше­ні, өнеркәсіп, әлеуметтік сала және инфрақұрылым сияқты сала­ларға бағытталды. Біз өзі­міз қатысқан жобалармен мақ­та­намыз, олар – БАКАД, «Сары­арқа» магистралды газ құ­быры, Ақтөбе ЖЭС-і, Түркістан әуе­жайы, Алматы әуежайы, күн электр стансаларының құрылысы және Атырау көшелерін жарық­тан­дыру желісі», деп атап өте­ді ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов.

Пресс-тур аясында 3 жыл бұ­рын пайдалануға берілген Түр­кістан халық­­ара­лық әуежайы да таныстырылды. Тех­ни­калық дирек­тордың орынбасары Бақ­тияр Атажановтың айтуынша, әуежай биыл 400 мың жолау­шы­­ны қабылдауды жоспарлап отыр. Былтыр көрсеткіш 371 мың адам болған. Жобаны ЕАДБ және түркиялық YDA Group қар­жыландырған. Барлық ғи­ма­раты мен инфрақұрылымын қоса алғанда жоба құрылысы 11 ай бойы жүрген. Қазіргі уа­қыт­та әуежайда жүк тасымалын жаң­ғыр­ту мәселесі қарас­ты­рылып жатыр.