Қазіргі заманда интернеттің дәурені жүріп тұр. Жастар кітап оқудан гөрі WhatsApp және басқа да әлеуметтік желілерде отырғанды ұнатады. Кітап, газет-журналдарды шұқшия оқып, ізденгеннен гөрі өздеріне керек мағлұматты интернеттен лезде тауып алғанға үйренген. Әйтсе де кітапханаға деген қызығушылығы бар жастар қауымы сол күйі жоғалып кеткен жоқ. Әр заманның өз оқырманы, өз жазушысы бар. Өз замандастарының шығармаларын іздеп жүріп оқитын жастар бар. Біз мұны Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың әңгімесінен байқадық. Жалпы алғанда бұл кітапхананың түп тарихы 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық болып ашылған күннен басталады. Сол жылдары кітапханада небәрі 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған екен. Бүгінде 230 мыңға жуық кітап қоры бар қара шаңырақта 7 бөлім мен 4 сектор жұмыс істейді.
– Қазіргі қоғамда кітап оқуға деген көзқарастың өзгергендігі шындық, – дейді Эльмира Елеусізқызы. – Бұл заман ағымына, яғни әлеуметтік желілердің дамуына және де халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне де байланысты. Оның үстіне экономикалық прогрестің белең алуына байланысты олардың кітап оқуға уақыттарының тапшылығы да бар. Сонымен бірге, ұлттық тәрбиенің жоқтығы, ұлттық құндылыққа баса назар аудармауда жастардың кітап оқуға деген құлшынысын азайтты. Үйде әрбір ата-ана баласының аптасына бір кітап оқуын назарға алса, бұл дегеніміз рухани жаңа бастама, бала тәрбиесінің жаңа бір моделі, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген ұрпақтың пайда болуы болар еді. Қазіргі кезде кітаптардың электрондық нұсқалары да жасалған. Сондықтан, уақытты үнемдеген жастар онлайн жүйесінде білім алуда.
Сонымен қатар, «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы бойынша, 1974 жылдан бүгінгі күнге дейінгі мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларды жинау жұмысы жүргізіліп жатыр. «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды сандықтау» жобасы аясында 10 мыңға жуық кітаптың 3265 данасы сандықталды. Облыста ақпараттық технологиямен жабдықталған Т. Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ және Талас ауданындағы Ақкөл ауылдық кітапханасы «Үлгілі» кітапханалары болып ашылып, ауыл тұрғындарына заманауи талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде.
Бізде ауыл кітапханасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмектесу мақсатында «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауы өтеді. Енді қыркүйек айынан бастап кітапханалық қызмет көрсетудегі ұйымдастыру біліктілігі мен кәсіби деңгейін анықтау мақсатында «Жыл маманы» байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Соңғы уақытта оқырман тартып, елді тамсандыратын қандай іс-шаралар өтті?
– Жамбыл облысының құрылғанына 75 жыл толуына орай кітапханада ақын Қуандық Шолақ (Т.Рысқұлов), ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр (Байзақ), ақын-сазгер Болатбек Әбішевтермен (Мойынқұм) өткен кездесулерде көптеген жастар өздерінің сүйіп оқитын өлеңдерін көпшілік қауымға тарту етті. Осының өзі жастардың кітапқа деген қызығушылығының арта бастағанын байқатса керек. Алдағы уақытта ақын Ш.Мамасерікова, ақын Б.Төлентаев, жазушы П.Дүйсенбин және т.б ақын-жазушылармен кездесу кештері өтеді.
Ал жоғары көркемдік, образдық, жарқын суреттер арқылы оқу мен кітапты, кітапхананы әйгілеу, оқитын адамның образы арқылы көпшіліктің оқу мәдениетін көтеру, рухани байыту, жастардың шығармашылық белсенділігін қолдау және ынталандыру мақсатында «Оқитын қала» фото-байқауы ұйымдастырылды. Егер адам кітапқа қарай жүргісі келмесе, онда кітаптың өзін адамға қарай жүргізіп, оны оқырман орбитасында шыр айналдырып, жастардың кітапқа деген ықыласын оятып, рухани мәдениетін көтеру мақсатында «Жас Отан» жастар ұйымымен бірлесе отырып Жастар күніне орай «Кел, жастар, оқылық» атты акциясы өтті.
– Кітап қоры толығып жатыр ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Кітапхананың кітап қоры облыстық бюджеттен, Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен мемлекеттік тапсырыстан және басқа да түсу көздерінен 2014 жылдың І жарты жылдығы бойынша 1472 дана, оның ішінде қазақ тілінде 1063 данаға толығып отыр. Кітап қорын толықтырудың басқа да ықтимал жолдары қарастырылуда. Бұл ретте тұрғындардың жеке кітапханаларында сақталған сирек кітаптарды анықтап, оларды халық игілігіне айналдыру, кітап ескерткіштерінің кітапханалық коллекцияларын жинау, есепке алу, сақтау және пайдалану жұмыстарын да үйлестірудеміз. Бұл іске жоғары оқу орындарының ғылыми және өндірістік-техникалық әлеуетін, қоғамдық ұйымдарды, жеке тұлғаларды да көптеп тарта отырып, кітапты, кітапхананы танымал ету мақсатында «Бұл – халық игілігі!» қайырымдылық акциясын өткіздік. Аталған шара оң нәтижесін беріп те жатыр. Қазірдің өзінде кітапханалар қорларына 300-ден астам кітап тапсырылды.
Бүгінгі таңдағы қоғамдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Осыған бағытталған кітапхана оқырмандарына электронды әдебиеттерді интернет арқылы өз сайтынан оқу мүмкіндігін ұсынуда.
– Мемлекет тарапынан кітапханаларға деген қамқорлық, демеу қаншалықты? Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– 2010 жыл кітапхана өміріндегі елеулі жыл болды. Кітапханаға «Жол картасы» бағдарламасы негізінде 110 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Кітапхана дизайны жаңартылып, заман талабына сай жаңа жиһаз бен компьютерлер жиынтығы алынды.
Кітапханадағы «Американдық бұрыш» АҚШ елшілігімен бірлесіп жемісті жұмыс жасауда. 2012 жылы ашылған бұл бұрыш түрлі жиындар ұйымдастырып, тіл үйренушілерге тегін қызмет көрсетеді. Кітапханада 23 дана компьютермен жабдықталған екі электронды зал пайдаланушыларға қызмет көрсетеді.
2013 жылы тұңғыш Тараз қаласы «Кітапханалар Астанасы» болып танылып, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жаңа қоғамдағы кітапханалық инновациялар» тақырыбында республикалық конференция өтті. Сонымен қатар, кітапханада Түрік ақпараттық орталығы салтанатты түрде ашылды.
Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.