• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2014

Ақ жауын ақын

1722 рет
көрсетілді

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді.                                                            І.ЖАНСҮГІРОВ. Өнер адамдарының өмір­баяны көбіне-көп бір-біріне ұқсастау болып өріледі. Қиындықтың қан­шама қиясынан өткен, тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан Әбілда Аймақ ағамыздың өмір­дерегіне көз салып отырсаңыз, сыздаған барлық жараның ауызында жүрген ақын ғұмырының соншама келте келетінін ұққандай боласыз. Дүниеде бүтін адамдар қақ жарылып, өнерде бір бөлек, өмірде мүлдем басқаша көріне беретіні бар ғой. Жұрт алдында мақалдатып насихат айт­қансып, ұлы мұраттар туралы шешіліп сөйлейтіндердің тіршіліктегі тірліктерінен тұздың дәмі шығып тұрады. Бас пайдасы үшін еш­қандай да жасандылықтан тайынбайды. Ал халықаралық Физули атындағы әдеби сыйлықтың, «Құр­мет» орденінің иесі Әбділда ағамыз кейбіреулер сияқты асып-таспады. Өзінің қоңыртөбел тіршілігімен-ақ қарапайым өмір кешті. Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақ­стан облыс­­тық филиалының төр­аға­сы қыз­метін атқарып жүр­ген аға­ның астамшылығын көрмеппіз. Сондықтан ба екен, көзге көріне бермейтін, іштей айқын сезіліп тұратын бір рухани байланыс бізді табыстырған еді. Сол таныс­тық уақыт өте келе достыққа, сыйластыққа ұласты. Әбекеңнің баладай пәк көңілді, ақ сөйлеп, адал күлетіні, шындықты ғана жақтап жүретіні, сыйластықтың сырын терең білетіні бәрімізді  де қайран қалдырушы еді. Ол адалдықтың ақ жолынан айнымаған адам. Өлеңдері көктемнің ақ жауыны секілді құйылып тұратын. Өмірден де ақ жауын секілді берерін сарқып төкті. Шалқар шабытты шайырымызды  жоғалтып аламыз деп кім ойлаған? Мен Әбілда ағаны республика бойынша тұңғыш рет жарыққа шыққан тәуелсіз «Жібек жолы» журналында қызмет істеп жүрген кезінен білемін. Осы басылымда ақынның өлеңдер топтамасы жарияланып тұрды. Мен сонда ол дүниелерді оқып: «Шіркін-ай, мен де осындай өлеңдер жаза алсам ғой», деп армандадым. Оның отты жырлары бізге жігер берді. Өз өлеңдерінде дәуір келбетін кес­кіндей білді. Ұлттық рухты жани­тын туындылары ғажап-ты. Бірде ақынды көрмек, таныспақ болып редакцияға арнайы іздеп бардым. Орта бойлы, қағылез келген қырықтың қырқасындағы қарапайым жан екен. Мені жатсынған жоқ, бұрыннан таныс жандай еркін әңгімелесті. Осы қарапайымдылығынан ғұмыр бойы арылмады. Қуанышымыз ортақ еді. Мәселен, өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары «Ақ­құс» атты республикалық әдеби бәйге жарияланды. Бұл  жарыста Әбілда Аймақтың аты дара шығып алда келді. Жүлделі оралған ағаны «Жібек жолы» журналына іздеп барып құттықтадым. Ақынның жүзінде ерекше бір толқу бар еді. Кәдімгідей қуанып жүрді. Ақындықтың асау арнасына ауылдан келіп қосылған оған бұл жүлде үлкен шабыт сыйлады. Міне, осыдан кейін оның өлеңдері республикалық газет-журналдарда жиі-жиі жарық көретін болды. Әбілда Аймақтың саф алтындай сыңғырлаған, жақұттай жалтылдаған жырларын жастар сүйіп оқыды. Ол қазақ поэзиясында өз өрнегімен әдебиет көгінен орын алған арқалы ақындардың бірі еді. «Өлең маған ғашық-ау, мен өлеңге, Ұқсаймыз ба Қыз Жібек, Төлегенге... Айнымайтын Отаным, бала-шағам, Шаңырағым да жыр менің керегем де», – деп өзін өлеңімен бөле жармайтын ақын бейнесін өз шығармаларынан табатынбыз. Жиырма жыл. Бұл айтқанға ғана оңай болуы бек мүмкін. Әбекең Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыс­тық филиалын осынша жыл ақы­сыз-пұлсыз қоғамдық негізде бас­қарды. Ол, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі болатын. Сондықтан оны оңтүстіктіктер «шығармашылық шырақшысы» деп атады. Ол Қазығұрт пен Қар­атаудай қасиетті, киелі мекен­дердің ортасындағы тұнық бұлақты тел еміп өсті. Тәкен Әлім­құлов, Асқар Сүлейменов, Тоқаш Бердияров, Төлеген Айбергенов шығармаларымен сусындады. Оларды өзіне ұстаз тұтты. Ақын, жазушы деген халық теңіз толқындарындай буыр­қанып жатады. Осындай жандарды басқару үшін де мінез керек. Әбекең өзінің төзімділігімен, қарапайымдылығымен, адал­ды­ғымен, иманды серік еткен иба­лылығымен облыс ақын-жазу­шы­ларының оябын таба білді. Ал­маты қаласынан кейін респуб­ли­камызда Оңтүстік Қазақ­стан облы­сында ақын, жазу­шылар көп шо­ғырланған. Сондықтан осындағы біраз ақын, жазушылардың кі­табын шығаруға көмек көрсетті. Оларға қолдау жасап, түрлі әдеби сыйлықтарға ұсынып отырды. Әдебиетке жаңадан келген жас таланттарға жылы сөзін аямады. Жамбыл облысы Шу ауданында Төле би бабамыздың 350 жылдығы аталып өтілді. Міне, осы іссапарда Әбекеңмен тұңғыш рет сапарлас болдым. Соның алдында ғана аталмыш ауданның 77 қариясын Ташкент қаласына апарып қайтқан едім. Сонда Төле бидің Ташкенттегі қабірі басына барып құран оқыттық. Бұл сол сапардың жалғасы іспетті болды. Жамбыл облысында бабаның кіндік қаны тамған Жайсанда болудың сәті түсті. Әбілда ағамен шешіліп, емен-жарқын сөйлесудің реті осылай келді. Ол кісі жол-жөнекей Төлеби туралы талай әңгіме шертті. Әңгіме ауаны әртарапқа ауысып, әлем әдебиеті жөнінде сөз өрбіді. Ол түркітілдес халықтардың әде­биетін бір қыдыру жақсы біледі екен. Физули атындағы сыйлықты аларда Ыстамбұлда болғанын, сол ел әдебиеті туралы қызғылықты әңгіме шертті. Жалпы, Әбілда аға түркітілдес халықтардан түрік, қырғыз, өзбек ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударып, газет-журналдарға көп жариялады. Ол тынымсыз ізденісте жүретін. Тіпті, ұзақ жолға шық­қанда ұшақта да, пойызда да кітап оқып немесе әлденелерді жазып отыратын. Былтырғы қоңыр күзде Шы­­ғыс Қазақстан облысына жа­саған сапарымызда делегация құрамында Әбекең де бар-ды. Сонда Оралхан Бөкейдің кіндік қаны тамған Шыңғыстай ауылында, оқыған мектебінде, мұ­ражайында болдық. Көп әсер алып қайттық. ХХ ға­сырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті де, сүлей суреткерлерінің бірі Орекеңнің 70 жылдығына орай «Айғақ» республикалық апталық газеті талантты жазушы туралы жазылған әртүрлі жанрдағы материалдарға бәйге жариялады. Қазылар алқасы Әбілда Аймақтың «Қобыз жыры немесе Кербұғы күйі» атты жыр топтамасын бірінші орынға лайық деп тапты. Жеңімпазға темір тұлпар мінгіздік. Жүлдені Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиа­лының төрағасы, облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы болған, Оралханның досы Жұмаділ Әділбаев табыстады. Қуаныш үстінде Әбілда ақын Оралхан Бөкеймен алғаш қалай кездескенін әсерлі айтып берді. Осы кездесу туралы арнау жазды. Өлеңдерін оқыды. Әлем әдебиеті классиктерінің бірі – Шыңғыс Айтматовтың туғанына 85 жыл толуына орай Бішкек сапарының әсері ұмытылар ма? Ұлы жазушы мәңгі тыным тап­қан мекені – Атабейітте болуы­мыз, Бішкектегі Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Манас ескерткіштеріне гүл қою, мемлекеттік мұражай экспонаттарымен танысу бізді үлкен әсерге бөледі. Кейіннен жазушының туған ауылы Шекерге де арнайы барып қайттық. Міне, сонда Әбілда аға «Шыңғыс шыңы» атты өлеңін демде-ақ жазып тас­тады. Сол жолы да ақынның көп білетініне, көп оқитынына көзіміз жетті. Манасшылардың барлығының аты-жөндерін жатқа айтты. Осы бір ұлы эпос туралы ой толғады. Шыңғыс шығармаларын түгелдей біледі екен. Ал Астанада өткен ХІІ Еуразиялық Медиа- форумда Әбекеңді журналистік қырынан таныдық. Ол қай сапардан оралмасын жолжазба, очерктерді мөлдіретіп жазушы еді. Бір ерекшелігі, қаламгер аға күй таңдамайтын. Әрекетті, әбігерлі Әбілда әдебиеттің төл перзенті болды. Ру­ханият әлеміне құрылыс­шылықтан келгенімен поэзияда өз кірпішін орнықты да түзу қалап кетті. Оның өткір, өжет өлеңдері туралы қазақ әдебиетінің алыптары Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Иманасов, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулетов, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы жақсы пікірлер жазды. Бір ға­на Фариза Оңғарсынованың: «Әбілда Аймақтың жырлары – классикалық өлеңдер. Мен оның өлеңдерін оқып шықтым. Бір өлеңінде: «Түк таппай пенделердің сенімінен, Анда-санда байларға еріп үрем», – дейді. Бұлай деп қазақта Әбілдадан басқа әлі ешкім де айтқан жоқ», деп жазуының өзі неге тұрады? Өршіл өмір өз дегенін жасайды. Тағдырдың жазмышынан қай адам да қашып құтыла алмайды. Ұлы Жаратушы да жаны сұлу адамдарға сұлу өлім сыйлайды-ау, шамасы. Ол Оралхан ағасына еліктеп еді. Сол ағасы сияқты Әбе­кең де ұйқысынан оянбай қалды. Өмір-ай десеңші... Әбілда ағам әр келген сайын маған: «Дулат, бауырым, сен туралы мықты бір ма­қала жазамын», дейтін. Өкініш­тісі сол, өзек өртеніп, ол туралы естелікті мен жазып отырмын... Дулат ӘБІШ, Қазақстанның құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. ШЫМКЕНТ.