Абай – дана, Абай – ұлт руханиятының ұстыны. Хакім есімі Еуропа құрлығында тағы бір жаңғыра түсті.
Парижде халқымыздың ұлы ақыны Абай шығармасына арналған анимациялық бейнебаян жарыққа шықты. Қазақстандық Доминика Қыдырбаева бастаған 12 аниматор 8 ай бойы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әніне анимациялық бейнебаян түсірді.
Әннің мультипликациялық нұсқасымен жұмыс істеген Еуропадағы бас анимация орталығының түлектері үшін, бұл – алғашқы ауқымды жоба.
Анимация жобасының мүшесі Ноеми Бонт аталған фильм туралы ойын жеткізді.
– Дайындық кезеңі ұзақ болды, бірақ өндірістің өзі, фильм түсіру үдерісі, декор, анимациялар салу кезінде уақыт зыр етіп өте шықты. Себебі, өте қарқынды, қызықты үдеріс болды, – деді ол.
– Бұрын мен Абай туралы мардымды ешнәрсе білген жоқпын. Алайда осы жобаның арқасында қазақ мәдениетімен жақын таныстым. Бұл идеяны меценат Лариса Инджуджян қолдап, жобаға Қазақстаннан кәсіби музыканттарды шақырды. 1,5 ғасырға жуық тарихы бар ән бейнебаянда қазақ тілінде шырқалды. Алайда жоба мамандары үшін француз тіліне авторлық аударма да жасалды, – деді анимация жобасының мүшесі Клоэ Бенами.
Жоба арқылы ұлы ақынға деген махаббат ұлғайып, шетел тұрғындары ұлтымыздың мәдениетін жақыннан тануға ықыластары оянған.
Отандық музыкант Ғазиза Ғабдрахимова жоба туралы: «Мен өзім қазақтың ұлттық өнерін насихаттайтын музыкант болғандықтан, жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл қызықты жұмыс. Өйткені Абайдың шығармашылығы, оның әндері, мәдениетіміз басқа елдерде, шетелде насихатталуда. Қазақстан елшілігінде өткен тұсаукесерде туынды жиылған жұрттың көңілінен шықты», – деді.
Сонымен қатар бейнебаянның рухани қыр-сырын ашуға шетелдік ақындар да өз үлесін қосқан.
– Мәдениет – бұл ұлттарды біріктіруші көпір. Ал поэзия – халықтың жаны, және оның құндылықтарын өзге тілде жеткізу ерекше құбылыс. Қазақ-француз командасы сәтті шыққан туындыдан кейін, біріккен жобалар жасауды алдағы уақытта тағы да жалғастырмақ ниетте, – деді ақын Таура Табатабай – Верне.