• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2014

Тегін донорлық насихатталды

272 рет
көрсетілді

Оңтүстік Корея – әлемдегі экономикасы дамыған жиырма мемлекеттің біріне айналып, «экономикалық кереметті» жүзеге асыра бастаған ел. Жақында ғана жамбылдық бір топ дәрігердің Оңтүстік Корея астанасы Сеулге сапар шегіп, Дүниежүзілік трансфузиологтардың 33 конгресіне қатысуының басты мақсаты  тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыру болды. Жалпы алғанда, осы сапар барысында Қазақстан мен Корея 1992 жылдың қаңтар айынан бері дипломатиялық байланыс жасап келе жатқанын білдік. Осы жылдар ішінде қарым-қатынас барлық салаларда дамып келеді. Мұның айғағы ретінде 2011 жыл Қазақстанда «Оңтүстік Корея жылы» болып жарияланғанын айта кетсек болады. Біз конгрестің барлық жиындарына түгел қатысып, Сеулдегі қан орталығының жұмысымен таныстық. Бұл елдегі қан орталығының қызметі біздегіден бір ерекшелігі 15 мекемеде донорлық қан дайындалып, оларды тексеру тек қана үш мекемеде жүреді екен. Біздің облыста бұл іс тек бір жерде ғана, атап айтқанда, облыстық қан орталығында дайындалып, сол жерде толық тексеруден өткізіледі. Конгрестің көрме залында көптеген мемлекеттердің соңғы заманауи үлгімен жабдықталған медициналық құрал-жабдықтарын көріп, жұмыстарымен таныстық. Қазақстанда да соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп, түрлі озық үлгілі медициналық құралдармен жабдықталып жатқаны белгілі. Осы көрмені аралау барысында дәл қазір өзіміз қолданып жүрген медициналық құралдар-жабдықтардың нарықта әлі үлкен сұранысқа ие екеніне көзіміз жетті. Яғни, Корея пайдаланып жатқан медициналық жабдықтар мен біздің елдегі жабдықтардың анау айтқандай айырмашылығы жоқ. Сондай-ақ, конгресте қан дайындау толық көлемде тек ақысыз донорлардан және олардың жасы 18-28 аралығында болуы керек екені баса айтылды. Ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша қан тапсырудың адам ден­саулығына зиянсыз екені дәлелденген. Тіпті, қан тапсыратын адамдар қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфаркт, ишемиялық аурулармен он есе сирек ауыратын болып шыққан. Жамбыл облысында «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы облыстық қан орталығы ашылды. Ол жылына 15 мың литр қан дайындауға лайықталған және дүниежүзілік стандартқа сәйкес жаңа құрал-жабдықтармен жасақталған. Яғни, бұрынғыдай облыс бойынша барлық емдеу мекемелерінде донорлық қан дайындау тоқтатылды. Оңтүстік Корея сапарынан біздің дәрігерлер осы саланың көптеген жетістіктерін көзімен көріп, үлкен тәжірибе жинақтап қайтты. Шетелдік әріптестеріміздің біздің елге деген ыстық ықыласын, жоғары құрметтерін анық сезіндік. Екі елдің ақ халатты жандарының арасындағы барыс-келіс алдағы уақытта дами беретіні сөзсіз. Бақберді КЕЗЕМБАЕВ, Жамбыл облыстық қан орталығының директоры.  Жамбыл облысы.