• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 24 Мамыр, 2023

Шетелге шығасыз ба немесе турлардың құны қалай өзгерді?

440 рет
көрсетілді

Жаз – жұртшылықтың жаппай еңбек демалысына шығатын шағы. Кішкентайлардың да каникулы басталып, үйге сыймай кететін кездері емес пе? Шіркін, шетелге шығып демалып қайтса ғой деп қиялға еріксіз берілесің... Елдегі демалыс орындары аузы-мұрнынан шығып, қайда бармасаң да сеңдей соғылысқан нөпір халық. Қызметі мен құны туралы әңгіме тіпті бөлек. Сыртқа саяхаттауға қалта көтере қояр ма екен деп тағы қорқасоқтайсың. Осы орайда «Freedom Life» ӨСК мамандары туристік компаниялардың ұсыныстарын зерттеп, осы жазда шетелде демалу құны отандастарымызға қаншаға түсетінін анықтауға тырысқан екен. Енді осы мәліметтерге бір сәт назар аударып көрсек.

Freedom Life базасының мәлімет­теріне сәйкес, көктем маусымында де­малысқа барған отандастар туристік сақтандыруды Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр және Тайланд елдеріне жиірек ресімдейді. Мальдив аралы, Испания, Доминикан Республикасы немесе Вьетнамға баратын туристер сақтандыруды сирек алады екен. ӨСК мамандарының болжаулары бойынша, 2023 жылдың жазында, сақтанушылар саны келесі бағыттар бойынша өсетін болады: Грузия, Әзербайжан, Черногория, Италия, Греция.

Аталған бағыттар бойынша, бұ­рын бронь жасалған және «ыстық» турлардың таңдауы мол. Зерттеу барысында, біздің отандастарымыз үшін демалу құны қай елдерде қымбаттағанын, ал қай елдерде елеулі төмендегенін сақтандырушылар анықтап көрген еді. Бірақ мың құбылған мына дүниеде бүгін бар баға, ертең жоқ. Сұраныс бар жерде бағаның бірқалыпты тұрмайтындығын да ескере кеткендеріңіз жөн болар.

 

Жазғы демалыстың биылғы бағасы

БАЭ (Дубай, Шарджа). Тур құ­нына тамақтану кірмейді немесе 3-4 жұл­дыз­ды отельде тек таңғы асымен 7 күн тұ­рақтану, орташа алғанда, бір адамға 165 мың теңгені құрайды. Тур­дың арзандығына қарамастан, жалпы алғанда, бұл жерде демалу бюджетті емес, себебі жергілікті кафе мен мейрамханаларда тамақтану, такси жалдау және ойын-сауық шығындары турмен салыстырғанда екі есе қымбатқа түсуі мүмкін.

Түркия (Кемер, Аланья). Осы маусымда отандық туристер үшін бұл – ең арзан бағыт. Бес жұлдызды отельде «ультра бәрі қамтылған» белгісі бар апталық демалыс орташа алғанда, 270 мың теңгені құрап отыр, ал 3-4 жұлдызды отельде – 168 мың теңге шамасында.

Вьетнам (Нячанг). Бұл бағыттың бағалары бір жыл ішінде елеулі төмендеді. Егер 2022 жылдың көктемінде Вьетнамға бару бір адамға 700 мың теңге болса, қазір 3-4 жұлдызды отельде «тек таңғы ас» белгісімен бір апта тұру, орташа алғанда, 200 мың теңгені құрауы мүмкін.

Мысыр (Шарм-эль-Шейх). 3-4 жұл­дызды отельде бір апта тұрудың орташа бағасы – бір адамға 207 мың теңге. Турлардың көбісінде таңғы ас және кешкі ас қарастырылған.

Әзербайжан (Баку). Жалпы алғанда, бұл бағыттағы турлардың құны өзгерген жоқ. Осы жазда, 3-4 жұлдызды отельде 7 күнге жайғасу орташа бағамен бір адамға 258 мың теңгені құрайды. Барлық туристік ұсынысқа таңғы ас кіргізілген.

Грузия (Кобулети, Батуми). 3 жұл­дызды отельде 7 күн тұрудың орташа баға­сы – бір адамға, 278 мың теңге. Негі­зінде, турлар тамақтанусыз ұсыны­лады. Бірақ таңғы ас қарастырылған бірнеше қонақүйлер де бар.

Таиланд (Пхукет). Төрт жұлдызды тамаша отельде «тек таңғы ас» белгісімен апталық тур, орташа алғанда, бір адамға 317 мың теңгенің айналасында шығып отыр.

Черногория (Рафаиловичи). «Өзіне-өзі қызмет ету» белгісімен, 8 күндік демалысы 3-4 жұлдызды отельде бір адамға 324 мың теңгені құрайды.

Шри-Ланка аралы. Осы жылы, 3-4 жұлдызды отельде бір апта демалудың орташа құны бір адамға 404 мың теңгенің төңірегінде құбылады. Көптеген туристік ұсынысқа таңғы ас кірмеген екен.

Мальдив аралдары. Былтыр бұл аралдарға бару ең қымбат саяхат деп саналатын. Жан басына шаққандағы орташа бағасы 1,1 млн теңге болатын. Алайда 2023 жылдың көктемінде төмен бағалы ұсыныстар түскен. 3-4 жұлдызды отельде «тек таңғы ас» белгісімен 6-8 күн демалудың орташа алғандағы құны 524 мың теңгенің айналасында шығыпты.

Индонезия (Бали аралы). 3-4 жұл­дызды отельде сегіз күн демалудың орташа құны бір адамға – 667 мың теңге. Таңғы ас қарастырылған.

Италия (Сицилия, Калабрия). Ту­рист үшін бір апта 3-4 жұлдызды отельде тұрақтанудың орташа құны бір адамға -– 673 мың теңге. Бұл турлардың көпшілігіне тек таңғы ас қана кіргізілген.

Испания (Коста де Барселона). Тамақ­танусыз немесе тек таңғы ас кір­гізілген 3-4 жұлдызды жайлы отельде 7 күн тұрақтанудың орташа құны әр адамға шаққанда 708 мың теңгені құрайды.

Греция (Крит, Корфу аралдары). Тамақты қоспай таза бір апта 3-4 жұлдызды қонақүйде тұрақтанудың орташа құны бір адамға – 868 мың теңге.

Доминикан. Биыл жос­парланған ұсыныстар мен «ыстық» турлар тізімінде бұл бағыт ең қымбатқа түсетіндігімен ерекшеленеді. Негізінде, сегіз күндік демалыс ұсынылады. Турдың орташа құны «Бәрі қосылған» белгісімен 4 жұлдызды отельге жайғасу – бір адам үшін 1,6 млн теңге.

 

Азаматтар туристік сақтандыруды қандай жиілікпен пайдаланады?

Statista халықаралқ статистикалық платформасының мәліметтеріне сәйкес, адамдардың шамамен 20% саяхаттық сақтандырумен, әлемдік COVID-19 пан­демиясы алдында пайдаланған. Енді аталған мәлімет 2022-2027 жылдары аралығында, шамамен, 70-80%-ға дейін ұлғаюы мүмкін. Сондай-ақ сая­хаттарды сақтандырудың әлемдік нарығының түсімі 2030 жылы 2021 жылмен са­лыс­тырғанда сегіз есе жоғары болуы мүмкін екенін алға тартады және ша­мамен 108,8 млрд долларды құрайды деп жорамалдануда.

Пандемияның алғашқы жылында туристер саны әлем бойынша 407 млн-ға дейін қысқарды. 2022 жылы халықаралық туризмнің келушілер саны, шамамен, 963 млн адам болған, олардың ішінде, шетелге шығатын отандастар саны шамамен – 0,7% деңгейінде.

Ал шынтуайтына келгенде, пандемия туристік сақтандыруды дамытудың драйвері болып танылды. Туристерді міндетті сақтандыру (ТМС) полистері бұрын сатылмаған елдерде пайда болды. Сонымен қатар қамтылатын тәуекелдер тізбесіне COVID-19 диагнозымен госпитализациялау тармағы қосылды. 2020-2021 жылдары аталған тармақ туристерді ерікті және міндетті сақтандыру полисін ресімдеу кезінде әлем бойынша ең ма­ңыз­ды болып танылды.

Нарықтың туристік сақтандыру сала­сында өсім көрсетуіне, соны­мен қатар цифрландыру да әсер етті. Саяхатшылар смартфон және ин­тернетті ТМС полисін онлайн сатып алу үшін белсенді қолданатын болды. Сақ­тандыруды жеке және тез, өмірді сақтандыру компанияларының және әуе компанияларының сайтында ресімдеу мүмкіндігі пайда болды.

Бізде отандық туристерді ерікті және міндетті медициналық сақтандыру құны нақты белгіленбеген және көптеген факторға тәуелді: турист қай елге шығады, бағыты қандай, көлік түрі, неше күнге және т.б. ТМС міндетті сақтандырудың орташа құны – 15 еуро (ағымдағы бағам бойынша, 7 303 теңге).

«Freedom Travel бағдарламасы бойынша ерікті сақтандыру құны шамамен 12 мың теңгені құрайды. Алайда шығатын елі және мекендеу мерзіміне қарай шамамен 130 мың теңге және одан жоғары болуы мүмкін. Сақтандыру шұғыл медициналық көмек көрсету, шұғыл стоматологиялық қызмет көрсету, сақтандырылған туристі қажетіне қарай медициналық тасымалдау, үшінші тұл­ғаларды өз еліне немесе басқа мед­қыз­метке жеткізу шығындарын өтейді. Төлем 10 және 100 мың еуроны құрауы мүмкін», деп түсіндіреді Freedom Life мамандары.