Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы филиалында қытайлық Нанкин туризм және қонақжайлылық институтының делегациясымен кездесу өтті. Екі тарап туризм саласы бойынша өзара ынтымақтастыққа қол қойды.
Кездесу барысында филиал директоры Бақыт Злобин қонақтарды жұмыс барысымен таныстырып, ынтымақтастықтың бағыттарын белгіледі. Одан кейін өңірлік туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Мұхаметкамов облыстағы туризмнің дамуы туралы ақпаратпен бөлісіп, ынтымақтастықтың тиімділігіне тоқталды.
Сапардың негізгі мақсаты – халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылау және кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру саласында тәжірибе алмасу. Бұл ретте кадр мәселесі –өзекті тақырыптардың бірі.
Нанкин туризм және қонақжайлылық институты – Цзянсу провинциясында орналасқан Қытайдағы бірегей жоғары кәсіптік білім беру мекемесі. Институтта мәдениет пен туристік индустриямен тығыз байланысты 26 мамандық бар. Қытай делегациясының басшысы, Нанкин институтының вице-ректоры, профессор Хуан Бин институт туралы айтып, туризм саласына кадрларды даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Туризм саласында Жетісу облысының кең әлеуеті бар екені белгілі, сол себепті осы институтпен ынтымақтастық туристік салада кәсіптік білім беруді дамыту шеңберінде, сондай-ақ академиялық алмасулар мен жаттықтырушылар даярлау саласында күш-жігерді шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Сапар барысында Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалы мен Нанкин туризм және қонақжайлылық институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар делегацияны облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли қабылдап, қонақтардың назарын Жетісу өңірінің ерекшелігіне аударды. Сондай-ақ тараптар арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуда облыс әкімдігінің қолдауын білдірді.
Сапар аясында Нанкин институтының өкілдері мен ҚМУ «Қоғамдық келісім» аймақтық қытай этномәдени орталығының қызметкерлері арасында кездесу ұйымдастырылып, Visit Жетісу орталығының қызметкерлері экскурсия жүргізді.
Қытай делегациясының сапарының өзектілігін жақында Сиань қаласында өткен «Орталық Азия + Қытай» саммитінің қарсаңында атап өткен жөн.
Жетісу облысы