Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Түркияның кедендік бақылауын жеңілдететін құжатты қабылдады. Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиында сондай-ақ бірқатар заң жобасы жұмысқа алынды.
Атап айтқанда, олардың қатарында заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы құжат және төрт ілеспе заң жобасы бар. Осылайша, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Салық және Әкімшілік кодекстерге, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұдан бөлек Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер жөніндегі заң жобасы да алдағы уақытта қаралады.
Заңсыз сатып алынған активтерге қатысты заң жобасын жұмысқа алар кезде депутат Ермұрат Бапи құжаттың атауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, заң жобасын бұлайша атау Президент берген тапсырмаға сәйкес келмейді.
«Ұсынылып отырған заң жобасының әу баста қойылып отырған тақырыбы ауқымды емес. Мемлекет пен халықтың алдында тұрған активтерді қайтару жөніндегі проблеманы толық қамтымайды. Бұл құжаттың көмегімен тиісті тергеу, заң органдары шетелге, Еуропаға, батысқа, офшорлық компанияларға, трансұлттық компанияларға, шетелдік банкілерге шығуы керек. Ал заң жобасының тақырыбы – «заңсыз сатып алынған активтер». Президент Қ.Тоқаевтың 26 қарашада Үкіметке заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы тапсырма берген еді. Мұнда заңсыз сатып алынған активтер туралы айтылған. Қаржы жымқырғандар бәрін заңдастыру үшін сатып алды. Сондықтан заң жобасының тақырыбын ауқымды қылу керек», деді Е.Бапи.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
«Келісім Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтерді электрондық алмасу арқылы кедендік бақылауды жүргізудің тиімділігін арттыру және мерзімдерін қысқарту мақсатында жасалды. Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптардың кеден органдары алдын ала мәліметтер алмасуды іске асыруға жауапты және тікелей байланыстарды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті лауазымды адамдардың тізімін айқындайды», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ведомство басшысының айтуынша, келісім арқылы ақпарат алмасудың Техникалық шарттарын әзірлейді және қанатқақты жобаны іске асыру көзделген. Осылайша, Тараптардың кеден органдары мәліметтермен тұрақты негізде алмаса бастайды.
«Жалпы, Келісім жобасы Тараптар арасындағы кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және оңтайландыруға бағытталған. Аталған Келісімді ратификациялау еліміз үшін теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан кейін депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Мархабат Жайымбетов Арал теңізінің мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Кіші Арал теңізінің тартылуы өңір халқын қатты алаңдатып отыр.
«Өкінішке қарай, соңғы 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни үштен бірінен айырылды. Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Салдарынан, судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды.
2020-2021 жылдары Арал ауданының аумағында қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен», деді М.Жайымбетов.
Депутат келтірген деректерге сүйенсек, теңіздің тартылуы салдарынан 3 мыңға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты және 14 шағын цехтің уақытша тоқтап қалу қауіпі бар. Теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су құйылуы қажет. Алайда теңізге су жеткізу, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді.
«Мақсат – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлауға қол жеткізу. Мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусын беруге атсалысу. Себебі Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады. «Қараөзек» арнасының бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіру маңызды. «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасына Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз гранты есебінен Кіші Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша тиімді шешімдерді жасап, жобаны жалғастыру мақсатында уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған жөн», деді М.Жайымбетов.
Мұқаш Ескендіров Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы ауылы тұрғындарының теміржол арқылы өтуіне қауіпсіз жағдай жасауды ұсынды. Оның айтуынша, кейінгі уақытта теміржол өткелдерінде апат көбейіп кеткен. Депутат Бауыржан Момышұлы ауылын екіге бөліп тұрған теміржол көпірінде де дәл осындай қауіп бар екенін алға тартты.
«Жолдың бұл учаскесінде автокөлік ағыны жылына 8100-ге жетіп, теміржолдың екі жағында да көлік кептелісі жиі болады. Аудандық полиция бөлімінің берген ақпаратына сәйкес тек соңғы 3 жылда өткел маңында 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тапса, 7 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған», деді М.Ескендіров.
Осыған байланысты депутат көпірге күрделі жөндеу өткізудің қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ теміржол көпірін реттеудің басқа оңтайлы әрі көп шығынды қажет етпейтін жолын іздеу заман талабы деп атап көрсетті.
Нұрлан Әуесбаев Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғаудың проблемалық мәселелерін көтерді.
«Өкінішке қарай, ел аумағындағы полигон қызметінен зардап шеккендердің саны туралы әлі нақты дерек жоқ. Түрлі ақпараттар бойынша 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Полигонға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары әлі де радиациядан туындаған аурулардан зардап шегеді, сәулеленудің салдары олардың ұрпағына әсер етіп отыр. Заңға сәйкес зардап шеккен азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы төленеді, оның мөлшері аймаққа байланысты жеке айқындалады және 1949-1965 жылдар аралығында тұрған әрбір жылы үшін ең жоғары 18 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ радиациялық тәуекел аумақтарында тұратын халықтың қосымша еңбекақыға және жыл сайынғы қосымша ақылы демалысқа құқығы бар. Бұл ретте аталған жеңілдіктер тек Семей өңірінде ғана қолданылады», деді Н.Әуесбаев.
Депутат әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды персоналды есепке алудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау мәселесін қарастыруды ұсынды.