Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбайдың Жезқазған қаласындағы жыр кеші осындай тақырыппен өтті.
Тырнақалды өлеңдері бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде жарық көрген ақынның алғашқы жыр жинағы 1988 жылы «Жанымның жапырақтары» деген атпен шыққан еді.
Үнемі шығармашылық өсу үстінде болған Ғ.Жайлыбай кейін жиырма шақты кітаптың авторы атанды. 2014 жылы таңдамалы шығармаларының 3 томдығы, 2018 жылы түрік тілінде «Янки» атты бір томдығы жарық көрді. Ақынның өлеңдері мен поэмалары әлемнің 20-дан аса мемлекетінде басылып шықты. Қарағанды лагері туралы жазылған «Қара орамал» 2017 жылы поэмасы Швецияның Стокгольм қаласында өткен VI «Ореn Eurasian» әдеби байқауында үшінші орынды иеленді.
Ғ.Жайлыбай Халықаралық «Алаш» сыйлығының, Ресей Жазушылар одағының С.Есенин атындағы алтын медалінің иегері. Ол Баянауыл және Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы атанған.
Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен кеште ақынды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Құсманғали құттықтады, жырсүйер елдің атынан сый-сияпатын табыстады.
Кеш барысында ақындар С.Рахмет, А.Ахметбеков, С.Ақсұңқарұлы, Б.Мырзабеков, Ғ.Ештанаев, М.Сейтқазинов, А.Ораз ақжарма тілектерін арнау жырмен жеткізді. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер де шырқалды.
Кеш иесі жылы құшағына алып, кең пейілін танытқан туған жердің халқына шынайы алғысын білдірді, жырдан шашу шашты.
Режиссер Теміржан Жанботаев сахналаған «Қара орамал» спектаклі екі күн қатарынан С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрында қойылды.
Жезқазған