• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫНДАР

510 рет
көрсетілді

Жаңа конституциясын қабылдағалы жатыр Кеше Қырғыз Республика­сы­ның Қазақстан Республикасындағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Жаныш Рүстенбеков 2010 жылғы 27 мау­сымда Қырғыз Республикасының конституциясын қабылдау мәсе­ле­лері бойынша референдум өткізу жай­ында баспасөз мәслихатын өткізді. Елдің жаңа конс­ти­ту­ция­сын қабылдау жағдайды түпкілікті тұ­рақтандырып, елдің эко­но­ми­ка­лық жағынан дамуын жеделдету үшін қажет. Осыған байланысты Уа­қытша үкімет Қырғызстан пре­зи­дентін және Жогорку Кенеш де­путаттарын сайлау үшін 2010 жыл­ғы 19 мамырда “Өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының прези­денті туралы” декрет қабылдады. Осыған сәйкес Уақытша үкіметтің төрайымы Роза Отунбаеваға Қырғызстан президенті өкілеттігін 2011 жылғы 31 желтоқсанға дейін ат­қару міндеті жүктелді. Бұдан бөлек Роза Отунбаева Қырғызстан үкіметі құрылғанға дейін премьер-министр қызметін де атқаратын болды. Ал 2010 жылғы 27 мау­сымға белгіленген референдумда дауыс берушілер бір сұраққа – Қырғыз Республикасы конститу­ция­сының жобасы және Қырғыз Республикасы конституциясының қызметін енгізу туралы сұраққа жауап береді. Жаныш Рүстенбековтің ай­туын­ша, конституция жобасы ал­ғаш рет барлық азаматтардың ұсы­ныстарын ескере отырып дайын­дал­ған және талқыланған. Баспасөз мәслихатында Қыр­ғыз­стан елшісі конституция жоба­сында президенттің өкілеттігі ай­тарлықтай қысқарғандығына да тоқталды. Елдің жаңа конс­титуциясында президент қаржы және экономиканы реттеуге қаты­са алмайды, сондай-ақ үкіметтің кадр­лық саясатына да аралас­пайды. Дегенмен, елдің жаңа конс­ти­туциясында Жогорку Кенешке және үкіметке бірқатар өкілет­тік­тер берілген. Мысалы, парламент премьер-министр мен үкімет мү­шелерін құрады және үкімет пар­ламентке есеп береді. Егер Жогор­ку Кенеш үкіметке сенімсіздік көр­сетсе, президент үкіметті отс­тавкаға жіберуге немесе Жогорку Кенештің мерзімінен бұрын сайлауын жариялауға құқығы бар. Қырғызстан елшісі, сондай-ақ сай­лауда жеңіп шыққан партияның үкіметті құруына байланысты да пікір білдірді. Оның хабардар етуінше, парламент депутаттары пар­тиялық тізім бойынша сай­ланады. Егер қандай да бір партия сайлауда 90 пайыз дауыс алғанмен, ол партия парламенттегі 120 ман­даттың 65-ін ғана алады. Қалған 55 депутаттық орын белгіленген кедергілерді еңсерген партияларға тиесілі. Жаңа конституцияның жоба­сын­да қырғыз тілі мемле­кет­тік, ал орыс тілі ресми тіл мәрте­бесін сақтайтындығы нақтыланған. Мәслихат барысында Қырғызстан елшісіне Өзбекстан мен Қыр­ғызстан шекараларындағы жағдай­ға қатысты сұрақ қойылған еді. Елшінің хабардар етуінше, ондағы жағдай тұрақтанды, екі елдің ше­ка­ралары тиісті келісімге сәйкес қайта ашылды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.