• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Жастар 25 Мамыр, 2023

Қала тарихын қосымшамен таны

410 рет
көрсетілді

Алматыдағы №15 гимназияның оқушысы Тимур Қырбасов қала тарихын зерттеуге арналған бірегей қосымша ойлап тапты. Көше немесе аялдамаға жақындаған кезде қосымша автоматты түрде іске қосылып, нысан туралы пайдалы, танымдық ақпарат ұсынады.

Оны «Google Play» және «App Store» арқылы жүктеп алуға болады. Жобада қала, ел тарихы туралы ақпаратты еркін түрде бекітудің екі әдісін енгізу қарастырылған.

«Жоба «Менің қаламның, елімнің тарихын зерттеуде ICT-технологияларды қол­дану» деп аталады. Бұл – бұ­ған дейін өзім дайындаған екі шағын қосымшаның бі­ріктірілген нұсқасы. Біріншісі – қоғамдық көліктегі ескерту жүйесін жаңарту арқылы қала тарихын таныстыру. Аталған идея қоғамдық көліктердегі дыбысты хабарламалар арқылы тарихи ақпаратты қосуға арналған. Екіншісі – «Aialdama» мобильді қосымшасы. Мен әзірлеген мобильді қосымшаны пайдаланушы көшені кесіп өткен сәтте сол көшеге қатысты немесе сол аумақтағы ны­сан­­дар туралы ақпарат бе­ре­ді. Жобаның мақсаты – оқушыларға ел тарихын күн­делікті өмірде танып-білуге көмектесу. Тарихты білу маңыз­ды», деді Тимур Қырбасов.

Жас өнертапқыштың бас­та­масымен құрылған «ENACTUS» командасы мектеп кәсіпкерлігінің II рес­­­публикалық чемпио­на­ты­­ның финалисі атанған. Гим­­назия базасында ашылған оқу­­шы­лардың практикалық-теориялық орталығы жоғары сынып оқушыларына нақты кәсіпорында таңдалған ма­мандықты практикалық түрде тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Тимур үш жобаның авторлық құқы­ғын қорғады. Кейінгі үш жылда халықаралық және республикалық ғылыми жо­балардың жүлдесін иелен­ді. «ICT Solutions Kazakhstan» байқауында жобаны іске асыруға 1 млн теңге ұтып алды. Сондай-ақ 2023 жылдың «Жыл оқушысы» атанды. Өткен жылдың 1 маусымында оның «Алматы БалаFest» қалалық фестивалінде Мем­лекет басшысының нұсқау­шысы болғанын да еске сала кетейік.

Қазір Тимур оқитын №15 гимназия білім беру бағдарламасының негізгі үш бағытына басымдық беріп отыр. Олар – оқушының ағыл­шын тілін жақсы меңге­руі, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­тарына ынталандыру жә­не көшбасшылық қа­сиет­­терді шыңдау. Осы ба­сым­дықтардың нәтиже­сін­де Ти­мур секілді жас жеткін­шектер өз жобаларын сәтті қорғап жүр.

 

Мерей АУҒАЛИ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті