• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Мамыр, 2023

46 млрд долларға арттыруға қабілетті

291 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездесуді одан әрі жалғастырып, саладағы проблемалық мәселелер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылауға ерекше ынта білдірді. Жуырда өткен жиынға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері қатысты.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ішкі резервтер есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті 46 млрд долларға ұлғайтуға болаты­нын, сонымен бірге Қазақстан макро­өңір нарығына қосымша жал­пы құны шамамен 300 млрд дол­ларды құрайтын өнім жеткізуге әлеуеті бар екенін хабарлады.

Отандық өндірісті дамыту мүм­кіндігі жоғары негізгі бағыт­тардың қатарында мұнай-газ машиналарын жасау, құрылыс материалдарын, азық-түлік және тыңайтқыштар шығару, болат өнім­д­ерін, алюминий және мыс са­лаларының тауарларын өндіру, те­мір рудасын, мақта талшығын, жүн, былғары өңдеу және басқалар бар.

Тікелей мемлекеттік ынталандыру шарасы аясында биыл 500 млрд теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстан Даму банкінің же­лісі арқылы қаржыландыру жос­парланып отыр.

Ауыл шаруашылығы минис­трі Ербол Қарашөкеев қазір­гі уа­қытта республиканың агро­өнер­кәсіп кешенінде оң даму үр­­дісі қалыптасып отырға­нын атап өтті. Бұл ретте мем­ле­­­кет қаржыландырудың қол­же­тімділігін кеңейту және өнді­рілген өнімді өткізудің жаңа нарық­тарын ашу бойынша жұмысты жалғастырып келеді.

Мәселен, субсидиялауды реформалау бөлігінде бизнес-қоғам­дастықтың ұсыныстарын ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағыт­талған, бірақ қолданыстағы жүйе­нің негізгі контурларын сақтай отырып, нақты өзгерістерді көздейтін өзара мәмілеге негізделген нұсқа әзірленді.

Сонымен қатар Бірыңғай ақ­парат­тық жүйені енгізу шеңбе­рінде ауыл шаруашылығы өн­діру­шілеріне субсидиялардың қол­жетімділігін арттыру үшін кезек тәртібімен берілген өтінімдерді қанағаттандыруға кепілдік бере­тін «күту парақтары» іске қо­сылды. Жалпы, биыл ауыл шаруа­шылығын субсидиялауға кемінде 425 млрд теңге бөлінетін болады.

«Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ арқылы биылғы көктемгі егістік жұмыстары мен орақ нау­қанына 140 млрд теңге бө­лінді, оның 70 млрд-ы орта мер­зімге арналған қаражат және келесі жылғы сәуір айына дейін қай­тарылады.

Несиелеуге келетін болсақ, фор­вардтық сатып алу бағдар­ламасы жалғасады. «Азық-түлік кор­порациясы» ҰК» АҚ ар­қы­лы 71 млрд теңгеден астам қаржы, сондай-ақ ауыл шаруа­шы­­лығы және мал азығын да­йындауға арналған техника сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар барлық өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, АӨК-тегі инвестициялық жобаларды несиелендіру бағдарламасын іске асыру басталады. Биыл ол арқылы 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысын салуға 100 млрд теңге бағытталатын болады. Несиелерді 2,5%-бен 10 жыл мерзімге, ең жоғары мөлшері 5 млрд теңгеге дейін беру жоспарланып отыр.

Отандық мал шаруашы­лығы өнімдерін өткізу нарықта­рын кеңейту үшін отандық кә­сіп­орын­дарды экспорттаушы­лар­дың шетелдік тізіліміне енгізу жұ­мыстары жүргізілуде. Бүгінде 3 282 кәсіпорын өз өнімдерін шетелге жеткізуге құқылы.

Өсімдік шаруашылығы өнім­деріне келетін болсақ, соңғы екі жылда отандық 901 кәсіп­орын Қытайдың Бас кеден бас­қармасының реестріне енгізілген.

Кездесуге қатысушылар жеңіл­детілген қаржыландыруды ұсыну, субсидиялаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, өндірісті жаң­ғырту және автоматтандыру, ин­же­нерлік инфрақұрылымға қо­сылу, жер ресурстарының қол­же­тімділігі, шағын өнеркәсіп ай­мақ­тарын дамыту, өндірістегі отандық үлесті арттыру, экспортты қолдау, жосықсыз бәсекемен күрес және басқа да бірқатар мәсе­лені талқылады.

«Еңбек», «Қазақстанның жылыжай технологиялары», «СНН», «Turkey PVL», «Радуга», «Asyl Farms», «Адал-Агро», «Asyl Farms», «Tehnopark KZ» және т. б. ком­­па­ниялардың басшылары сөз сөйледі.

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары көтерілген тақы­рыптар бойынша егжей-тегжейлі түсініктемелер берді. Атап айт­қанда, кездесу барысында бірнеше түйткілді мәселені шешу жолдары айқындалды, қалғандары бойынша Премьер-министр уәкілетті ведомстволарға тиісті пысықтау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Әлихан Смайылов Үкімет орта бизнестің жаңа өндірістерді құру және кеңейту жөніндегі бастамаларын белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Мұндағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары қатарында өндірістегі отандық үлесті арттыру, жаңа технология­ларды енгізу, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, терең өңдеу технологиясына негізделген бә­секеге қабілетті өнім жасау, зама­науи инфрақұрылымды дамыту бар.

«Ол үшін өндіріс циклінің барлық кезеңінде яғни, шикізат базасынан бастап дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға сатуға дейін қолдау көрсетіледі», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы биыл индус­трияландыру желісі бойын­ша

1 трлн теңгеден астам сомаға 170 жобаны, АӨК-те жалпы құны 540 млрд теңге бола­тын 300 жобаны іске асыру жос­парланып отырғанын айтты. Со­нымен қатар салықтық және ке­дендік артықшылықтар тіз­бесі, оның ішінде дайын өнімді экспорттаушылар үшін ке­­ңейтілуде. Жергілікті деңгей­де жер учаскелерін бөлу, инфра­құрылым жүргізу және әкімдік­тердің құзыретіне кіретін басқа да мә­селелер бойынша қолдау көр­сетіледі.

Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру да маңызды бағыт екенін атап өтті.

«Мемлекеттен қолдауға ие бол­ған бизнес субъектілері өз өнді­рісін кеңейтіп, шикізаттық емес өнім шығару көрсеткішінің өсуін қамтамасыз етуге тиіс. Мұнда ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге басымдық беру керек. Әрбір жоба бойынша нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізу керек, бұл экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құ­руға үлес қосады», деді Үкімет бас­шысы.