• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 30 Мамыр, 2023

Шағын бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі

622 рет
көрсетілді

Экономикамыздың жақын келешектегі драйвері саналатын шағын және орта бизнес саласы қарқын ала түсті. Қазір бұл салаға барлық қаражат та, қолдау да беріліп жатыр. Әрине, ШОБ-ты қолдауда шикіліктер де жоқ емес. Бірақ жалпы назардың оң екенін айтпасақ тағы болмайды. Қалай болғанда да ШОБ – нарықтық экономиканың даму негізі. Кәсіпорындар жұмыс орнын ашып, бюджетке салық төлеп, халықтың қаражатын айналымға шығарып, монополиямен күресуге көмектеседі.

Жалпы, әлемдегі жағдайға қа­рай­тын болсақ, ШОБ-тың жаһан­дық ықпалы орасан. Әлемдегі барлық кә­сіп­орындардың 90%-ы микро, шағын және орта кәсіпкерлікке тиесілі (МШОБ). Олар жұмыс орындарының 70%-ын қамтамасыз етеді. Ал ІЖӨ-дегі үлесі – 50%. Осылайша, МШОБ эко­­номиканы қалпына келтіруде ма­ңыз­ды рөл ойнайды.

Бізде шағын және орта бизнес даму жолында және сектордың көр­сет­кіші әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Дамыған елдермен салыстыратын болсақ, айыр­ма­шылық одан да көп. Дамыған ел­дерді былай қойып, көршілес Өзбек­станның өзімен бәсекелесе кетуге әзір дайын емеспіз. Бізде ІЖӨ құры­лы­мындағы ШОБ үлесі 36,5%-ды құраса, көрші елде бұл көрсеткіш 50%-дық межеге әлдеқашан иек арт­қан.

2030 жылға қарай 600 миллион­нан астам жаңа жұмыс орнын ашу қажеттілігі туындайды екен. Тиі­­сін­ше бүкіл әлем бойынша көп­­те­ген елдің үкіметі үшін шағын биз­несті да­мыту басым бағытқа айна­ла­ды. Да­му­шы елдерде әрбір он қыз­мет­­кердің жетеуі жеке жұмыс іс­тейді және ша­ғын кәсіпорындарда ең­бек етеді деп дерек келтіреді Ranking сарапшылары. Дамушы ел­дер­­дегі шағын және орта бизнеске ин­­­вестицияны жыл сайын 1 трлн дол­лар­ға арттыру тұрақты даму сала­сын­дағы мақ­саттарды орындау жолында айтар­лық­тай алға жылжуға мүм­кіндік бере­ді дейді мамандар.

ШОБ субъектілерінің даму көрсет­кіші тұрғысынан соңғы жылдары оң динамика байқалып отыр. Мысалы, 2022 жылы ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі бір жылда 3,2 пайыздық тармаққа өсті. Ал елімізде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны, 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша бір жылда 31,6%-ға өсіп 2 млн-ға жетті.

«Соңғы жылдары біздің елдегі ШОБ-ты дамытудың негізгі драй­вер­лерінің бірі — цифрландыру. Мысалы, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны­ның айтарлықтай өсуі ин­тер­нетті пайдаланатын ұйымдар са­ны­­ның өсуімен сәйкес келеді. Мә­селен, бір жыл ішінде олардың саны 16,3%-ға өсті, бұл саланы цифр­ландырудың маңыздылығын көр­се­теді. Сонымен қатар ел банктері ұйымдарға электрондық қызметтер ар­қылы көптеген мүмкіндіктер бе­ре­ді, бұл кәсіпкерлік қызметті ай­тар­лықтай жеңілдетеді. ШОБ үшін екін­ші деңгейлі банктер цифрлық қызметтерінің танымал болғаны сон­ша, ірі банктер осы мақсаттар үшін жеке қызметтер мен мобильді қо­сым­шаларды жасап шығарды», деп мәлімдейді Ranking.

Қазір технология барлық үдеріс­тер­ді жеңілдеткендіктен, ШОБ-тың онлайн режімге көшуі көлеңкелі эко­номиканы азайтуға оң әсерін тигізу­де. Егер бұрын бизнес ашу үшін көп уақыт, ақша және күш қажет болса, қазір барлығы интернет арқылы бір­неше минутта, шығынсыз және уақыт жоғалтпай жасалады.

Ал саланың дамуына бюрократия, кәсіп ашудағы және оны заңды түрде жүргізудегі қиындықтар сияқты факторлар кедергі келтірді.