• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Мамыр, 2023

«Жер аманатына» адалмыз ба?

485 рет
көрсетілді

Президенттің игерілмей жатқан жайылымдық және заңсыз жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру тапсырмасы аясында «Amanat» партиясы және «Жер аманаты» комиссиясы мүшелерінің араласуымен Алматы облысында 44 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Партия алдағы уақытта өңірдегі 220 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр.

Ұлтарақтай жерге зәру қарапайым халықтың мұң-зарына құлақ асқан «Amanat» партиясының хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек комиссия­ның өзге де мүшелерімен бірге Алматы облысының ауыл тұрғын­дарымен кездесіп, жайылым тапшы­лығы мәселесін талқылады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің тозуы, дизель отынының қымбатшылығы, мемлекеттік суб­си­диялардың жетіспеушілігі, басқа да сыздауықтай солқылдап тұрған мәселелерді көтерді.

Күнкөріс көзіне айналған қараң-құраң малын үйден ұзатып жая алмаудың қиындығын қала ма­ңындағы ауыл тұрғындары түгілі, бір кездері жайлау төсі мыңғырған малға толған Райымбек, Кеген аудандарының тұрғындары да көріп келеді. Қазір аралап өтер болсаңыз, атақты Шалкөде, Қарқара жайлаулары гектарлап қоршалып, қала берді ор болып қазылып, көлік түгілі атты адам өте алмайтындай жасап тастаған. Алпауыт кәсіпкерлердің бұл қылығы байырғы ауыл тұрғындарының ашуы­на тиіп, «қан қысымын» көтереді.

Жайылымның жоқтығынан ауыл тұрғындарының малы қора ма­ңынан қарыс қадам ұзай алмайтын­дығы жайында Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны Ысқақ Өмірәлиев ашына жеткізді. Жақын маңдағы жер иелері жергілік­ті тұрғындардың малын өз аумағына өткізбейтіндігі, соған қа­рай жайы­лымдарды өздері де пай­­да­лан­байтын­дығы ауыл азамат­тарының ашу-ызасын тудырып отыр.

– Аудан аумағындағы бір­неше мың гектар жер жеке мен­шік иелігінде. Алайда жерді иге­ріп жатқан ешкім жоқ. Не мал жайылмайды, не жер жыртылмайды. Қарапайым халық сонда не істеуі керек? Сонымен қатар суару маусымында су тапшылығы мәселесі пайда болады. Соның кесірінен, шаруа­шылықты дамыту қиынға соғып отыр, – деді ол.

Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылға­нын атап өтті. Сондай-ақ, тағы да 18 мың гектарды қайтару бо­йынша белсенді жұмыс жүріп жатқандығын жария етті.

«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Райымбек ауданы­ның тұрғындарын толғандырған та­ғы бір түйінді мәселе – шекара ма­ңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін рәсімдеу екенін атап өтті.

– Көп адам ҚХР-мен мем­ле­кеттік шекара белгіленбей тұрып жер алып, оған өмір бойы мұрагерлік құ­қы­ғы­на ие болды. Қазір оны заң­­дас­тыру мүмкін болмай тұр. Жер кодексінің 24-бабына сәй­кес, шекара маңында орна­лас­қан ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жер жеке меншікке және пайдалануға берілмейді. Тіпті әкімдік қаулысының негі­зін­де уақытша жер пайда­лану­­ға толық құқығы рәсімделген тұл­ғаларға да шекара маңы айма­ғындағы жерге мемлекеттік акт берілмейді. Соған байла­ныс­­ты, шаруалар ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы суб­си­­дия­лар мен өзге де мемле­кет­­тік көмекке өтінім беру мүм­кіндігінен айырылды. Бұл мә­се­лені «Жер аманаты» комис­сиясы қарастырады, – деді Бақытжан Базарбек.

Бұдан соң, партиялықтар Кеген ауданындағы Кеген ауы­лының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы жергілік­ті шаруалар да ауыл шаруашылығына арналған жер тапшылығы мәсе­лесіне алаңдап отыр.

– Былтыр аудан аумағында біраз мал қырылды. Жайылым да, шабындық та жоқ. Малға азық, жем-шөп дайындай алмаймыз. Ең құнарлы жер кә­сіпкерлерге тиесілі «Қазмясо» компаниясы 17 мың гектарға иелік етіп отыр. Ал ауданда мал бағатын жері жоқ қаншама отбасы бар. Қандастарымыздың 40 отбасына осы уақытқа дейін жер берілмей келеді. Тіпті, ауыл айналасындағы жер де жеке меншік иелікте, – дейді ауыл ақсақалы Бұршақбай Белеков.

Өз кезегінде Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, пайдаланыл­май жатқан және заңсыз бөлін­ген ауыл шаруашылығы жер­лерін мемлекет меншігіне қай­тару жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте, «Amanat» партиясының басым міндеттерінің бірі – қайтарыл­ған жердің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылауды қамтамасыз ету.

– Әр учаске мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. «Жер аманаты» комиссиясының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының жайылымға тең қолжетімді­лі­гін қамтамасыз ету. Биыл 1 қаңтардан бері Алматы облысында 44,6 мың гектар жер қайтарылды. Жыл соңына дейін 220 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтаруға уәде береміз. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Латифундистермен күрес жалғаса береді, – деді партия хатшысы.

Комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ұсын­ған мәліметке сүйенсек, был­­тыр Алматы облысында ­мем­­лекет меншігіне 113 мың гек­тардан астам жайылым­ қай­­тарылған екен. Оның 57,8 мың гектарын меншік ие­лерінің өз ер­кімен, 13,3 мың гектар жер сот­ шешімімен қай­­та­рыл­ған. Бұған дейін «Жер ама­­на­ты» комиссиясының бас­­та­­­ма­­сымен jerkarta.qharysh.kz гео­сервисі әзірлеген еді. Ол ел­ді мекендердегі жайылым тап­шы­лығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсетеді.

Жалпы, ел аумағында былтыр «Жер аманаты» комиссия­сының тікелей араласуымен пай­даланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Amanat» партиясы өкіл­де­рінің Алматы облысына іс­сапары Қонаев қаласында тү­­йін­делді. Онда халықпен кез­­де­­суде «Жер аманаты» комиссия­­­­сы­­ның төрағасы Дәулет Кәрібек ­пен Ауыл шаруашылығы министр­лігі Жер ресурстарын басқару ко­митетінің төрағасы Мұрат Теміржанов жайылымдық және суармалы жерлерге байланыс­ты мәселелерді тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады. Жоғары шенділерге жер дауын арқалап Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарының тұрғындары келді. Олардың проблемаларын мұқият тың­даған партия мүшелері мәселе­нің шешім табуын аяқсыз қал­дырмауға уәде етті.

«Amanat» партиясы мен «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен кездесудің сәті түспеген Саты ауылының тұр­ғындары хабарласып, ірі «инвесторлар» қараусыз қалдыр­ған жерді халыққа қайтаруды сұрайды.

«Казмясо» деген ірі ет өнді­ру­ші бар. Кеген ауданы тұр­ғын­дарының айтуынша бұл компания аудан аумағында шамамен 20 мың гектар жерді иеленіп отыр. 5 мың бастай сиыры болса керек. Аудандағы ескікөз малшылар КСРО кезінде тек Бөлексаз ауылында ғана 7 мың бас ірі қара бордақылайтын­быз. 5 мың бас үшін 5 ауылдың жерін иемдену сұмдық», деген сатылықтар: «Казмясо» ауыл іргесіндегі 280 гектар жерді қоршап алып, кейін тастап кет­ті. Қазір қоршаулы күйінде бос жатыр, ал біздің мал жаятын жеріміз жоқ. Жерді халыққа қайтарсын!» деген талаптарын жеткізді.

 

Алматы облысы