• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Энергетика 31 Мамыр, 2023

Энергия тарифі ырық бермей тұр

264 рет
көрсетілді

Күні ертеңнен бастап елімізде электр энергиясының тарифі 24 пайызға бір-ақ көтеріледі. Неге қымбаттайтынының 40 түрлі себеп-салдары бар. Солардың бір парасын Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында айтып берді.

Электр энергиясы тарифінің неге көтеріліп жатқан себебі­не­ тоқталмас бұрын, ел игілігі үшін деп атқарылып жатқан бір­қа­­тар іс-ша­раға назар аудар­ғаны­мыз жөн. Сонымен осы жыл­дың 1 шіл­десінен бастап елімізде электр энергиясын бірыңғай са­тып алу­шы­ның моделі іске қосыла­ды. Бұл ақ­паратты да аталған ведом­ство­ның вице-министрі Жандос Нұрма­ғанбетов болған брифингте мәлімдеді.

Электр энергиясын орталық­тан­дырылған сатып алу және сату моделін енгізу елдің энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу реттеуді талап ететін және электр энергетикасы саласын ре­формалауға көзделген бірқатар ағым­дағы мәселелерді шешуге ба­ғытталыпты.

Қуат көзін бірыңғай сатып алу­шы саладағы қалыптасқан жағ­дай­ды, атап айтқанда, жүйедегі жос­­парлы теңгерімсіздіктерді, электр энергиясының болжамды тап­шылығын, энергия өндіруші ұйым­дардың әртүрлі тарифтеріне бай­ланысты бәсекелестіктің тең емес жағдайларын және генера­ция­­лаудың жаңа көздерін, оның ішінде ЖЭК салу жөніндегі жоспарларды ескере отырып ен­гізіліпті.

Бірыңғай сатып алушының ұсы­нылған моделі – электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сатуға мүмкіндік береді деп күтілуде екен. Бірінші кезекте, электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алып­сатарлық операцияларды болдыр­мау ләзім. Екінші кезекте, өнімсіз делдалдарды қысқарту қажет. Сон­дай-ақ үшінші кезекте электр стан­саларының техникалық мүм­кіндіктері негізінде тәуліктік гра­фиктерді қалыптастырудан тұты­нушылардың нақты графиктеріне кету есебінен шектес энергия жү­йе­лерімен шекарадағы электр энер­гиясы ағындарының мемле­кет­аралық сальдосының ауыт­қуын барынша азайту керек. Бұлар­­мен қатар, жаңадан іске қосылатын генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін және тапшылық ке­зінде импорттық электр энергия­сының бағаларын, жұмыс істеп тұрған стансалардың ағымдағы тарифтерін теңестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ болашақта өңірлер арасында электр энергиясының тарифтерін теңестіруді жүзеге асы­ру аса маңызды.

 

Электр стансаларының техникалық аудиті аяқталды

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баспасөз конференциясында елдегі электр стансаларының техникалық жай-күйі және оларды қалпына кел­тіру бойынша қабылданып жат­қан іс-шаралар туралы да кеңінен әңгімеледі.

Есте болса, өткен жылдың аяғын­­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­­масы шеңберінде 2022 жылдың жел­тоқсанынан 2023 жылдың нау­рызына дейін KPMG бастаған халықаралық сарапшылар тобы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазақстанның электр стансаларына ауқымды техникалық аудит жүргізу бойын­ша жұмыс бастаған бола­тын. Сол іс-шара бойынша іс басталып, нәтижесінде барлығы 55 электр стансасы зерттеліпті. Жылу стансаларының негізгі жә­не қосалқы жабдықтарының тех­никалық жай-күйіне және оны пайдалану шарттарына ерекше назар аударылған.

Тексеру қорытындысы бойынша барлық стансалар жабдықтың техникалық жай-күйіне, пайдалану мерзімдеріне, отынның үлестік шығынының көрсеткіштеріне, ава­рияға бейімділігіне, персонал­мен қамтылуға және жөндеу жұ­мыс­тарын орындауға байланысты санаттар бойынша бөлінгенін айтқан министр орынбасары, саладағы қордаланған көп мәселенің бүге-шігесі келесі айдың соңына дейін орнықты шешімдерін табатынын айтты.

Брифингке қатысып, спикерлік еткен Дүниежүзілік банктің энергетика жөніндегі аға маманы Sandeep Kohli-дің айтуынша, Қазақстанның энергетикалық сек­торы ауқымды ЖЭК аукцион­дары және «қызыл санатқа» жат­қызылған электр стан­саларын ауыс­тыру бойынша неғұрлым орнық­ты, сенімді, таза және заманауи энер­гетикалық жүйеге айналуы әбден ықтимал екен.

Енді келесі айдың соңына қа­рай техникалық қызмет көрсетуді одан әрі пайдалану және жүргізу жөніндегі қысқа уақытты және ұзақ мерзімді іс-шараларды көр­сете отырып, әрбір станса бойын­ша егжей-тегжейлі іс-шаралар жос­пары дайындалатын көрінеді. Сондай-ақ брифинг барысында Жандос Нұрмағанбетов Энер­гетика министрлігі негізгі мақсаты генерациялау секторының инвес­тициялық тартымдылығын арттыру арқылы тозу деңгейін кемінде 15 пайызға төмендету болып табылатын «Инвестиция орнына – тариф» жаңартылған бағдарлама­сын іске асыруға кіріскенін арнайы хабарлады.

Оның айтуына қарағанда, жа­­ңар­тылған бағдарламаның ма­ңыз­ды бөлігі кәсіпорындар тара­пынан қолданыстағы қолдау тетік­тері мен кері міндеттемелерді кү­шейту болып табылады. Мәсе­лен, бүгінгі күні министрлік бе­ріл­ген өтінімдерге сәйкес 47 энер­гия өн­діруші ұйымның 27-сі үшін электр энергиясына шекті та­риф­терді түзеткен, олардың тариф­терінің орташа өсуі шамамен 24 пайызды құрайды екен.

Сонымен қатар инвестицияларды қайтару лимитін 428 млрд теңгеге дейін ұлғайту бойынша заңнамаға тиісті түзетулер ен­гі­зілген. Бұл жұмыс істеп тұр­ған стансаларды жаңғырту мен кеңейту және реконструк­ция­лау жөніндегі жобалар пулын ұл­ғайтуға мүмкіндік береді. Техникалық аудит қорытын­ды­лары мен әзірленген іс-шаралар жоспарын ескере отырып, тозудың ең жоғары деңгейі бар стансаларға басымдық берілетін болады.

Мұнымен бірге, электр қуа­ты­ның жүктемені көтеруге әзір­лігін ұстап тұру бойынша қыз­меттер көрсетуге арналған шекті тарифті айына 590 мың теңгеден 1,5 млн теңгеден асатын деңгейге дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп келе жатқан көрінеді. Бұл іс-шара жобаларды (оның ішін­де түтін құбырлары мен күл үйін­ділерін) іске асыру кезеңінде қа­ра­жат ағынын қамтамасыз ететін көрінеді.

Өз кезегінде, энергия кәсіп­орын­дары үшін өз активтерін да­мы­туға тарифтерден алынатын қаражаттан басқа, өз табысының бір бөлігін салу бойынша қарсы міндеттемелер енгізілетін болады.

Ұсынылған іс-шараларды толық­қанды іске асыру үшін уәкілетті органның бақылау функцияларын «Инвестиция орнына – тариф» саясаты шеңберінде алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына қайтару, сондай-ақ салынған инвестициялар шең­берінде қол жет­кізуге керек көр­сет­кіштерді белгілеу қажет», деді энергетика вице-министрі.