Петропавл қаласында Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арналған екі күндік «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы өтті. Іс-шараға еліміздің және шетелден келген білікті тарихшы ғалымдар қатысты.
Форумның жалпы отырысын «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Паули ашып, қазақ тілінде жүргізіп отырды. Жиында аштық пен саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеген ғалымдар сөйледі. Соның ішінде Мемлекет тарихы институты директорының міндетін атқарушы, профессор Бүркітбай Аяған Мағжан Жұмабаевтың аштық жылдарындағы саяси қайраткер ретіндегі күресі туралы тың деректерді алға тартты. Қазақ даласына большевиктер билігі орнаған алғашқы жылдары-ақ аштық басталған. Соның ішінде Азамат соғысының кесірінен 1921-1922 жылдары болған аштықтың азабы да аз болмады. Сол жылдары Ақмола губерниясында өмір сүрген 1 млн 21 мың халықтың 471 мыңы аштыққа ұшыраған. Петропавл мен Көкшетау уездерінде 62 мың қазақ, 30 мыңға жуық орыс халқы аштықтың азабын тартқан. Петропавл қаласында аштық басталған 25 күнде ғана 70 адам аштан өліп кеткен. «Осындай деректерге аштық тақырыбын зерттеуші ғалымдар әлі күнге терең мән бермей келеді. Олар негізінен 1931-1933 жылдардағы аштықты ғана қамтиды», деді Б.Аяған.
1922 жылдың 5 мамырында жергілікті өкімет аштықтан зардап шегушілерге көмек ұйымдастыратын төтенше комиссия (Помгол) құрып, оның төрағасының орынбасарлығына Мағжан Жұмабаевты тағайындайды. Мағжанның «Петропавл-Кокчетав» теміржолы құрылысын жүргізуші кәсіпорынның басшысы Ильинге аштыққа ұшырағандарға көмек қолын созуды талап еткен жеделхаты сақталған. Үкімет басқаларға көмек жасамаса да, темір жол құрылысын жүргізуші кәсіпорындарға астық пен азық-түлікті мол беріп тұрған көрінеді.
Бүркітбай Аяған баяндамасында Мағжан Жұмабаевтың ақын ғана емес, мыңдаған халықты аштықтан құтқаруға белсенді араласқан мемлекеттік тұлға болғанын да атап өтті. Басында ол «Помгол» төрағасының орынбасары, кейіннен оның төрағасы қызметіне өсіріледі. Бұдан Мағжанның ұйымдастырушылық қабілеті де, білімі де мойындалғанын көруге болады. «Мамырдың 22-сі күні ол Ғалым Жақыповты Сарыайғыр, Келтесор, Тайынша, Жамантұз, Тораңғұл болыстарындағы аштыққа ұшырағандарға көмек ұйымдастыруға жіберіп, нақты тапсырмалар берген. Жергілікті органдардың аштыққа ұшырағандардың тізімін жедел жасап, ақпарат берулерін, азық-түлік қорын есепке алуын және жиналған көмекті «Помголдың» рұқсатымен аштарға дұрыс бөлінуін қадағалауды тапсырған», деді ғалым.
Баяндама жасаған басқа ғалымдар да аштықтың көлемін айқындап берді. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Құрманғали Дәркенов 1931-1933 жылдардағы аштықтың бір себебі өкіметтің қазақ шаруаларының малдарын тартып алып, сойып етке өткізгенінде екенін айтты. «1931 жылы орталық өкіметке ет дайындап, жөнелту жұмысымен Қазақстанға А.Микоян келген. Сол жылы Қазақстан өкіметке 493 мың 500 тонна ет өткізіп, бұл көрсеткіш бойынша одақтас республикалар арасында бірінші орынға шыққан. 45 миллион мал басынан келесі жылы тек 4-ақ миллион қалған», деді Қ.Дәркенов. Ал аштық болғанда халықтың өз малдарын сойғаны үшін ғана «халық жауы» қылып шығарып, қуғын-сүргінге ұшыратқан. Тіпті бір үйден 3-5 ағайынды жігітке дейін соттап, ату жазасын бергені айтылды. «Аштықтың кесірінен халық қырылып жатты, ал қырылмағаны жер ауып кетті. Орта жолда жан тапсырғандары да бар. Мәселен, зұлмат жылдары Жаңаарқа ауданында тұрған 25 мың халықтың 5 мыңы ғана аман қалған», деді ғалым.
Форумның жалпы отырысында Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің доценті Саламат Балабаев, Польшаның Гданск қаласы мұражайынан тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Панто, әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, қаза тапқан Петропавл қаласының тұрғыны Болат Мағазов сөз сөйледі.
Алғашқы күні форумға қатысушылар Мағжан Жұмабаевтың туған жеріне барып, ондағы ақынның музейімен танысты, туған-туыстарымен кездесті. Ал келесі күнгі жалпы отырыс басталмас бұрын қонақтар Солтүстік Қазақстан облысында қуғын-сүргін көрген азаматтардың архивтегі құжаттарының көрмесін тамашалады.
Солтүстік Қазақстан облысы