Халқымызды қырғынға ұшыратқан ХХ ғасырдағы аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары Алматы облысында да жүйелі жүргізіліп келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Алматы облыс әкімдігі жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бес жұмыс тобы құрылып, архив қызметкерлерімен бірлесіп зерделеу және анықтау жұмыстары атқарылып жатыр. Нәтижесінде, жалпы саны 2003 іс, 4 291 адам – саяси қуғын-сүргін құрбандары толық ақтауға жататындығы анықталған.
– «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің екі жабық қорына 2021 жылдың шілде-тамыз айларында екі кезеңмен, атап айтқанда, №685 «Алма-Атинский областной исполнительный комитет», №408 «Алматы облысының прокуратурасы» қорындағы құпия құжаттарына қор құрушы мекемелермен бірлескен комиссия құрылып, құпиясыздандыру жұмысы жүргізілді. Құпиясыздандырылған құжаттар құрамында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы деректер анықталды, – дейді Алматы облысы мемлекеттік архивінің құжаттарды мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлмира Асылханова.
Архив қызметкерлерінің табандылығы арқасында сандаған жыл бойы мұрағат сөрелерінде сарғайған құжаттар жарыққа шықты. 1927-1953 жылдарға дейін саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандардың қаралы тізімі жарияланды. Ұзақ жылдан кейін ғана көптеген Алаштың ардақты азаматының есімі халқымызға қайта оралды.
– 1937 жылдың 30 шілдесінде ішкі істер халық комиссары Николай Ежовтың №00447 бұйрығы жарық көреді. Бұл бұйрық бойынша Қазақ КСР-інде 5 тамыз бен 12 желтоқсан аралығында 2 500 адам ату жазасына кесіліп, 5 мың адам ЕТЛ (еңбекпен түзету лагері) жіберілу керек болған. Бірақ Сталиннің репрессиялық саясаты 11 айға созылып 25 мың адам ату жазасына кесіліп, 103 мың астам адам ЕТЛ-ге жіберілді. Ұлт зиялыларының көпшілігі Алматы қаласындағы НКВД түрмесінде ату жазасына кесіліп, жасырын түрде Жаңалық елді мекеніне көмілген, – дейді Саяси қуғын-сүргін музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.
Әртүрлі есеп бойынша 5 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбаны Жаңалық аулының аумағына көмілген, олардың ішінде Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Капез Байғабылов, Манап Байпақов сынды тарихи тұлғалар бар. Ұзақ жылдар бойы Жаңалық елді мекені Сталиннің үлкен террорының құрбандарын жасырын жерлеген жер болып келді. Тек 1989 жылы ғана анықталып, белгі қойылды. Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгі есте сақтау мақсатында 2002 жылы Жаңалық ауылында мемориалды кешен тұрғызылып, 2018 жылы жанынан Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі үш залдан тұрады. Оның алғашқысы – еліміздегі 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы экспозициялық залында саяси қуғын-сүргін құрбандарының жеке заттары, суреттері, құжаттары және ұрпақтарының музейге сыйға берген жәдігерлері тұр. Сонымен қоса репрессия жылдарын көрсету мақсатында төрт тақырыптық диорама қойылған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған екінші залда Алматы облысы бойынша қуғынға ұшыраған 4 125 адамның есімі қара мәрмәр тасқа қашалып жазылған, ату жазасына кесілген 172 зиялының да тізімі осы залда тұр.
Үшінші зал саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеп жүрген «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының қызметіне арналған. Бұл залда аталған қоғам тарапынан шығарылған кітаптармен, зерттеулермен танысуға болады.
Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, сол жылдардағы қайғылы оқиғаларға объективті баға беру мақсатында Алматы облысындағы өңірлік комиссияның жұмыс топтары тарапынан республикалық конференциялар ұйымдастырылып, «Қастек көтерілісі. 1928 жыл», «Империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы», «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері», «1928: Мүлікті тәркілеу тарихынан – Балқаш ауданы» атты құжаттар жинағы жарық көрді.
Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен өңір жұртшылығы жыл сайын Алматы қаласынан 40 шақырым жердегі Жаңалық ауылында жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Қаралы күнге орай, Жаңалық ауылындағы мемориалдық ескерткішке жиылып, еске алу іс-шарасын өткізеді. Былтыр демеушілердің қолдауымен Жаңалық ауылында «Алаш арыстары» мешіт жамағатқа есік ашқандығын да айту артық етпес.
Тарихи жадымызда жатталған сол замандағы қиын кезеңдердің табы біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, халықтың есінде мәңгі сақталмақ.
Алматы облысы