• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Мамыр, 2023

VI жазғы спартакиадада мыңнан астам спортшы бақ сынайды

752 рет
көрсетілді

Таразда Қазақстан Республикасы VI жазғы спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Төрт жылда бір өтетін айтулы аламанның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық стадионда өткен ауқымды іс-шарада тарихи шаһардың өткенінен сыр шерткен «Көне Тараз» бейнеролигі мен «Бабалар рухы» қойылымы жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды. Кейіннен ортаға спартакиаданың туы шығарылды.

Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов төрт жылда бір өтетін дуы басым доданың маңызы зор екенін атап өтті.

«Алтыншы рет ұйымдастырылып отырған додаға еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам спортшы қатысып отыр. Спартакиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларына ең мықты спортшыларды жасақтау және халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысуға үміткерлерді анықтау.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде жастардың спортпен және дене шынықтырумен айналысуы үшін барлық жағдай жасалып, Президенттің тікелей тапсырмаларымен қолдау тауып отыр. Соның нәтижесінде ел спортшылары халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге жетелейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Спартакиаданың ұйымдастырылуына ерекше қолдау білдірген Жамбыл облысының әкімдігіне зор алғысымды білдіремін», деді министр өз сөзінде.

Кейіннен ол бокстан Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшылардың жеке жаттықтырушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасын табыстады.

Бұдан соң сөз алған өңір басшысы Нұржан Нұржігітов айтулы доданың киелі Тараз топырағында өткізілуі зор мәртебе екенін жеткізді.

«Спорт – денсаулық кепілі, достықтың берік тұтқасы. Дені сау жастар – егемен еліміздің ертеңі. Өңірімізде көптеген ауқымды спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.  4 жылда бір өтетін дәстүрлі Спартакиаданың  басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты насихаттау. Спартакиаданың ашылу салтанатының киелі Жамбыл жерінде өтуі біз үшін зор мақтаныш, мерейлі мәртебе.

Тараз топырағы талай талантты спортшылардың бағын ашқан киелі жер екені әлімсақтан аян. Олимпиада ойындарында атой салған сайыпқырандарымыздың жеңісті жолын жастарға ылғи да үлгі етіп айтып жүреміз», деді Н. Нұржігітов спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілеп.  

Бұдан соң спартакиаданың алауы жағылып, төреші, спортшы, жаттықтырушылардың ант беру рәсімі ұйымдастырылды.

Спартакиаданың ашылу салтанаты эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға және мерекелік отшашуға ұласты.