• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Банк 31 Мамыр, 2023

Интернет-банкингті меңгергендер

269 рет
көрсетілді

Ел тұрғындары арасында интернет-банкинг бедел жинап келеді. Жыл сайын пайдаланушылар саны үлкен қарқынмен өсіп жатыр. 2022 жылдың соңында онлайн және мобильді банкингті пайдаланушылар саны 22,9 миллионға жеткен. 2021 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық.

Қазір барлық дерлік банк­тің мо­бильді қосымшасы жұ­мыс істейді. Қар­жы институты басшылығы да соған үлкен мән беріп отыр. Олар үшін қа­зір банктің экожүйесін дамыту, со­ған орай мобильді банкингті жоғары деңгейде қалыптастыру, қолайлы әрі тиімді онлайн жүйе арқылы клиент тарту өте маңызды.

Finprom.kz мәліметі бо­йынша «Google Play»-дегі «Қаржы» секто­рында биыл қаңтар-наурыз аралы­ғында «Kaspi.kz», «Jusan» және «Halyk Bank» мобильді қосымшалары таны­малдылық тұрғысынан көш бас­таған. Бұл банктердің шығандап алға шығуы заңды да. Өйткені атал­ған қаржы ұйымдары кейінгі жылдары өз қосымшаларын ұдайы же­тілдірумен болды, мемлекеттік органдармен сәт­ті интеграция жасады және сер­вистерді дамытуға көп көңіл бөлді. Мысалы, «Jusan» таяуда ғана өз мобильді қосым­шасын толық жаңартты. Оның аясында дизайны да, функциясы да жаңғырды, тиісінше пайдаланушылар үшін қо­лайлы бола түсті.

Жоғарыда атап өтке­ні­міз­дей, қа­зіргі кезде банк­тер мобильді қосым­шада тек банк қызметтерін ғана тіркеп қоймайды, сонымен бірге то­лыққанды экожүйе ұсынуға тырысады. Мәселен, «Kaspi» және «Halyk» қосымшалары арқылы түрлі қызметтер ақы­сын төлеу, алуан түрлі құ­жаттар жүктеп алу­­мен қатар, жеке кәсіпкерлікті тір­кеу, жүр­гізу мүмкіндігі де бар. «Jusan Bank»-те де сервис жоғары дәре­жеде жетіл­дірі­л­ген. Өзгелерден бір ерек­ше­лігі, мұн­да бағалы қағаздар на­ры­ғына шығу үшін инвес­тициялық шот ашуға болады.

Қазір банк пен қаржы қыз­мет­терінің цифрлануы жалпы эко­но­миканың ажырамас бөлшегіне айналып келе жатыр. 2022 жылы қолма-қолсыз жасалған операциялар құрылымындағы онлайн-операция үлесі бойынша 64,6 пайызды, көлемі бойынша 82,5 пайызды құраған. Күн сайын ел тұрғындары орташа есеппен алғанда тікелей цифрлы банкинг көмегімен 15,2 млн операцияны жү­зеге асырады. Ондағы сома көлемі 234,7 млрд теңгеден асып кетеді.

Ranking.kz сарапшыла­рының айтуынша, бұл үрдіс тек Қазақстанға ғана тән емес. Жаһандық цифрлық бан­­­кинг пайдаланушылары 2024 жыл­ға қарай 3,6 миллиардқа жетеді деп болжанып отыр. Мобильді бан­кинг­ті пайдаланушылардың 94 па­йызға жуығы цифрлық банкинг қыз­меттеріне айына кемінде бір рет қол жеткізетінін айтады. Мысалы, АҚШ-та банк­тік шот иелерінің шамамен 89 пайызы өз қаржысын басқару үшін мобильді бан­кинг­ті пайдаланады.

Қазақстандағы жетекші банктердің мобильді қосым­шалары – тек негізгі банктік қызметтердің жиынтығы ғана емес, жалпы көптеген түрлі қызметтер мен мүмкіндіктерді қамтитын үлкен экожүйе. Бұған сай елде цифрлық сауаттылық та айтарлықтай жоғары көр­сеткішке ие. Мәселен, 2022 жыл­­дың қорытындысы бойынша бұл көр­сеткіш 88,3 пайызға жетіпті. 2021 жылы цифрлық сауаттылық деңгейі 87,3 пайыз болса, 2020 жылы – 84,1 пайыз, 2019 жылы – 82,1 пайыз, 2018 жылы 79,6 пайыз болған.

Халық арасында қолма-қол ақша­сыз операцияларды жүзеге асы­рудың ең көп тараған тәсілі – интер­нет және мо­бильді банкинг. Қолма-қол ақшасыз жас­алған он операцияның сегізі он­лайн түр­де жүр­гізіледі. Ин­тер­нет және мо­бил­ьді бан­кингтің басты ар­тық­­шылықтары мыналар:

- уақыт үнемдеу – банк бөлімше­леріне барудың, кезекте және кепте­ліс­те тұрудың қажеті жоқ. Бұл кез келген операцияны өңдеуді айтарлықтай жылдамдатады.

- мобильділік – жүйеге интернетке кіруге мүмкіндігі бар кез келген жерде, соның ішінде ұялы телефондар, планшеттік ком­пьютерлер және бас­қа құ­рыл­ғылар арқылы шектеусіз қол­жеткізуге болады.

Икемділік – тәулігіне 24 са­ғат, аптасына 7 күн қол­же­тімді.

Ақша үнемдеу – төлем мен аударымдарды өңдеу шығыны азаяды.