• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Табиғат 01 Маусым, 2023

Өсімдіктер дүниесін сақтау жаңа заңда қаншалықты қамтылды?

357 рет
көрсетілді

Жер бетіндегі әрбір зат адамзат игілігі үшін дегенімізбен, оны орынды қолдану маңызды мәсе­ле­нің бірі болып отыр. Біздің тілге тиек етіп отырғанымыз – өсім­діктер дүниесі. Қазір мұны зерттеп, реттеп отыратын ғылым мен заң бар. Алайда бұған қатысты кіл­типан да аз емес.

Әсіресе қандай өсімдіктерді те­гін пайдаға жаратуға болады, қан­дай өсім­діктерді қолдануға тыйым са­лын­ғаны жө­нінде жалпы жұртшы­лық тегіс біле бер­мейтін жайт көп. Со­ның аражігіне аз-кем тоқталып өтсек. ­Мә­селен, Экология және табиғи ре­сурс­­тар министрінің дерегіне сүйен­сек, елімізде 11 мыңнан аса өсімдік түрі бар екен. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдік болса, 390 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген, 110 түрі – реликті, 700-і эндемикалық өсім­дік түрлері­не жа­тады. Бұған қоса елі­мізде суда өсе­тін өсімдіктердің 63 түрі бар және дүниежүзі бойын­ша оның ең көнесі біздегі су бассейнінде екен. Алматы­ның алмасы жер бетіндегі алманың атасы екенін ғалымдар дәлелдеді. Жа­­байы алмалардың алғашқы түрі Же­тісу өңірінде шығыпты. Алайда бұ­­рынғы жайқалған алма бақтары­ның қа­зір сирегені де рас. Алма ағашта­рын қажетті мақсаттарға отап тастап, Қытай мен Өзбекстанның алмасына жү­гін­дік. Тізбектей берсек, өсімдіктер дү­ние­сінде де қордаланған түйткіл көп.

Сонымен қатар ел арасында мия тамырын қазып, заңсыз экспорттау мәсе­лесі де жиі айтылады. Мия сирек кезде­се­тін өсімдіктер тізіміне енбегендік­тен, оны ұр­лаушылар ешқандай құқық­тық жауап­кершілікке тартылмай келді. Сон­дық­тан жөн-жосықсыз өсімдік тамырын қазушылар табиғатқа орасан зиян келтіргені жасырын емес.

Кедендік статистика дерегінше, отандық мия тамырын өткізудің негізгі нарығы – Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталыпты. Бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсын­ған мия тамырын нақты өңірлер бойын­ша дайындау көлемінен едәуір асып тү­се­ді екен. Бұл – сыртқа шығатыны. Енді елімізге енетін, яғни жерсіндіруге әкел­ген өсімдіктердің де әлегі бар. Мәсе­лен, ел аумағына өсімдіктің бөтен түр­лерін бақылаусыз енгізген жағдайлар тір­келген. Бір ғана мысал – «Медеу» өңірлік табиғи паркінің аумағында Солтүстік Америкадан әкелінген «Асер Негундо» үйеңкі ағашының көптеп отырғызы­луы. Бұған қатысты былтыр мамандар кәдім­гі өрік пен жергілікті сиверс алмасын ығыстырып жатқанын айтып, дабыл қаққаны есімізде.

Бұған қоса елімізге инвазиялық зиян­кестермен және аурулармен залал­данған бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі бары да айтылып жүр. Мысалы, Алматы қаласының жасыл екпелерінде Каштанды зақымдай­тын Охрид кенішінің және емен екпелері­не зиян келтіретін емен игеуішінің бел­сенді таралуы байқалған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ғылым мен заң зерттеп, реттеп бол­ған­ша біршама кілтипанның басы қыл­тиғаны рас. Осыған байланыс­ты 2020 жылы 13 тамызда ашық нор­мативтік-құқықтық актілер порталын­да «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы көпшіліктің талқысына ұсыны­лып, Үкіметтің қаулысымен Мәжілістің қа­рауына жіберілді. Сөйтіп, өткен жылы Мәжілісте «Өсімдіктер дүниесі тура­лы» заң жобасы ілеспе құжаты­мен бірге қаралып, келісілген заңға биыл 2 қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойды. Орталық коммуникация­лар қыз­меті алаңында осынау «Өсім­дік­тер дү­ниесі туралы» заңның нормаларын түсін­діру мақсатында өткен жиында бұл мәселелер егжей-тегжей талқыға түсті.

Экология және табиғи ресурстар ми­­нистрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төр­аға­сының орынбасары Ерлан Құтпан­баевтың айтуынша, енді өсімдіктер дүниесін пайдалану арнайы бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.

«Республикалық, облыстық ма­ңызы бар қалалармен қатар Аста­на­­да­ғы құзырлы мекемелердің шеші­мімен бекі­тілген лимиттер бойынша азаматтар (жеке және заңды тұлғалар) жабайы өсім­діктерді тегін жинауға болады. Яғни тұрғындар жаңғақ, саңы­рауқұлақ, жи­дек, дәрілік шөптер және басқа да өсім­дік ресурстарын жеке ша­руашылық қажет­тіліктері үшін өтеусіз жинауға хақылы. Оның мөлшері гео­ботаникалық және ресурстық зерттеу негізінде белгіленеді. Бұл ретте 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өсiм­дiктер дүниесiн арнайы пайдалану тәртiбiмен өсiмдiк ресурстарын қолдану үшiн төлемақы төленеді», деді Е.Құтпанбаев.

Оның айтуынша, төлем мөлшері осы ресурстардың табиғи қорлары, таралуы, құндылығы, молайту мүм­кіндігі, өнімділігі ескеріле отырып бел­гіленеді. Әрине, жүйелі тәртіп болса, әр түп жусан­ның да құны әділ баға­ланғаны құба-құп. Әйткенмен, шөп болсын, шөңге болсын, орны қайта толуы қиын табиғи жаратылыстың құнына баға жете ме? Әр өсімдіктің эквиваленті тек өзімен ғана өлшенсе керек. Өйткені мамандар өсім­дік ресурстарын тиімсіз пайдалану, олар­дың өсу орындарын жою, адамдар жер­сіндір­ген бөтен түрлердің көбеюінен жергі­лік­ті өсімдіктердің ығысуы, әр алуан түр­лердің азаюы табиғи эко­логиялық жүйенің бұзылуына алып келуі мүмкін екенін алға тартады.

«Заңды әзірлеу кезінде халық­аралық тәжірибе ескерілді. Өйткені заң­ның рет­теу саласы жабайы өсім­дік­терді, олар­дың популяция­ла­­ры мен табиғи жағ­­дайда өсетін қауым­дастықтарды, ге­не­тикалық қор­­­­ды сақ­тау мақсатында ерек­­ше жағ­­­дай­лар­­­ды және жасыл алқап­тар­­­ды қам­тиды. Заң­ның ережелері ауыл ша­­руашылығы өсімдіктеріне, сон­дай-ақ жекеменшік жерлерде өсетін өсім­діктерге, қо­сал­қы шаруашылыққа ар­налған жерге, бау-бақшаға, саяжайға және кө­гал­дандыруға қолданылмайды», дейді Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігінің өкілі.

Аталған жиынға қатысушылар­дың айтысына қарағанда, бұл заң жоба­сының негізгі жаңалығы – өсімдік дү­ниесіне қатысты жекелеген түрлер туралы хабарлама жасау тәртібін бел­гілеу. Бұл отандық кәсіпкерлік су­­бъектілерінің фармацевтикалық, азық-түлік және тех­никалық өнімдерді өн­діру үшін өсімдік ресурстарын заң­ды негізде ұтымды пайдалану мүм­кіндігіне ие болатынын біл­діреді. Со­ны­мен қатар бұл шағын және орта биз­несті дамытуға, осы салаға инвес­тиция тартуға жол ашпақ. Сондай-ақ бизнес-субъектілердің өсімдіктер дү­ние­сін арнайы пайдаланғаны үшін төлем­ақы енгізуі есебінен мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді деген сөз.

Спикердің айтуынша, қабылдан­ған «Өсімдіктер дүниесі туралы»  заң халықаралық конвенциялардың ере­же­леріне сай негізделген. Жалпы ал­ғанда, заң жобасы өсімдіктер дүние­сі сала­сындағы мемлекеттік міндет­­тер­ді шешуді көздейді. Сонымен қатар «Өсім­діктер дүниесі туралы» заң­­ның норма­ларын толық іске асыру – Ор­ман, Жер, Кәсіпкерлік, Салық кодексте­ріне, «Рұқ­сат­тар және хабарламалар туралы», «Ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар ту­ралы» және «Жайылымдар туралы» заң­дармен байланысты екені ескерілді.

Өсімдіктер дүниесіне қатысты нор­­ма­­тивтік-құқықтық базаны дұрыс тү­сін­беу салдарынан оны бақылаусыз пай­дала­ну жағдайы орын алға­нын айт­­тық, осыған байланысты та­биғи өсім­­діктер ресурстарының сақ­та­луы­на жауап­кершілікпен қарау се­кілді мәсе­лелерге ақпараттық қолдау­дың қа­­жеттігі бай­қалады. Егер бұл мәсе­лелерден жиі ши шығара берсе, өсім­діктерді өнді­руге және қайта өңдеуге салынатын инвес­тицияға көп ке­дергі келтіретінін айтады мамандар.