Алматыдағы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар архивінің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мұрағат жұмысының маңызын түсінгендіктен ел басына күн туып, қан майданның қызып жатқан кезінде қабылданған шешімге сәйкес құрылған мұрағат ғасырға қадам басқан ғұмырында мемлекет дамуының шежіресін жазумен келеді. Атаулы күнге орай, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде «Қазақ әдебиеті: фотошежіре 1920-1970 жылдар» атты фотоальбомның тұсаукесері өтті.
Жиында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжатттар мен дыбыс жазбалар архиві директоры Ілияс Ысқақов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев, Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері бас қосты.
Фотоальбомды дайындау идеясы осыдан бір жыл бұрын, шығармашылық, іздестіру-зерттеу жұмыстарына көшкеннен кейін қолға алған философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жанай Омарға тиесілі. Қазақ тарихы мен мәдениетіндегі маңызын ескере отырып, мемлекеттік мұрағат қорларын көбейту мақсатында «Қазақ әдебиеті: фотошежіре (бірінші бөлім) 1920-1970 жылдар» жобасын іске асыруға кіріскен. Бүгінгі қауым теледидардан музыканттардың, әншілердің ертеректегі келбетін көбірек қызықтайды, ал сол дәуірде өмір сүрген ғалымдар, қаламгерлер бейнесі тым сирек көрініс табады.
«Бүгінде халқымыздың рухани-мәдени мұрасына назар аудару үшін аудиовизуалды архив қорларын зерттеудің маңызы зор. Олар ел өмірінің барлық салалары туралы сенімді ретроспективті ақпараттың баға жетпес көзі болып табылады. Кейде тек бір фотоқұжат көптеген жазба мәтіндерге қарағанда көбірек ақпарат бере алады. Белгіленген кезеңнің архивтік құжаттарын қамтитын бұл басылым қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуының ілгерідегі жылдарына, ең алдымен қазақтың әйгілі ақындарының, атақты прозашыларының, әдебиет сыншыларының алғашқы буындарының естеліктеріне арналған. Олардың ішінде жазушылардың өмірі мен еңбегі туралы баяндайтын көптеген сирек кездесетін аз танымал фотосуреттер бар. Кейбіреуі архивтерде ұмыт қалған, ғылыми қолданысқа енбеген», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанай Омаров.
Мазмұны хронологиялық тәртіппен құрастырылған жинақ бес бөлімнен тұрады. «Аласапыран төңкерісті жиырма мен отызыншы жылдар (1920-1939)», «Қиын-қыстау қырқыншы жылдар (1940-1949)», «Еңсе тіктеген елуінші жылдар (1950-1959)», «Алпысыншы жылдар асулары (1960-1969)», «Жетпісінші жылдар жемісі (1970-1979)» атты бес бөлімге топтастырылған фотосуреттер өз дәуірінің шындығын толғап, келбетін көз алдыға әкеледі.
Фотоальбом негізін Мұхтар Әуезов музейінен, Ғабиден Мұстафин, Хамит Ерғалиев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Қасым Қайсенов, Әбіш Кекілбев, Ақселеу Сейдімбек, Серік Қирабаев, Максим Зверев, Морис Симашко, Мәриям Хакімжанова, Сейітжан Омаров, Амантай Сатаев және тағы басқа жазушылардың отбасылық архивтерінен, Қайрат Мұстафин, Иосиф Будневич, Юрий Куйдин, Петр Редько, Рахымбай Ханалиев, Сайлау Пернебаев сияқты белгілі фотографтардың жеке мұрағаттарынан алынған фотоқұжаттар құрады.
Фотоқұжаттар жас ұрпақты өткен кезеңмен таныстыруда, тарихи сананы жаңғыртуда ерекше рөл атқарады. Жиында сөз алған зиялылар жарық көрген жаңа фотошежіре альбомының бүгінгі қазақ руханияты үшін құнды еңбек екенін атап өтті.