Жақында еліміздегі аса ірі уран кеніші саналатын «Буденовское» ресейлік «Росатом» компаниясына сатылғаны мәлім болды. «Росатомның» Батыс санкциясына ілігуі мүмкін екені туралы алыпқашпа сөз де болғаны белгілі. Ал «Буденовское» дегеніңіз – еліміздегі аса ірі уран кен орны. Кеніштің жұмысы ресми жолға қойылғаннан кейін оның өндірістік қуаты әлем бойынша екінші орынға бір-ақ шықпақ.
Байлыққа бөккен олжалы кеніштің сатылғаны «ҚазАтомПром» ҰАК» АҚ-ның 2022 жылға арналған қаржылық есептілігінен белгілі болды. 450 беттен тұратын қаржылық есептен кеніштің «Росатомға» өтіп кеткенін ә дегенде аңғару да қиын. Өйткені оған қатысты ақпарат елеусіз берілген екен.
«Буденовское» кен орны Түркістан облысында орналасқан. Енді бірнеше жылдан соң кеніштің жыл сайынғы өндіріс көлемі 6 мың тоннаға жетпек.
Бұған дейін де, нақтылағанда ақпан айында үш уран кәсіпорнындағы ірі үлес ресейлік компанияларға берілген еді. Ол компаниялар да «Росатом» құрылымына кіреді. Бірақ Үкімет бұған қатысты қандай да бір алаңдаушылық туындамауы керек деп есептейді.
«Бұл топ ішіндегі мәмілелер болып саналады, өйткені барлық компания «Росатом» корпорациясының құрылымына кіреді. Осыған байланысты мәмілелерді жүзеге асыру бенефициарлардың өзгеруіне, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді басқару мен қызметіне көзқарастардың өзгеруіне әкеп соқпайды», делінген Үкіметтің ресми хабарламасында.
Хош, негізгі әңгімеміз «Буденовское» кенішіне келейік, аталған кен орнының 49 пайызы «Росатомға» берілген. Мәміле құны – 1,5 млрд доллар. Мәміле 2022 жылы желтоқсан айында жасалған. Бірақ бұл туралы еш жерде айтылмаған, хабарланбаған.
Ресейлік «Ураниум Уан Груп» («Росатомға» қарасты компания) «Буденовское» БК-нің 49 пайызы тиесілі «Степногорск тау-кен химия комбинатының» 100 пайыз үлесін сатып алған. Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов мәміле 2022 жылдың 8 желтоқсанында жасалған болуы мүмкін деп есептейді. Өйткені тап сол күні «Буденовское» БК-де жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшартқа өзгерістер енгізілген.
«2022 жылдың 9 желтоқсанында «Ураниум Уан Груп» АҚ тіркелген және 2023 жылы 4 қаңтарда 160 млрд теңге сомаға (шамамен 350 млн доллар) табыс салығын төлеген. Нәтижесінде, тау-кен химия комбинатын сатып алу бойынша мәміле (салық төлемдерін қоса алғанда) 1,6 млрд доллар болған. №6 және №7 учаскелердегі уран қорларына қарап, жақсы мәміле деп байлам жасауға болады. Отандық БАҚ Александр Клебановтың фамилиясына мән беріп жатыр, бірақ Анисимовтің белсенділігін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол алғашқылардың бірі болып «Буденовское» кен орны учаскесінде уран барлау бойынша «ҚазАтомПром» серіктесі қатарына кірді», дейді ол.
Айтуынша, 2000 жылдары Василий Анисимов Қаратау (50 пайыз) және Ақбастау (50 пайыз) кен орындарына қаржы құйған. 2009 жылы, келісімшарттар барлаудан өндіріске ауысқаннан кейін ол Қаратау мен Ақбастаудағы өз үлесін «Ураниум Уан Групқа» сатқан.
«2012 жылы В.Анисимов Клебановпен бірге комбинаттың 100 пайыз үлесін сатып алған. Не болмаса жаңа инвесторлар арқылы ресми заңдастырған. Тек 2017 жылы комбинат «Буденовское» кен орнындағы барлау келісімшартындағы (№6 және №7 учаскелер) 49 пайызын алды. Аталған учаскелер – «Буденовское» кен орнындағы ең бай нысандар болып саналады. Неліктен «ҚазАтомПром» №6 және №7 учаскелерді игеру бойынша өзінің басым құқығын пайдаланбады немесе өздігінен ол жерді зерттемеді, бұл енді риторикалық сауал. Кез келген жағдайда «ҚазАтомПром» үшін «Буденовское» БК-де 51 пайыз үлес қалады», дейді ол.
Кеніш 7 учаскеге бөлінген, оларға әртүрлі компания иелік етеді. «Қаратау» ЖШС – №2 учаскеге, «Ақбастау» БК» АҚ – №1, №3 және №4 учаскелерге, «Буденовское» БК» ЖШС №6 және №7 учаскелерде жұмыс жүргізеді. №5 учаске Энергетика министрлігінің балансында.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, іске қосылғаннан кейін «Буденовское» бірлескен кәсіпорны әлемдегі уран өндірісі бойынша екінші кенішке айналады.
«2022 жылдағы жағдай бойынша әлемде уран өндіру бойынша үздік ондыққа енетін кеніштердің тең жартысы Қазақстанда орналасқан. Олар – Cigar Lake (6 928 тонна), Husab (3 358 тонна), Инкай (1-3) (3 201 тонна), Olympic Dam (2 813 тонна), Қаратау (2 560 тонна), Rössing (2 255 тонна), SOMAIR (2 020 тонна), Мыңқұдық (1 650 тонна), Южный Инкай 4 (1 600 тонна) және Хорасан 1 (1 580 тонна). «Буденовскоеның» мұнай өндірісіндегі аналог ретінде аса ірі Гавар кен орнын атауға болады. Ол тәулігіне 4 млн баррель өндіреді. Біздің Теңіз кен орны тәулігіне 600-700 мың баррель өндіреді және бұл көрсеткішпен әлемдегі алғашқы ондыққа да енбейді. Гавар 1978 жылдан бері Сауд Арабиясының ұлттық компаниясы – Saudi Aramco-ның қарамағына кіреді. Тиісінше мұндай ірі кен орнының шағын бөлігінің басқа компанияға сатылуын тіпті елестету мүмкін емес. Басты сұрақ – бұл мәміленің жүзеге асуын болдырмауға құқығы бар Үкімет, «Самұрық-Қазына» немесе «ҚазАтомПром» өз құқықтарын неліктен пайдаланбады?» дейді сарапшы.
Ресейлік «Росатом» компаниясына санкция салынуы мүмкін екені туралы арагідік айтылып қалып жүр. Мамырдың соңында Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялар аясын кеңейтті. Санкцияға «Росатоммен» байланысты компаниялар да (алдыңғы қатарлы материалдар мен технологиялар өндіретін – ред.) ілікті. Жалпы, Ұлыбритания «Росатомға» қысымды күшейтіп жатыр. 2023 жылы 24 ақпанда компания басшысы А.Лихачев пен басқа да жетекшілеріне және компанияға қарасты Бүкілресейлік эксперименталды физиканың ғылыми-зерттеу институтына санкция салған болатын.
АҚШ тарапынан да «Росатомға» шектеу енгізудің алғышарттары аңғарылады. Биыл 12 сәуірде Құрама Штаттар РФ-ға қарсы санкцияларды кеңейтті және оған «Росатомның» 5 құрылымын кіргізді.