Әлем халқын әбігерге түсірген COVID-19 пандемиясы көпшілікке сабақ болды. Олай дейтініміз, қысылтаяң шақта денсаулық сақтау саласынан бастап, өзге де жетекші салалардың тұрақтылығы, бәсекеге қабілеті сыналды. «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің бастамасымен Астанада өткен «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумында пандемия кезінде жұмыла әрекет еткен ғалымдар, мемлекеттік органның және бизнес сектордың өкілдері, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Форумға 10-нан аса шетел ғалымдары, сарапшылар келді. Ғалымдар коронавирус пандемиясы кезінде қабылданған шараларға жіті тоқталып, сол тұста қабылданған шаралар негізінде тәжірибе алмасты. Айта кету керек, осыған дейін халықаралық сарапшылар пандемия кезіндегі ел медицинасының тәжірибесін, тиімділігін атаған еді. Енді, міне, араға бірнеше жыл салып, қабылданған шешімдер, ғалымдардың, дәрігерлердің еңбегі форумда қайта қаузалды. Осы күні Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарияның идеясымен жарыққа шыққан «QazVac: Тайталас» деректі публицистикалық кітабының тұсауы кесілді. Кітап пандемия кезінде отандық вакцина шығарған қазақ ғалымдарына арналған. Осы кітапты қолға алған оқырман вакцинаның маңызын, қалай жасалғанын, бұл жолда ғалымдардың қандай кедергілерге тап келіп, вакцина шығаратын отандық зауыт қалай салынғанын біле алады. Кітапты әзірлеуші топ вакцина жасауға қатысқан ғалымдардың өзімен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырманға ұсынып отыр. Кітаптың тұсаукесер салтанатында Күнсұлу Закария кітаптың мазмұнына аз-кем тоқталып, ғалымдарға алғыс айтты.
– Шекара жабық, вакцина жасауға қажетті заттар, құрал-жабдық тапшы кез. Елде пандемия басталмай тұрып қаңтар айынан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институтының ғалымдары зерттеуге кірісіп кетті. Ешқандай талап, бұйрық болған жоқ. Клиникаға дейін жануарларға тәжірибелер жасалды. Кейін еріктілермен үш кезеңнен тұратын клиникалық зерттеу барысы, вакцинаны тіркеу деген өз алдына бөлек үлкен жұмыс болса, оны қайда өндіреміз деген тағы бір маңызды мәселе алаңдатты. Сонымен қатар кітапта зерттеуге жұмсалған қаржы, сол тұстағы маңызды заңнамалық өзгерістер түгел қамтылған. Кітапты неге «QazVac: Тайталас» деп атадық? Себебі онда өмір мен өлім, ғалымдар мен бюрократия тайталасы жазылған. Ғалымдар ұйқысыз жұмыс істеді. Вакцинаны 6 млн-ға жуық отандасымыз алды. Вакцинаны шығаруға тікелей араласқан ғалымдарға, бізге сенім артқан халыққа алғыс айтамыз. Енді осы кітап ғылымға бет бұрған жастарға үлгі болады деп үміттенеміз, – деген Күнсұлу Закария вакцинаны әзірлеуде жетекшілік еткен ғалымдарды көпшілікке таныстырды.
Осыдан соң кітаптың мазмұнымен танысқан «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің бас директоры Ерғали Әбдірайымов пікір айтты.
– Өздеріңіз білетіндей пандемия кезінде өмірімізде елеулі өзгерістер болды. Сан саланың мамандары күтпеген қиындықтарға тап келді. Осы кітаптың авторы Күнсұлу Дальтонқызы айтқандай, мұнда пандемия кезіндегі ғалымдардың еңбектері жазылған. Пандемия кезінде вакцинаны әуелі өзіне салып тексерген ғалымдардың батылдығы, сол кездегі ғалымдардың тұжырымы да қамтылған. Осы кітап келер ұрпаққа пандемия сабақтары болсын деген ниетте бүгін тұсауын кесіп отырмыз. Ендеше, «QazVac: Тайталас» ғылымның дамуына да оң септігін тигізеді деген ойдамыз, – деді ол.
Ізін ала форумның ашылуы салтанатында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пандемия кезінде ел үкіметі қабылдаған шұғыл әрі маңызды шешімдерді баяндады.
– Бүгінгі форумның әлеуметтік-саяси мәні зор. Себебі бүгінгі іс-шара бәрімізге пандемиядан сабақ алып, келешекте қауіпті вирустармен күресудің тиімді жолдарын анықтауға септеседі деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, алғашында вируспен қалай күресу керегін ешкім білмеді. Тіпті вирусқа сенбеді. Мұндай өзгеріске дүниежүзі дайын болмады. Өкінішке қарай, шығындар болды. Экономикаға да салмақ түсті. Әуе, пойыз қатынасы тоқтады. Өйткені мемлекеттің ең бірінші мақсаты – адам өмірін сақтау. Сол кезеңде уақытылы қабылданған маңызды шешімдер ел азаматтарының денсаулығын сақтауға септесті. Әрине, медицина қызметкерлеріне салмақ түсті. Әрбір өңір, қала, ауданда медицина мамандары аянбай еңбек етті. Өздеріңіз білетіндей мемлекет басшысы мемлекеттік комиссияға жетекшілік етіп, коронавируспен күресте аса маңызды шешімдер қабылдады. Біріншіден, төтенше жағдай жарияланды. Мемлекеттік шекарада шектеу шаралары қабылданды. Эпидахуалға байланысты өңірлерде шектеу шаралары енгізілді. Екінші, бүкіл әлемде әуе қатынасында рейстер азайғанына қарамастан шетелде жүрген ел азаматтарын шақыру шаралары қабылданды. Денсаулық сақтау саласының бар әлеуеті коронавирусты анықтауға, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Бүгінгі форум пандемия кезінде қабылданған шешімдерді қайта саралап, қорытуға негіз болып отыр, – деді А.Көлгінов.
Форумда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымға көрсетілген қолдаулар турасында хабарласа, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пандемия кезіндегі ел тәжірибесін жік-жігімен айтып берді. Ізінше елдегі және шетелден келген ғалымдар пандемияның салдары туралы жан-жақты баяндады.