• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 06 Маусым, 2023

Жалау Мыңбайұлы Түркияда ардақталды

3139 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлын (1892-1929) кеңестік Қазақ автономиясында елдік-ұлттық құндылықтарды жалғастырған, Алаш зиялыларын қадірлеген, ел мен жер тұтастығына қызмет еткен тұлға ретінде бағалаған дұрыс.

Ол Қазақ атқару комитетін (КирЦИК) 1925-1927 жылдары басқарды. Бұған дейін де қайраткер саяси мектептің бел-белесінен өткен еді. Бұл уақыт – ұлтымыз үшін де, кеңес өкіметі үшін де аса жауапты әрі ауыр жылдар-тын. Қаншама білім мен мәдениет ошақтары ашылды, жаңа астана тұрғызылып, одақ орталығы мен респуб­лика арасындағы байланыс­та өңірдің мүддесін қорғаған қағидатшыл ұстаным орнықты. Экономикалық қиын кезеңде қазақ ұлт театрының, тұңғыш жоғары оқу орнының пайда болуы – осы шақ. Қайраткер қосымша «Ауыл тілі» газетін басқарып, біраз рухани бастамалар да көтерді. Сонымен бірге өлкелік партия басшылығына Ф.Голощекиннің келіп, респуб­лика билігін – тығырыққа, халқын апатқа апаратын сая­сат жүргізе бастайтыны да осы кез. Жалау Мыңбайұлы, Смағұл Садуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы ел басына төнген осы нәубетті терең сезініп, саяси ұстанымын айқын көрсетті. Өкінішке қарай, мұның соңы олардың үлкен саясаттан шет­тетілуіне, тіпті қайғылы қазасына дейін ұласты.

Былтыр Тәуелсіздік күні қар­саңында Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінде Жалау Мыңбайұлының еңбегі мен қайраткерлігіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған қатысқан ғалымдар, саяси қайраткерлер, депутаттар, Маңғыстау өңірінің зиялылары, ұрпағы осы тұлғаны Түркі дүниесі аясында насихаттауды қарарға енгізген бола­тын. Өйткені Жалау Мыңбайұлы 1916-1917 жылдан Мұстафа Шоқаймен қарым-қатынас орнатып, Түркістан автономиясын құру қозғалысынан шет қалмаған. Сонымен бірге ол – түрікшіл қайраткерді Форт-Шевченко арқылы эмиграцияға шығарып салу­шылардың бірі. Қазақ жері арқы­лы эмиграцияға кеткен баш­құрт қайраткері Ахмет Зәки Уәлидиге де қолайлы жағдай туғызған. Сонымен бірге Әнуар паша Түркиядан Орталық Азия ұлыстарын большевизмнен азат етемін деп келгенде, онымен де жолыққан. Түркіменстанның қалыптасып-дамуында, Қазақ­станмен орнықты байланыс орнатуында да Жалаудың рөлі ерекше.

Осы жылы 2-3 маусымда Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли университетінде «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарын­дағы Түркі әлемі және Жалау Мыңбайұлы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шара­ны аталған университеттің Еура­зия және түркі әлемі ғылыми орталығы мен Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, сондай-ақ Маң­ғыстау облысы әкімдігі мен қайраткер атындағы қоғамдық қор бірлесіп Түркиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткізді.

Қажы Байрам университе­тіндегі ғылыми жиында ресми ұйымдардан ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыджы, Қазақстанның Түркия­дағы елшілігінің кеңесшісі Мерей Мұқажан, Қажы Байрам Уәли универ­ситетінің проректоры Орхан Құртоғлу құттықта­ды. Онлайн режімде Қазақстан Парламенті Сенатының комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп, «Ақжол» партиясы фрак­ция­сының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия офисінің басшысы, заңгер Сабыр Қасымов жиынға сәттілік тіледі.

Ғылыми жиынның бес секция аясында Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі Дихан Қамзабекұлы «Түркі тұлға­лары тағылымы және Жалау Мыңбайұлы», С.Сейфуллин музейінің директоры, профессор Марат Әбсеметов «Мір­жақып Дулатұлы және Жалау Мың­байұлы: көзқарас үндестігі», профессор Әбдіуақап Қара «Мұстафа Шоқай Ыстанбұлға келген­дегі жағдай және оның Париж­ге бару себебі», Мемлекеттік орталық архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай «ВКП (б) саяси бюросының Қазақстанға қатысты саясаты және Жалау Мыңбайұлы», Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержласун «Алашқа қатысты Батыстағы және Түркиядағы ең алғашқы деректер», Памукқала университетінің профессоры Нергиз Бирай «1920 және одан кейінгі білім саласы: Алаш және Ахмет Байтұрсынұлы қызметі», Өзбекстан профессоры Зейнадин Абдрашидов «Өзбек жәдиттерінің ізденістері», Әзер­байжан ғалымы, доцент Илаха Гурбанлы «1920-1930 жылдары Әзербайжан азаттық соғысы қаһарман жазушыларының мұзды тозағы», Ә.Бөкейхан университеті Алаштану орта­лығының директоры Еркін Рахметуллин «Алаш қаласындағы саяси үдерістер (1917-1927)», Қажы Байрам Уәли университеті Еуразия орталығының директоры, профессор Неджие Йылдыз «20-жылдардағы Түркиядағы әйелдер қозғалысы», профессор Фатих Киришчоглу «Саха зиялылары және жазба тілінің қалыптасуы», жас ғалым Зей­неп Аслан «Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі қазақ қоғамдық өмірінің іздері», Өзбекстандағы Ә.Науаи университетінің до­центі Сабохат Базарова «1920-1930 жылдарда Өзбекстандағы ағартушылық қозғалыстар», Албаниядағы Тиран универ­ситетінің доценті Жемиле Абдиу «Жаңару қозғалыстары кезеңіндегі түрік әдеби шығар­маларының әдеби стилі», доцент Спартак Кадиу «Жаңару қоз­ға­лыс­тары кезеңіндегі әдеби аударма», зерт­теуші Албан Фочи «Жаңару қозға­лыс­тары кезеңіндегі әдеби шығар­малар­дың құ­рылымы мен маз­мұны», доцент Жеми­ле Киначи «Кеңестік ашаршы­лықта адам етін жеу оқиғалары», Қырғыз­стандағы Манас университетінің доценті Зухра Алтымышова «Қырғыз мемлекет қайраткері Әбдікерім Сыдықов және оның саяси-мәдени қызметі», Әзербайжанның жас ға­лымы Жавид Әлиев «Бірінші Түрко­ло­гия конгресі және оның тарихи ма­ңызы», жас зерттеуші Айгерім Қобдабаева «Жым­питы – Күн­батыс Алаш Орданың орталығы» тақырыбында баяндама жасады.

Жиынның мәртебесін көтер­ген тағы да бірнеше іс-шара болды. Оның бірі – Жалау Мың­байұлының өмірі мен қыз­метіне байланысты фото көрме, екіншісі – конференция ашыларда және үзілісте шетел­дік ғалымдарға ұсынылған Маң­ғыстаудың ұлттық дәмі, өнерпаздардың ән-күй шашуы, үшіншісі – ақын, «Ер Жалау» поэмасының авторы Сабыр Адай бастаған зиялылардың Түркияда оқып жатқан жерлес жастармен әңгіме-сұхбаты.

Ғылыми басқосуда Маңғыс­тау облыстық мәслихаты­ның төрағасы, белгілі қай­рат­кер, алаштанушы Жаңбырбай Матаев Жалау Мыңбайұлын еліміз бен Түркия­да насихаттауға үлес қос­қандарға өңір басшысы атынан алғыс айтып, қоғамдық қор­дың медальдары мен сый-сия­па­тын тапсырды. Жалаутанудың алдындағы мақсат-міндеттерді айқындап, конференция қарарын таныстырды.

Қарарда қайраткерге Түркия астанасында ескерткіш орнату, көше атын беру, еңбегіне қатысты тарихи құжат жинақ­та­рын түрік тіліне аудару, бірлескен ғылы­ми жобаны жүзеге асыру секілді қадау-қадау мәселелерді орайымен шешу көрсетілген.

Шараға қатысқан Маңғыстау облысы мәдениет басқармасы­ның басшысы Әбілқайыр Бай­пақов қайраткер Ж.Мыңбайұлын насихаттау жөніндегі елдік-танымдық іс-шаралардың барысын, ал облыстық мәслихат депутаттары халықаралық, елдік жалаутануға мейлінше атсалысатынын мәлімдеді.

Конференцияның екінші күні Ыстанбұл қаласында жал­ғасты. Жалау Мыңбайұлы мұра­сын танымалдандырушы ғылыми-шығармашылық топ Зейтін­бұрындағы «Шаңырақ» қонақ­жайында диаспора өкілдерімен кездесті. Бұдан соң олар 20-жылдары Орталық Азияны большевизмнен құтқарамын деп, мерт болған Әнуар пашаның (сүйегі 1996 жылы бүгінгі Тәжікстан территориясынан туған топырағына апарылып, арулап жерленген) және Гималай асқан қазақ көшін Түркияға қоныстануына мүмкіндік туғызған осы елдің біртуар басшысы Аднан Мен­дерес­тің бейітіне зиярат етті.

 

Гүлмайса ШАҢБАЕВА,

«Жалау Мыңбайұлы» қоғамдық қоры

ақпарат тобының жетекшісі