Мәжілісте елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі туралы Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында өзекті мәселелер талқыланып, оны дамыту жолдары сөз болды.
Іс-шараны ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының, сондай-ақ басқа да салалық құжаттардың бірнеше кезеңі жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Осылайша, ауылдық аумақтарды дамыту даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендерді басымдықпен қолдау арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Қабылданған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2020-2022 жылдары сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 90,1 пайыздан 94,5 пайызға дейін артты. 116 мектепке дейінгі мекеме, 224 жалпы білім беретін мектеп, 47 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді», деді А.Рау.
Бұдан кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сөз алды. Ведомство басшысы әртүрлі елді мекендер үшін Өңірлік стандарттар жүйесі әзірленгенін жеткізді. Құжат халыққа қажетті нысандар мен көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесін қамтиды. Аталған жүйе әрбір елді мекеннің минималды тұрмыс стандарттарын айқындайды. Мемлекеттік органдар бұл жүйені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау кезінде пайдаланады.
«Министрлік өңірлердің минималды стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан жыл сайын мониторинг жүргізіп, бақылайды. Өңірлік стандарттар жүйесі сәйкес саладағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құжаттарымен интеграцияланған. Мәселен, 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында және Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің кеңістікте дамуы мен ауылдық аумақтарына қатысты Өңірлік стандарттар жүйесі тәсілдері көзделген», деді Ә.Қуантыров.
Сонымен қатар әзірленіп жатқан жаңа Бюджет кодексі шеңберінде ӨСЖ ережелерін жалпы сипаттағы трансферттерді, мемлекеттік органдар мен облыстардың инвестициялық жоспарларын қалыптастыру бөлігінде бюджеттік жоспарлаумен байланыстыру көзделген. Министр келтірген деректерге сәйкес, 2021 жылы өңірлердегі барлық елді мекен бойынша нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға ұлғайып, 64,1 пайызды құраған.
«Сонымен бірге өңірлер әкімдіктерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын, сондай-ақ өткен жылғы парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша сіздердің ұсынымдарыңызды ескере отырып, министрлік 2022 жылы Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды.
Министрдің айтуынша, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қосылған. Енді нысанның техникалық сипаттамалары және материалдық-техникалық базамен жарақтандырылу деңгейі де ескерілмек.
«Мәселен, бұрын қолданылған ӨСЖ әдістемесінде жұмыс істеп тұрған нысанның бар-жоғы ғана бағаланды. Мысалы, Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп бар, ӨСЖ бойынша қамтамасыз етілуі 100 пайыз деп есептелді. Қазіргі уақытта Зеренді ауылында 3 мектептің 2-і күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ тағы 1 мектептің құрылысы қажет. Тиісінше, сапалық көрсеткіштерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша Зеренді ауылының қамтамасыз етілу деңгейі 81 пайызға дейін төмендеді», деді Ә.Қуантыров.
Ведомтсво басшысы басты мақсат қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты барынша азайту екенін жеткізді. Осыған байланысты 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерін мониторингтеудің негізгі салаларын баяндап берді.
«Мектептер бойынша елді мекендерді қамтамасыз ету деңгейі 83, мектепке дейінгі білім беру мекемелері – 82, Техникалық және кәсіби білім нысандары 57 пайызды құрады. «Денсаулық сақтау» саласындағы мекемелермен қамтамасыз ету деңгейі – 75, дәріханалардың қамтылуы 32 пайызға жетті. Мәдени-демалыс ұйымдары бойынша елді мекендердің қамтамасыз етілу деңгейі 72, мұражайлар – 45, дене шынықтыру-сауықтыру кешені – 54 және спорттық жаттығу залдары 56 пайызды құрады.
«Инженерлік инфрақұрылым» саласында: орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша инженерлік инфрақұрылым саласындағы нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі – 89, су бұру жүйесі бойынша 51 пайызға теңесті. «Көлік инфрақұрылымы» саласында, елді мекендердің қалаішілік/кентішілік жолдармен қамтамасыз етілу деңгейі – 76, жолды жарықтандыру – 45, автокөлік жуу орындары – 60, теміржол вокзалдары бойынша 60 пайызға жетті», деді Ә.Қуантыров.
Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрі бюджеттік бағдарламалар шеңберінде өңірлерді дамыту жұмыстарына тоқталды. Мәселен, 2023 жылы өңірлердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 14 облыс орталығында 67 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруға 42,1 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат шеңберінде қала ішіндегі 60 шақырымға жуық жолдарды және 140 шақырым инженерлік желілерді жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Бұдан басқа, 29 моно және шағын қалаларда 74 жобаны жүзеге асыруға 34,9 млрд теңге қарастырылған. Қалаішілік жолдардың 90 шақырымын және инженерлік желілердің 180 шақырымын жаңғырту жоспарланған.