Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салуды қамтамасыз ету іс-шаралары қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев алдағы жылдары 1 млн-нан аса отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Қойылған міндетке қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беруді жыл сайын 200 мың шаршы метрге арттыру көзделген. Атап айтқанда, биыл 15,3 млн шаршы метр немесе 143 мыңнан аса пәтерді аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бүгінде республика бойынша үлестік қатысуы бар 44 проблемалық нысан бар. Министрлік үлестік құрылыс мәселелерін реттеу мақсатында ынталандырушы және қатаңдататын түзетулер пакетін дайындады.
Негізгі ынталандыру іс-шаралары құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетуді көздейді. Бұл құрылыс компанияларына Қазақстан тұрғын үй компаниясынан кепілдік және әкімдіктерден рұқсат алу арқылы өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік береді.
Қатаңдату іс-шаралары үлескерлердің ақшасын тартудың ашық механизмін қалыптастыруға бағытталған. Олардың ішінде: салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға байланысты барлық шартты ХҚО-ларда тіркеу, құрылысты одан әрі тоқтата отырып, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту, үлескерлердің ақшасын тартуға бағытталған рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу және басқалар.
Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров баяндама жасады.
Премьер-министр Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу туралы міндет қойғанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы 130 мыңнан аса отбасы баспана жағдайын жақсарта алды.
«Бұл ретте, жоспар асыра орындалған өңірлердің ішінде Астана, Алматы қалаларын және Алматы облысын атап өтуге болады. Өз кезегінде, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жоспар орындалмай қалды», деді Әлихан Смайылов.
Ол биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатқанын атап өтті.
Үкімет басшысы мұндағы ең өзекті мәселенің бірі құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі екенін атап өтті.
«Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурстары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәселесі қатты сезілуде. Осыған байланысты тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық әкімдік елді мекендердің перспективалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ол көбінесе, жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде анықталатынын, сондықтан инфрақұрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек екенін атап өтті.
Әлихан Смайылов сондай-ақ кейінгі уақытта халық тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бейберекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағым түскенін айтты.
«Мәселен, Астанада «Будапешт» тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілері жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден аса фактісі анықталды», деп атап өтті Премьер-министр.
Оның айтуынша, өзекті проблеманың тағы бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжаттарының болмауы. Алматыда салынып жатқан «Төлеби Резиденс» тұрғын үй кешенінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ.
«Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған «Дублин» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен де сабақ алуымыз керек.
Жиынды қорытындылай келе, ол тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды іске қосу бойынша осы жылға арналған барлық жоспардың толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп, жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бір ай мерзімде кезекте тұрғандар үшін үй бөле отырып, кешенді құрылыс салуды қаржыландыру механизмін іске қосу бойынша іс-шаралар қабылдауды және 1 қыркүйекке дейін кезекте тұрғандардың тізімін белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан өзектендіруді тапсырды.