• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнім 06 Маусым, 2023

Сүт нарығына сілкініс керек

2590 рет
көрсетілді

Биыл қаңтар-сәуір аралығында сүт өнімдері­нің өндірісі 173,8 млрд теңгеге жетіп, был­тырғы көрсеткіштен 32,9 пайызға асып түсті. Өңірлік бөліністе өндіріс тұрғысынан Солтүстік Қазақстан облысы алға шықты. Ондағы өндіріс көлемі 31,7 млрд теңгеге жетіп, жылдық өсім 52,3 пайызды құрап отыр. Екінші орында Алматы облысы. Шыға­рылған өнім көлемінің сомасы – 30,4 млрд теңге, ал өсу көрсеткіші – 28,5 пайыз. Үшінші орында Қостанай облысы – 24,6 млрд теңге және 76,6 пайыз.

Сүт өнімдері арасында балмұздақ өндірісінің бәсі биік болып тұр. «Тәтті мұздақ» өндіру 12,5 мың тоннаға дейін артқан. Сондай-ақ өсімдік майы мен спред өндірісі де алғашқы позицияда. Өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі 5,3 пайызға, 199,6 мың тоннаға артса, сыр мен сүзбе өндірісі – 0,4 пайызға, 12,5 мың тоннаға көбейген. Бұл ретте қатты күйдегі сүт өндірісі (54,6 пайызға, 1,1 мың тоннаға дейін), сондай-ақ йогурт, ашытылған сүт пен кілегей (1,3 пайызға, 76,2 мың тоннаға дейін) өндірісінде төмендеу байқалады. Алайда ашытылған сүтті сусындар сегментінде қымыз (65,4 пайызға, 964 тоннаға дейін) және шұбат (21,1 пайызға, 1000 тоннаға дейін) өндірісі өсті.

Energyprom мәліметі бойынша 2023 жылы қаңтар-ақпанда жергілікті компаниялар сүт өнімдеріне деген сұранысты 85 пайызға (былтырғы деңгейде) қанағаттандырған. Импорт көлемі 8,2 пайызға, 26,4 мың тоннаға өсті. Барлық дерлік өнім (170,7 мың тонна) ішкі нарықта сатылған. Тек 4,6 мың тонна өнім ғана экспортқа жіберілген.

Өңделген сүт пен кілегей сегментінде ком­пания­лар сұранысты 94,6 пайызға өтеген. Импорт бір жылда 45,9 пайызға, 5,5 мың тоннаға артқан. Ішкі нарықта 101,8 мың тонна өнім сатылса, экспортқа 1 мың тонна сүт шығарылыпты.

Сарапшылар қазір отандық сүт нарығында дағдарыс орнап тұрғанын айтады. Қазақстан жыл сайын 700 млн доллардың өнімін импорттайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы шешкісі келеді, бірақ одан да қаржыны қазіргі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға бағыттау тиімді болар еді дейді олар.