Елордада су тапшылығына қатысты мәселе осы айдың соңында шешіледі. Бұл туралы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті достар! Қала тұрғындары! Қаладағы ауыз су тапшылығы осы айдың соңына дейін шешіледі. Дегенмен дәл қазіргі уақытта кейбір тұрғын үйлерде судың аздығы шамадан тыс қатты байқалатынын түсініп отырмыз. Мұндай үйлердің мәселесін «Астана Су Арнасы» және аудандық әкімдіктер бірлесіп шешіп жатыр. Кейбір жерлерде үйдің насостары қайта бекітіліп, соның арқасында судың ағысы күшейтіліп жатыр. Бірақ ол барлық жағдайда бірдей көмектесе бермейді», деді Дәурен Бабамұратов.
Оның айтуынша, «Астана Су арнасы» барлық тұрғын үйлерге теңдей қарап, су тапшылығын шешуге барынша тырысып жатыр. Алайда су қоймаларында деңгей қатты төмендеп кеткен кезде, су қоймаларын қайта толтыру үшін қаладағы ағыс азайтылады. Әдетте бұл түннен-таңға дейін жалғасады.
«Мұндай кезде сабыр сақтағаннан басқа ештеңе көмектесе алмайтыны анық. Сол себепті қалыптасқан жағдайға азаматтарды түсінушілікпен қарап, заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Көше жабылса, су келеді екен деп түсіну қате. Есесіне, заңға қайшы әрекет, басқа азаматтардың еркіне нұқсан келтіріп, жол-көлік апатына әкелуі ықтимал», деп түсіндірді Ішкі саясат басқармасының басшысы.
Бұл ретте Дәурен Бабамұратов қалыптасқан жағдайға қатысты әрбір арыз-шағым толық қаралатынын қоса айтты.
«Толыққанды су тапшылығы құрылысы 2021 жылы басталған су тазалау станциясы іске қосылған кезде, яғни осы маусымның 30-нан кейін шешіледі. Сонымен қатар келесі аптада Астана су қоймасынан тағы бір құбыр су станциясына жіберіледі. Бұл да су тапшылығының шешілуіне көмектеседі», деп түйіндеді спикер.