Жайдары жаз маусымы басталысымен баршаны, оның ішінде ел экономикасының қомақты бөлігін құрайтын ауыл шаруашылығы мамандарын, мал сүмесіне, жер танабына сіңірген егіс өнімдерінің қайтарымына қараған бейнеткеш қауымды қатты алаңдататын бір мәселе бар, ол – қуаңшылық, құрғақшылық. Биыл мамыр айы жаңбырсыз болды. Маусым қатты ыстықпен басталды. «Қыстағы қар – жерге ырыс, жердегі ылғал – елге ырыс». Қыс айларында қар аз жауды, жерге соншалықты ылғал сіңген жоқ. Сол себепті дала төсі дәл бүгінде жауын-шашынға зәру-ақ.
Қуаңшылықтың алғашқы белгілері еліміздің бірқатар өңірлерінде қазірдің өзінде байқалып отыр: егіс алқаптары тусырап жатыр, жайылым және шабындық жерлер жеткілікті деңгейде көтерілмеген. Аптап ыстық өрт қаупін де күшейтіп тұр.
«Қазгидромет» РМК мәліметтеріне сүйенсек, жақын күндері ел аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуімен тұрақсыз ауа-райы болады, өткінші жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Аптаның соңына қарай ғана солтүстік-батыста, солтүстікте қатты жаңбыр жауады деп күтілуде. Ал еліміздің егістік көлемі үлкен оңтүстік өңірінде жауын-шашынсыз ыстық ауа-райы сақталады. Күндізгі уақытта солтүстікте, орталық пен шығыста, оңтүстік-шығыста +41°С дейін, еліміздің оңтүстігінде +46°С дейін өте қатты ыстық болады. Аптаның аяғына қарай солтүстік-батыс пен солтүстікте ыстық 22 + 30°С дейін төмендейді деп болжанған.
Ауа райын болжау орталығының деректері бойынша, мамыр айында жауын-шашын шамамен 13,1 және 15,1 миллиметр көлемінде ғана болған. Дегенмен «Қазгидромет» РМК ұзақмерзімді болжамдары бойынша, маусымның аяғы, шілде және тамыз айларында орташа жылдық мөлшердегі жауын жауып, бұл ахуал егістік алқаптары мен шабындықтардың жағдайын жақсартуға едәуір септігін тигізбек. «Көрсеткіштер күн сайын жаңарып отырады. Жаз ортасына қарай жауын-шашын жылдағы мөлшерде болса, табиғатына орай жаңадан шығатын өсімдіктер мен сол кезде бой көтеретін дақылдар егіс алқабынан қажетті өнім жинап алуға, шөп шабу науқанын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді деген сенім бар», дейді басқарма мамандары.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) қуаңшылық, құрғақшылық құбылыстарына тікелей жауапты комитеттерімен хабарласқанымызда біршама жағдайларға қанықтық. «Қамдансаң қапы қалмайсың» демекші, министрлік мамандары да бұл мәселені тұрақты, тыңғылықты бақылап, ұдайы назарда ұстап отыр.
Жалпы, еліміз аумағының 85 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға қолайлы, жарамды жерлер, қалған 15 пайызы ғана тау-тас, өзен-көл, шөл-шөлейт жерлер. Бұл тұрғыда біз дүние жүзіндегі екі жүзден аса мемлекеттің ішінде аграрлық алабы бай елдердің бірегейіміз. Алайда елімізде 180 миллион гектар жердің 60-70 пайызы қуаңшылыққа бейім. Бұл тұрғыда Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарын айрықша атап өтуге болады. Алдыңғы жылы осы қуаңшылық салдарынан Маңғыстау, Қызылорда облыстарында мал шығыны орын алғаны белгілі.
Соңғы жылдардағы қуаңшылық салдары ауыл шаруашылығы саласында қордаланған көптеген проблеманың бетін ашып берді. Атап айтқанда, мал суару қорының тапшылығы, егістікті әртараптандыру, жер телімдерін тиімді пайдалану, шаруа қожалықтарына қажетті техникаларды субсидиялау, науқандық жұмыстар кезінде жанар-жағармайды уақтылы бөлу, жеткізу, т.с.с. Бүгінгі таңда жер-жерлерде құрамына осы салаға жауапты өкілдер, агросала қызметкерлері, халық қалаулылары, қоғамдық кеңес мүшелері кіретін түрлі комиссиялар құрылып, проблемаларды жүйелі түрде шешудің нормативтік-құқықтық негіздері саралануда, нақтылы шаралар қолға алынуда.
Қазірде аудан-аймақ тұрмақ, әрбір ауылда байлар бар. Соның салдарынан жайылымдық жерлердің өрісі тым тарылып кеткен. Оның үстіне малшылар бұрынғыдай жаз жайлауға, күз күзеуге, қыс қыстауға көшіп жүрмейді, төрт түлік мал жыл бойы бір орында бағылады. Жыл он екі ай мал тұяғының астында болатын жер демалмайды, тыңаймайды, деградацияға ұшырайды. Келе-келе мұндай жерге шөп шықпай қалуы да мүмкін. Жалпы жайылым айналымының болмауы еліміздің әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарында жайылымдық жерлердің 20%-дан 50%-ға дейін тозуына әкеліп соққанын айтады мамандар. Жайылымдарды ұтымды пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін және жайылымдар мен олардың инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылымдардың тозу процестерін болғызбауға бағытталған арнайы «Жайылым туралы» Заң да бар. Бірақ жер жекеменшікке айналғандықтан, бұл заңның ережелері жеткілікті дәрежеде орындалмай келеді. Тиісті тетіктердің болмауына байланысты оны бақылау да мүмкін емес. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жергілікті ауылшаруашылығы басқармалары жерді тыңайту мақсатында фермерлердің жайлау мен қыстауға көшіп-қонуын қадағалап, олардың осы шарасына жағдай жасау үшін арнайы жеңілдетілген субсидиялардың бөлінуіне ықпал етсе, жөн болар еді.
Ауылшаруашылығына қатысты тағы бір маңызды шара – егіншілікті әртараптандыру. Жер учаскелерінің барлығы дерлік жер пайдаланушылардың иелігінде болуына байланысты тиісті басқарма, бөлімдер жерге сіңірілетін дәнді дақыл түрлерінің құрамын, ең бастысы, ауыспалы егістің сақталуын бақылай алмайды, тек егіс пен жиын-терін науқанының барысын ғана бақылайды. Ал қыста қолға қарайтын малды жеткілікті жепшөппен қамтамасыз ету үшін суармалы жерлердің көлемін кеңейту – кезек күттірмейтін мәселе.
АШМ Егіншілік департаментінің Агромелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, облыс әкімдіктерінің алдын ала деректеріне сәйкес, ағымдағы жылы 1,5 млн га суармалы жерді игеру көзделуде. Оның ішінде, 1 млн,126 мың га немесе жерлердің 75%-ы жерүсті әдісімен суарылады, 95,2 мың га – күріш алқаптарын су басу арқылы, 278,6 мың га алаңда немесе 13,3% тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады деп күтілуде.
Суды аз қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Мәселен ағымдағы жылы өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңын 14,8 мың гектарға азайту жоспарлануда. Сонымен қатар күріш дақылдары бойынша күрт төмендеу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысы топырақтарының тұздануы.
«Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға ерекше тоқтала кеткен жөн. Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі. Бұл жерде, инфрақұрылым тізіміне ұңғыма қазуға кеткен шығын да кіретінін атап өткен жөн. Екіншіден, өз қаражаты есебінен елімізде жобаларды іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, израильдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді», дейді Медет Жәдігерұлы.
Жалпы су үнемдеу технологияларын енгізу және суару мәселелері ағымдағы жылдың 15 мамырында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында, сондай-ақ 18 мамырда Премьер-министрдің отырысында қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр егістікке дейін кепілдендірілген су беру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстар әкімдіктеріне арнайы бюджеттік бағдарлама шеңберінде шаруашылық және ішкі шаруашылық арналарды қалпына келтіруді қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.
Соңғы жылдардағы климаттың өзгеруі су ресурстарының тапшылығына алып келіп отыр. Онсыз да өзен-көлдерге бай емес, бұлақтарымыздың өзі тартылып, көпшілігі жер асты суларына айналған елімізде суармалы жерлердің көлемі соңғы 30 жылда 1,5 млн гектарға дейін қысқарған екен. Мұндай жағдайда қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларына жедел көшу, ылғал сыйымды дақылдар алаңдарын қысқарту, су ресурстарының жаңа көздерін іздеу есебінен суармалы суды ұтымды пайдалану бұрынғыдан да маңызды екенін мамандар алға тартады.
Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету мақсатында да Инвестициялық субсидиялау қағидалары аясында мемлекеттік қолдау көзделген. Ертеректе әрбір жайылымдық жерлерде, жайлауларда арнайы қазылған артезиан құдықтар болатын. Кейініректе, бүкіл мал-мүлік жеке меншікке көшкен алас-күлес кезеңде аталған құдықтардың көпшілігінің көзі бітеліп қалды. Қазірде ауылшаруашылығы министрлігі дайындап шығарған нақтылы бағдарлама бойынша фермерлер есебінен құдықтарды қайта жаңғырту және жаңадан қазу жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр.
«Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2014-2022 жылдар аралығында жайылымдардағы мал бастарын су көздерімен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша 11 647 бірлік құдықтар (ұңғыма) салынды. Нәтижесінде 15,5 млн. га жайылымдық су көздерімен қамтамасыз ету есебінен 1 млн. бас ірі қара, 3,5 млн бас қой, 500 мыңға жуық бас жылқы және 97,4 мың бас түйе шалғайдағы жайылымдарға шығарылды және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады», дейді АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы Әлиакбар Панов.
Сондай-ақ 2022 жылы ауыл шаруашылығы жануарларының саулық басына жем-шөп шығындарының құнын арзандатуға 21,0 млрд теңге бөлінген болса, биылғы жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан 11,6 млрд теңге қарастырылып отыр. «2022 жылдың қорытындысы бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен 235,2 мың тонна жемдік астық қалыптастырылды. Қажет болған жағдайда, жемдік астықтың бұл көлемі мал шаруашылығын және құс фабрикаларын қолдауға арзандатылған бағамен жіберіледі», дейді АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы Ғани Жұмахметов.
Жасыратыны жоқ, жылдан жылға қуаңшылық, құрғақшылық катаклизмі белең алып келеді. Осы саламен шұғылданатын ғалымдардың болжамына қарағанда, 2050 жылға қарай дүниежүзінде құрғақшылық шарықтау шегіне жетеді. Қуаңшылықтың әсері әсіресе, Қазақстанның шөл және шөлейтті аймақтарында өте күшті болады деп күтілуде. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, соңғы жылдары жұмыр жердің жылыну көрсеткіші де айтарлықтай артқан. Мәселен, жаз айларында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағында термометр бағамы 38-50 градусты көрсеткен ыстықтар жиі тіркеледі. Мұндай аңызақ аптаптар бұрынырақта сирек болатын. Бұл өз кезегінде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді.
Қанша дегенмен, ауылшаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында тұрақты өсім сақталып отыр. «... Ежелден мал баққан елміз» демекші, халқымыздың атакәсібі – төрт түлік малдың қарқындап дамып келе жатқаны көз қуантады, көңіл сүйсінтеді. Ал қуаңшылық, құрғақшылықтың табиғатқа, адамзатқа келтірер залалы алдымен қарым-мүмкіндігі шектеулі ауыл тұрғындарына салмақ салатынын бесенеден белгілі: егістік күткен деңгейде өнім бермейді, астық шығымдылығы төмендейді, жеткілікті жемшөп қоры жасалмайды, жайылым тұлдыр, сұйық болған соң, төрт түлік мал ет алмайды, қысқа қоңторғай күйде түседі. Бұл қауметтің қазақы жолмен, жер-жерлерде тасаттық беріп, Алладан жәрдем сұрап, алдын алу, бетін қайтару мүмкін еместігі өз өзінен түсінікті болса керек. Сондықтан елді мекендерде тұрғындардың жеке шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау көрсету, жеңілдіктер жасау, шабындықты, жайылымды ұтымды пайдалану, т.с.с. жіті қадағаланып, түпкілікті тиянақ табуы қажет. Қалай дегенде де, қуаңшылыққа қарсы қамсыз болмаған жөн.