• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Елорда 08 Маусым, 2023

Елордада судың қысымы неге төмен?

1312 рет
көрсетілді

Көктем шыққалы Астана қаласының тұрғындары ауыз су тапшылығына алаңдай бастады. Мұның сыры белгілі. Қала шетіндегі жеке секторларға, шағын бақша өсіріп отырғандарға, құрылысқа және басқа да шаруаға су молынан қажет. Мейлі, бірақ қысымның аздығына қарамай, суды орынды-орынсыз пайдаланатындар бар. Көктемде қала әкімдігі 2019 жылы басталған жобалардың алғашқы кезеңі аяқталып, судың қысымы жазда реттелетінін хабарлаған-ды. Сонымен қала халқы су тапшылығынан қашан құтылады?

Астанада су тапшылығы бай­қа­ла­ бастағанда «Астана су арнасы»­ мем­лекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас­шы­лығы тұрғындарды суды үнем­­деп пайдалануға шақырғанын біле­міз. Жауапты мамандардың басым көп­ші­лігі су қысымының төмендеуін Астана­да­ғы урбанизация және тұрғын үй кешен­де­рінің көбеюімен байланыстырды. Сон­да біз де «Астана су арнасына» барып, судың тапшылығына сорғы-сүзгі стансасының жобалық қуаты және оған су қоймасынан тартылған құбыр көлемінің қатысы барын біліп, бұл турасында газет бетінде көлемді мақала да әзірлеген едік. Мұнда сорғы-сүзгі стансасына келетін судың мөлшерін бағамдасақ, су тапшылығы ең әуелі Астана су қоймасынан (Вячеслав) тартылған үш құбырға байланғанын аңғарамыз. Неге десеңіз, сорғы-сүзгі стансасына келетін су мол болса, ондағы мамандар резервуарларды толтыру үшін судың қысымын төмендетіп әуре болмас еді. Сондықтан кәсіпорын басшылығы су қысымын реттеу мақсатында міндетті шара қабылдап, белгілі бір мезгілде су қысымы төмендейтінін ескертті. Су қысымы уақытша бәсеңдейтін уақыттың кестесін дайындап, алдын ала жариялады. Осылайша, стансадағы мамандар түнде 00.00-ден кейін су қысымын азайтып, сол уақытта суды 20 мың текше метрлік 4 резервуарға жинауға кірісті. Есесіне, түнде жиналатын 80 мың текше метр су таңертең жоғары қысыммен берілді. Қалалық сорғы-сүзгі стансасының басшысы Талғат Бекмағанбетовтен қаладағы екі сорғы-сүзгі стансасының әлеуеті тәулігіне 305 мың текше метр ауыз су өндіруге жететінін сұрап білген едік. Бірақ стансадағы мамандар жаз шық­пай жатып қалаға тәулігіне 330 мың текше метр су беріп, жоспарды жоба­лық қуатынан асырып орындады. Білсеңіздер, су үш кезеңнен өтіп әбден тазартылған соң ғана тұтынуға жарам­ды­ болады. Оны тазартуға шамамен 5-7 сағат уақыт керек. Жоғарыда бірер жыл бұрын су тапшылығын алдын алу­ды ескерген жергілікті әкімдік екі жоба бастағанын айттық. Содан қазір Аста­на­ су қоймасынан Теміржолшылар тұр­ғын­ алабына жаңа су құбыры тартылса,­ «Интер­на­цио­нальный» тұрғын алабында сорғы-сүзгі стансасы салынып жатыр. Енді осы сорғы-сүзгі стансасының әлеуеті тәулігіне 105 мың­ текше метр суды тазартуға же­теді деп межеленген. Урбанизация үрдісі үзіл­мей тұрған елорда халқы үшін жаңа стансаның суы да санаулы жылда аздық етуі әбден мүмкін. Бұл енді бөлек тақырып. Қаладағы кейбір үйлердің тұрғындары судың қысымы азайғаннан бұрын ара-тұра мүлде болмайтынына алаңдаулы. Мұндайда тұрғындар ауыз су келген сәтті пайдаланып, ыдыстарын қаз-қатар тізіп, суға толтырып алуға үйреніп алған. Тағы бір жайды ескерсек, көбіне-көп ауыз су стансаға қашық жатқан және кейінгі жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлерге жетпей жатыр. Кейде жекелеген үйлерде әлсіз сорғының күші төмен қысыммен келген суды тартуға дәрменсіз.

Бірер күн бұрын Астана қаласының әкі­мі Жеңіс Қасымбек Instagram парақ­ша­сында қаладағы су қысымына қатысты тұр­ғындарға үндеу жариялады. Онда елор­да әкімі суға қатысты мәселе барын рас­тап, нақ қазір тәулігіне 25 мың текше метр­ су жетпейтінін ашып айтты.

«Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Кейінгі 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мыңға артты. Кейінгі айда суару жұмысы басталып кетті. Өткен аптада болған +30 градустан асатын аптап ыстық осы аптада да жалғасады деп болжанып отыр. Осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастаған. Бірінші нысан – сорғы стансасы. Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың текше метр су берілетін болады. Екінші нысан – су құбыры, яғни Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Бұл нысан да аяқталып қалды. Келер аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су қысымы берілетін болады. Сонымен, бір айдың ішінде бүгінгі су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Ал тамыз айында бұл стансаның екінші кезеңінің құрылысы бітеді. Тиісінше, қалаға күніне қосымша 85 мың текше метр су беру мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті», деді елорда әкімі.

Негізі, Астанадағы ауыз су мәселесі бұған дейін де талай мәрте қаузалған соң, 2019 жылы екі жоба басталды. Бірақ соның өзінде келер күнге дұрыс болжам жасалмағаны байқалды. Бұған дейін Экология және табиғи ресурс­тар министрі Зүлфия Сүлейменова да Астанадағы су тапшылығына қатысты мәселені қаузаған-тын.

«Биыл су мөлшерінің аздығы мен одан кейінгі су тапшылығын ескере отырып, Қ.Сәтбаев арнасынан Есіл өзені бо­йынша шамамен 60 млн текше метр, Нұра өзені бойынша шамамен 95 млн текше метр қосымша су беру туралы бірлескен шешім қабылданды. Оған қоса, Астана су қоймасының түбін шамамен 47 миллион текше метр болатын шөгіндіден тазарту қажет», деген еді министр.

Иә, 1968 жылы салынған Астана су­ қоймасындағы судың сапасына қа­зір­ден назар аударған жөн. Яғни қа­ла маңынан басқа да су көздерін қарас­ты­ру­ қажет-ақ. Бұл мәселеге қазір қала әкім­дігі, депутаттар, үкімет назар аударып отыр. Ел үкіметі елордадағы су тапшылығын болдырмау үшін жер­үсті және жерасты су көздерін пай­да­ланудың жолдарын қарастырып жатыр. Ақы­ры­ суға қатысты мәселелер қаузалып жат­қанда кейбір шығындардың орнын шаруа­шылық мақсатта пайдаланатын сумен толықтыруға көңіл бөлінсе дейсің. Соны­мен қатар суды үнемді пайдалану да маңызды. Өйткені экологиялық ахуал­ға байланысты таза ауыз суға жарымай отырған елдер бар. Уақыт өте мұ­ның соңы кейбір елдерде геосаяси ахуалдың өршуіне алып келуі мүмкін. Мұн­дайда суды үнемдеп пайдалану туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары аздық етеді. Бұл мәселе суды үнемдеп пай­да­лануға орайластырылған арнайы құрыл­ғылар арқылы реттелсе керек. Қазір­гі жағдай бойынша көп ұзамай №3 сорғы-сүзгі стансасы іске қосылса, су тап­шылығы шешілгелі тұр. Сосын кезек­ті төртінші стансаның да жобасы әзір­ленер. Оң жағалаудағы су жүйесіне түсетін жүктеме әжептеуір азаяр.