Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палата отырысында бірқатар заң жобасын қабылдады. Екі бөлімнен құралған жиында депутаттар 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылады. Сондай-ақ заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы құжат қаралды.
Ішкі жалпы өнім көлемі ұлғайып келеді
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғарғы аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады.
Қаржы министрінің айтуынша, 2022 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға өскен. Бұған қызмет көрсету саласындағы, нақты сектордағы өсім, экспорттың тез қарқыны есебінен сауда балансының нығаюы, құрылыс пен қызмет өндірісіндегі жоғары инвестициялық белсенділік әсер етіп отыр.
«Азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік қымбаттауы аясында Қазақстандағы инфляция деңгейі де нысаналы көрсеткіштен асып, 20,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Осындай макроэкономикалық ахуал аясында республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады. Түсімдер 102,1 пайыз атқарылып, 16,1 трлн теңгені құрады. Шығыстар 98,6 пайызға игерілді және 18,5 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығыстардың өзі 2021 жылмен салыстырғанда 987 млрд теңгеге ұлғайып, 8,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 46 пайызы. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге шаққанда 2,3 пайыз болды», деді Е.Жамаубаев.
Ведомство басшысының айтуынша, Республикалық бюджеттің меншікті кірістері бойынша жоспар 103 пайыз орындалған. Кірістер құрылымының негізгі үлесі салық түсімдеріне тиесілі. 2021 жылмен салыстырғанда салық түсімдерінің өсімі 3 трлн теңгеге немесе 42 пайызға жетті. Салықтық тексерулердің тиімділігі 3,2 есеге, кедендік тексерулердің тиімділігі 7 есеге артты. Кейінгі 4 жыл ішінде салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің арқасында бюджетке 3 трлн теңгеден астам қосымша қаражат түскен.
«2022 жылы бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалды. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларының 219 нысаналы индикаторына қол жеткізілді. Оларды іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берді. Мәселен, 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 131 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 136 мың оқушы орнына 247 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1 003 мектеп жаңғыртылды. Мектеп салу есебінен ғана 10,5 мыңға жуық жұмыс орны, оның ішінде 6,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 35 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынып, ашылды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 17 мыңнан астам техника сатып алды», деді Е.Жамаубаев.
Қаржы министрі Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы туралы баяндап берді. Палата есебінде мемлекеттік кірістер органы салықтық және кедендік әкімшілендіруден қосымша түсірген 726,2 млрд теңгенің 136 млрд-ы расталмағанын көрсеткен. Ведомство басшысының айтуынша, бұл сома бюджетке толығымен түсті. Бірақ өндіріп алудың әдістемелік сипатына байланысты Жоғары аудиторлық палата есепке алмаған.
«Мәселен, ең үлкен сомасы 99 млрд теңге салықтық мониторинг және камералдық бақылау шеңберінде 62 жер қойнауын пайдаланушыдан түскен. Қалған сома электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесінің деректеріне жүргізілген мониторинг пен талдау нәтижелері арқасында және төлемге қабілетсіз борышкерді оңалту және банкроттық рәсімдері, сондай-ақ кедендік бақылау шаралары есебінен келді. Бұл ретте екі рет есепке алынған тек 526 млн теңге сомасы қате деп саналады.
Екіншіден, Жоғары аудиторлық палата 2018-2021 жылдары салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен. Осы салық жеңілдіктерінің көбісі стандартты және жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Бұрын бизнес-климатты жақсарту мақсатында салық есептілігі айтарлықтай жеңілдетіліп, оңтайландырылған болатын. Осыған орай қазір салық есептілігінде салық жеңілдіктері туралы деректер жинақталмайды. Бұл ретте Жоғары аудиторлық палата бюджет шығындарына әкеп соғатын салық нормаларының барлық түрлерін есепке алған. Алайда олардың барлығы дерлік жеңілдіктер саналмайды», деді Е.Жамаубаев.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық жөніндегі ескертпесін түсіндіріп берді. Бұдан бөлек, Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясаты қалай жүріп жатқанын баяндады.
Республикалық бюджеттің орындалуында кемшілік көп
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, тексеру барысында бюджет шығыстарын қойылған стратегиялық мақсаттарға байланыстырудың себебі нақты емес. Салдарынан жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге ешқандай әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурстар жұмсалған.
«Ұлттық жобаларды әзірлейміз, алайда іске асырылған екінші жылында олардың күшін жоямыз. Барлығы орындалып жатқан сияқты көрінеді, бірақ беретін әсері күмәнді. Бір жақтан мыңдаған жұмыс орны құрылып жатса, екінші жағынан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздардың саны өседі деген болжам айтып отыр», деді Н.Годунова.
Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін бюджетті толықтыруға қатысты барлық резервті іске қосылмаған. Баяндамашы республикалық бюджет 2017 жылғымен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайғанына тоқталып, бірақ көлеңкелі экономика салдарынан 3-4 трлн теңге салық бюджетке түспей тұрғанын жеткізді.
«Елімізде басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтар бар, олардың көлемін ешкім бағаламаған. Жоғары аудиторлық палатаның аудиті 64 салықтық жеңілдікті Ұлттық экономика министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де ескермегенін анықтады, ал бұл тек 4 жылдағы бюджет шығыны шамамен 10 трлн теңгені құрады. Соның салдарынан созылмалы бюджет тапшылығы орын алды. Яғни көрпеңе қарай көсіліп емес, қарызға өмір сүресің. Бұл ретте үкіметтік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар бюджеттің таза кірістерінің 25 пайызын немесе 2,9 трлн теңгені құрайды», дейді Н.Годунова.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бюджет қаражатын мердігерлер мен өнім берушілер жиі тиімсіз жұмсайды. Сонымен қатар қаржыландырылуы ешқашан қамтамасыз етілмейтін мөлшердегі жобалау-сметалық құжаттама қабылданады. Мысалы, 2017-2018 жылдары құны 5,9 млрд теңгеге әзірленген 292 жобалау-сметалық құжаттама қажетсіз күйінде қалған.
«Министрліктердің даму жоспарлары мен олардың бюджеттік бағдарламаларында халықтың өмір сүру сапасының өзгеруіне байланысты түпкілікті көрсеткіштер жоқ. Жалпы, ішкі өнімнің өсуі, триллиондар, тонна, мыңдаған км! Ал осыдан адамның өмір сүруі жақсарды ма? Түсініксіз. Анықтау мүмкін емес. Жоқ! Себебі тапсырманың шарттары дұрыс айқындалмаған», деді Н.Годунова.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның есебінде қолданыстағы бюджетаралық қатынастар жүйесінің жетілмегені айтылған. Министрліктер жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға құмар көрінеді. Квазимемлекеттік салада да мәселелер жетерлік. Мәселен, Н.Годунова басқарушы холдингтердің қызметі ашық емес, олар Парламентке мүлде есеп бермейтінін атап өтті.
«Маңызды ресурстарды өңірлік деңгейге беру және анықталған жүйелі проблемалар Жоғары аудиторлық палатаға жаңа өкілеттіктер беру, тексеру комиссияларының мәртебесін арттыру қажеттігін көрсетті. Конституциялық реформа шеңберінде Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылған сәттен бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Бірақ Жоғары аудиторлық палатаның өкілеттіктері мен құзыреттерінің құқықтық шекаралары әлі айқындалған жоқ», деді Н.Годунова.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің атқарылуына тоқталды. «2022 жылы республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгеге немесе 101,9 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының 127,7 пайызды құрағанын көреміз. Алайда республикалық бюджеттің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр. Республикалық бюджет кірісінің шамамен 34,4 пайызы трансферттердің түсімдері есебінен қалыптасқан. Шығындар 18,5 трлн теңгені құрап отыр. Жоспар бойынша орындалғаны – 98,6 пайыз. Ал орындалмағаны – 262,6 млрд теңге», деді Ұ.Сәдібеков.
Депутат бюджеттің дұрыс атқарылмауының негізгі себептері жоспарлаудың жүйесіздігі мен тиімсіз пайдалану екенін атап өтті. «Бюджетті атқару барысында заңсыздықтар мен кемшіліктерге жол берген орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығына қатысты жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде Үкімет шара қабылдау қажет деп санаймыз. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын Парламент қарауына енгізу кезінде депутаттардың Есепті талқылау барысында айтқан ескертулері мен ұсыныстарын ескеріп, қабылданған шаралар туралы ақпарат беру қажет», деді Ұ.Сәдібеков.
Мәжілістегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері де 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты өз пікірлерін білдірді. Есепті бекітуді «Amanat», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл» фракциялары қолдаса, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Ақ жол» қарсы болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша көпшілік дауыспен құжат Сенатқа жіберілді.
Азаматтар құқығы интернетте де сақталуға тиіс
Бұдан бөлек, Мәжілістің бейінді комитеттері масс-медиа туралы және оған ілеспе заң жобасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Снежанна Имашева, Абзал Құспан, Мәди Такиевті сайлады. Елдің орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құрамына Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Павел Казанцев, Гауһар Танашева, Асқар Садықов, Асхат Рақымжанов, Аян Зейнуллин, Динара Шүкіжанова және Ерлан Стамбеков енді.
Мәжіліс онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым баяндама жасады. Оның айтуынша, заңды әзірлеудегі мақсат – ең алдымен адам құқығын қорғау.
«Азаматтар интернетте де құқықтарының қорғалуын талап етеді. Олар артында күшті мемлекет бар екенін айқын сезінуге тиіс. Біз қабылдап отырған заң әлеуметтік желіні бұғаттауға немесе біреудің құқығын бұзуға арналмаған. Екі жыл бұрын кибербуллинг туралы заң қабылданғанда да біраз келіспеушілік болған. Бірақ бұл заңдардың өміршеңдігі мен қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді», деді депутат.
Заң жобасында онлайн платформаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Олардың меншік иелері үшін мемлекеттік органдармен анық емес ақпаратқа және салықтан жасыруға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық жөніндегі міндеттеме енгізіледі.
Пайдаланушылар үшін өз парақшаларында орналастырылатын онлайн-жарнаманы таңбалау, сондай-ақ өз қызметін міндетті түрде кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттемелері белгіленеді. Ілеспе түзетулермен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және өзге де заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтаратын құжат
Бұдан кейін заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы ілеспе құжаттарымен бірге қаралды. Аталған мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда активтерді іздеу және қайтару әлемнің барлық елінде өзекті болып отыр.
«2022 жылдың басында Мемлекет басшысы еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын. Сондай-ақ әлемдік қаржы сарапшыларының жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд долларға дейін жоғалтады екен. Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Өйткені ол экономикаға кері әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді.
Қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «қауіпсіз, жайлы орын» тауып жатады. Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады. Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару үдерісі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс», деді Е.Бейсенбаев.
Осыған байланысты депутат қаралып отырған заң жобасын әзірлеу және қабылдау бүгінде өте өзекті екенін жеткізді. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың басты бағыты. Басты мақсат – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.
«Заң жобасы аясында Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады. Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады. Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады. Соның ішінде жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады. Яғни әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасқан азаматтар», деді Е.Бейсенбаев.
Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар. Осылайша, аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді.
«Заңның новелласына шетелде активтерді қайтару бойынша жұмысты заң шеңберінде жүргізу тетіктері қарастырылған. Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Ерікті түрде қайтару өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады. Соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс шеңберінде заңсыз алынған активтерын тәркіленеді. Соттардың активтерді негізсіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтер мәжбүрлеп қайтарылады. Соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркіленеді. Жалпы заң аясында арнайы Комиисия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың реестрі пайда болады, арнайы Мемлекеттік қор мен уәкілетті орган құрылады», деді Е.Бейсенбаев.
Депутаттар заң жобасын талқылағаннан кейін құжатты бірауыздан қабылдады.