Мемлекетаралық және өңірлік экономикалық байланыстардың нығая түсуі трансшекаралық инфрақұрылымның дамуына да оң ықпал етіп жатыр. Әсіресе бұл біз секілді теңізге тіке шығар мүмкіндігі жоқ елдер үшін тиімді. Әдетте трансшекаралық инфрақұрылымдық жобаларды екі немесе одан да көп мемлекет жеке инвесторларды тарта отырып іске асырады және оны сәтті орындаудың оңтайлы тетігі – мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) болмақ. Жаһан тәжірибесіне қарайтын болсақ, транспорт, су-энергетика кешені және телекоммуникация салаларында МЖӘ қағидатына сүйене отырып ондаған трансшекаралық инфрақұрылым жобасы жүзеге асқан. Бұл тетік Еуразия аумағында әлі іске қосыла қоймады. Бірақ қолға алуға тиісті алғышарт бар.
Сочиде Еуразия даму банкінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Еуразиялық конгрес’23» барысында МЖӘ көмегімен жүзеге асырылатын трансшекаралық жобалар мәселесі қозғалды. ЕАДБ бас экономисі Евгений Винокуровтың айтуынша, әлемде жалпы 18 МЖӘ жобасы жүзеге асырылған. Оның 14-і көлік жобалары: теміржол, газ құбырлары, автожолдар мен көпірлер. Үшеуі – энергетикалық жобалар: барлығы су электр стансалары. Біреуі – телекоммуникация саласында.
«Трансшекаралық МЖӘ-нің басты үш критерийі бар, олар – трансшекаралық инфрақұрылым, екі немесе одан да көп мемлекеттің қатысуы, мәселенің заңдық қырын реттеп отыратын үкіметаралық келісімнің болуы. Амур өзенін кесіп өтетін, Ресейдің Благовещенск және Қытайдың Хэйхэ қалаларын жалғайтын автомобиль көпірі салынып, іске қосылды. Одан өзге Еуразия аумағында трансшекаралық МЖӘ тәжірибесі пайдаланылған жоқ», дейді бас экономист.
«Трансшекаралық және еларалық МЖӘ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру механизмі ретінде» деп аталатын сессияға «Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестігі орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықов қатысты. Оның айтуынша, Қазақстанда МЖӘ-нің белсенді дамуы тиісті заң күшіне енген 2015 жылдан басталды.
«Әлемдегі жаһандану және турбуленттілік жағдайында одақ елдері экономикалық жүйесінің интеграциясы ерекше маңызға ие болмақ. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсім қарқынын және өзара сауда көлемін ұлғайту – соның дәлелі. Дегенмен елдің инвестициялық әлеуетін дамыту, тікелей инвестиция тарту және механизм ретінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі бұл бағыттағы өзінің айрықша рөлін көрсетті.
Елімізде бүгінге дейін жалпы құны 5 млрд долларға жуықтайтын мыңнан астам МЖӘ келісімі жасалды. Республикадағы ең ірі жобалардың бірі ретінде Үлкен Алматы айналма автожолын айта аламыз. Биыл оның құрылысы аяқталды. Жобаға ЕАДБ, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі қаржы бөлген болатын. Сарапшылардың болжамынша, жолды 40 мың автомобиль пайдаланады. Жоба аясында мониторинг жүргізудің интеллектуалды жүйесі енгізілді. Ол тәулік бойы жұмыс істейді және көліктердің бағытын, жылдамдығын, салмағын автоматты түрде анықтайды. Биыл «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық су ресурстарын пайдалану проблемасын көтеріп, суды үнемдеу және суару мәселесі бойынша тиімді цифрлық шешімді енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар су шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу бағдарламасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды», деді С.Сағындықов.
Сондай-ақ Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын жаңа жол құрылысы туралы да мәлімдеді.
«Қазір Қазақстан мен Қырғызстан Алматы мен Ыстықкөл арасында балама жол салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Азия Даму банкінің консультанттары жобаға заңдық, техникалық және қаржылық скрининг жасады. Егер жоба жүзеге асатын болса, Алматыдан Ыстықкөл өзеніне дейінгі жол 85 км-ге жуық қашықтықты құрайды. Қазіргі қашықтық – 460 км. Шамамен жоба құны 160 млн доллардан асып отыр. Ал туннель салу шығынын қоса есептесе, 600 млн доллардан асып кетеді. Бірнеше елдің ресурсын біріктіре отырып трансшекаралық МЖӘ жобаларын жүзеге асыру жаңа өсім нүктесін табуға ынталандырады», дейді ол.
Оның айтуынша, жобаның арқасында біздің ел тұрғындары үш нәрседен ұтады, олар – жанар-жағармай үнемдеу, уақыт үнемдеу және жол төсемі жоғары деңгейде жасалатындықтан, көлік құрылғысына зақымның аз келуі.
Жаңа бағыттағы бір сапардың бағасы 2500 теңге деп белгіленген. Бірақ жолдың құны көлік құрылғысының типіне байланысты өзгермек. Жолдың негізгі бөлігіндегі жылдамдық сағатына 150 км болса, таулы аймақтарда сағатына 30 км-ден аспауға тиіс.
Ол МЖӘ механизмі бойынша өзекті трансшекаралық жобалар келесі бағыттарда жүзеге асуға тиіс деп есептейді: көлік, халықаралық сауда-саттық үшін трансшекаралық хаб, шекара арқылы өтетін көпір, туннель құрылысы, халықаралық логистикалық орталықтарды дамыту, энергетика, су үнемдеу және IT саласы.
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында істелуге тиіс болжамды трансшекаралық жобалар баршылық. Соның ішінде ЕАЭО елдері арасындағы көліктік байланысты күшейтуге, ауыл шаруашылық тауарлары ағынын басқарудың ашық интеграцияланған жүйесін құруға, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесін дамытуға бағытталған жобалар назарға ілігеді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп дамытуға жол ашады, екіншіден, ЕАЭО мемлекеттерінің ЕАДБ-мен, жеке және институционалдық инвесторлармен, даму институттарымен осындай жобаларды қаржыландыру үшін көпжақты әріптестігіне негізделген ынтымақтастық моделін қалыптастырады.
Сарапшылардың айтуынша, трансшекаралық жобалар елдерді байланыстырады және сауда ағынын ұлғайтып, экономикалық қатынастарды нығайтуға елеулі ықпал етеді. ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузовтің айтуынша, трансшекаралық жобалардың ауқымы жоғары болатыны соншалық, түрлі халықаралық даму банктері күш біріктірмесе, жобаның табысқа жетуі екіталай.
«Бірде-бір қаржы ұйымы, тіпті аса ірі ұйым болса да, құны 5 млрд доллардан асатын гидроэлектр стансасын немесе құны 3 млрд долларды құрайтын көлік дәлізін жалғыз өзі қаржыландырмайды. Сондықтан даму институттары мұндай жобалар үшін қаржы ресурстарын бірлесе бағыттауға тиіс», дейді ол.
ЕАДБ-ның МЖӘ жобалар бойынша директоры Светлана Маслованың сөзінше, трансшекаралық МЖӘ-ні құрылымдау өте ұзаққа созылады. Трансшекаралық МЖӘ-нің бір қиындығы – бір ел тарапынан жұмыстың дұрыс атқарылмай, жобаның орта жолда тоқтап қалуы. Бұл түйткілді тарқатуға ЕАДБ мен барлық қатысушы елдің МЖӘ орталықтары арасында қол қойылған меморандум көмектесуге тиіс. Аталған меморандумға қол қою арқылы тараптар трансшекаралық МЖӘ жобаларды жоспарлауды бірлесе жүзеге асыруға, дайындық үшін институционалдық тетік құруға ниетті. Келісім трансшекаралық жобаларды жүзеге асыру үдерісін оңтайландыра түседі деген сенім бар.