Кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында депутаттарға жаңа сенаторды таныстырды. Сондай-ақ отырыс кезінде «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев әріптестеріне Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған жаңа сенатор Әсем Рахметованы таныстырып, оған жаңа жұмыста сәттілік тіледі. Конституциялық нормаға сәйкес Әсем Рахметова ант берді. Сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды.
Бұдан бөлек, Палата отырысында сенаторлар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл келісім ТМД-ға мүше елдердің мемлекеттік шекаралары арқылы мұндай тауарлардың тасымалдануына жол бермеу жөніндегі шартты қамтамасыз етеді.
Құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Қайрат Тастекеевтің айтуынша, құжатта жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізудің анықталған фактілері туралы ақпарат алмасу көзделген. Сондай-ақ өнеркәсіптік меншік саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласында кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар қарастырылған.
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тауарларды дараландыру құралдарын қорғаудың ұлттық жүйелерін одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Заңды әзірлеушілердің пікірінше, оны қабылдау теріс әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен қосымша қаржы-қаражатты талап етпейді. Заң бойынша ғылыми құқықтық және лингвистикалық сараптамалар жүргізілген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен заң бойынша сараптамалық қорытынды жасалды», деді Қ.Тастекеев.
Сенатордың айтуынша, Армения, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекетішілік рәсімдерді жүргізді. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңына сәйкес келісім ратификациялауға жатады. Сенат комитеттерінен заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар келіп түспеген.
«Мақұлданған Заң ТМД шеңберінде жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу және жолын кесу үшін қажетті құқықтық орта қалыптастырады. Сол үшін келісім арқылы мемлекеттер тарапынан қабылданатын бірлескен іс-шаралар мен құқықтық тетіктер айқындалады. Алдағы уақытта келісім қатысушы мемлекеттердің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы әлеуетін арттыруға оң үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа Сенат отырысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Комиссия құрамына әр Палатадан 9 депутаттан мүше болады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламентте Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссия құру жұмыстары қолға алынды. Бұл комиссияның негізгі мақсаты – Президентіміздің реформалары аясында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді тиімді іске асыруға жәрдемдесу. Оның жұмысына Үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері және сарапшылар мен ғалымдар қатысып отырады», деді Сенат спикері.