Шымкенттік оқушылар – Ердәулет пен Рамазан бір топ достарымен бірге Бадам өзеніне шомылуға келе жатып, кішкентай баланың өзенге батып бара жатқанын байқап қалады. Олар баланы құтқару үшін жалма-жан өзенге қарай ұмтылып, оны жағаға алып шығады. Су жұтқан балада ес жоқ. Көп су жұтып қойған оның іші ісіп, бет-жүзі көгере бастапты. Балалардың ішіндегі ересегі, 9-сыныпта оқитын Рамазан тез арада алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Бір сынып төмен оқитын досы Ердәулет те жәрдем береді. Жылдам әрекеттің нәтижесінде алты жасар бала есін жиып, дем ала бастайды.
Осылайша, уақытында көрсетілген медициналық көмектің арқасында кішкентай бала аман қалды. Ал бейбіт күннің батырлары Рамазан Амангелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен батылдығы мен ержүректігі үшін «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ оларға қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының атынан да естелік сыйлық табысталды. Дәл сол күні Рамазан мемлекеттік емтихан тапсыратын болғандықтан, оның сыйлығы анасының қолына берілді. Қос батыр Шымкент қаласындағы №128 жалпы орта мектепте оқиды.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Бадам өзені жүзуге тыйым салынған аймақ болып саналады. Негізінде мегаполисте шомылуға арналған 13 орын бар.
ШЫМКЕНТ