Бүгін – Денис Теннің туған күні. Егер көзі тірі болғанда еліміздің атақты мәнерлеп сырғанаушысы 30 жасқа толатын еді. Бірақ аса дарынды спортшыға бұл күнді көруге жазбаған екен. Ол 2018 жылдың 19 шілдесінде тапа тал түсте Алматының қақ ортасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ол небәрі 25 жаста еді.
Денис 1993 жылдың 13 маусымында Алматыда дүниеге келді. Бала кезінен ол таэквандо, теннис, акробатика, каратэ, жүзу секілді спорттың сан алуан түрімен айналысты. Сонымен қоса, фортепиано, би және кескіндеме мектебінде тәлім алып, балалар хорында ән айтты. Алты жасынан мәнерлеп сырғанауға мықтап ден қойды. Тен қысқа ғана мерзім аралығында орасан зор табысқа қол жеткізді. Алматыдағы сауда үйлерінде орналасқан мұз айдындарында жаттығып-ақ, жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдады. Шеберлігін шыңдай түсу мақсатымен ол анасымен бірге Мәскеуге қоныс аударды. Кейіннен АҚШ-қа аттанды. Әр жылдары асқан дарын иесі Николай Морозов, Фрэнк Кэролл, Рафаэль Арутюнян, Елена Буянова, Татьяна Тарасова сынды майталмандардың қол астында жаттықты.
2005 жылы Тен алғаш рет Қазақстан чемпионатында топ жарса, содан кейін тағы төрт рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 2009 және 2012 жылдары жастардың әлем біріншілігінде төртінші орынға табан тіреді. Өз қатарластары және ересектер арасында түрлі халықаралық жарыстарда олжаға кенелді. 2010 жылы 17 жасында Ванкувер Олимпиадасында бақ сынап, 11-орынға тұрақтады.
Ересектер дуындағы Денистің ең алғашқы елеулі табысы – 2011 жылы елімізде өткен қысқы Азия ойындарының алтын медалі. 2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында отандасымыз мінсіз өнер көрсетіп, күміс медальды иеленді. Ол тек Патрик Чаннан 1,3 ұпай ғана қалып қойды. Негізінде бұл бәсекеде Теннің мерейі үстем болған еді. Оны барша маман мойындады. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер жеңісті жергілікті спортшыға әперді. Оның ақыры дау-дамайға ұласты. Жарыс аяқталған бетте осы спорт түрінің жанашырлары Халықаралық федерацияға «Патри Чан бұл атаққа лайық емес. Сол себепті де бас жүлдені Денис Тенге табыс ету керек» деген талап қойды. Бұл бастаманы жер-жаһанның миллиондаған жанкүйерлері қолдады. Бірақ федерация басшылығы өз шешімін өзгерткен жоқ. Қалай болғанда да, жерлесіміздің есімі әлемдік додада жүлде алған Қазақстанның тұңғыш мәнерлеп сырғанаушысы ретінде тарихта қалды.
2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойындарында Теннің асқан шеберлігіне тағы да тәнті болдық. Шыны керек, ол кезде жерлесіміз жеңіс тұғырына көтеріледі деп ешкім ойлаған жоқ. Өйткені қысқа бағдарламада 84,06 ұпай жинаған Денис тоғызыншы орынды қанағат тұтты. Оның үстіне, бір рет құлап тұрғаны бар. Есесіне еркін бағдарламада ең бір күрделі элементтерді мінсіз орындаған ол 171,04 ұпай олжалады. Нәтижесінде, жаттығудың екі түрінде 255,10 ұпайға иелік еткен отандасымыз қола медальды мойнында жарқыратты. Бұл жарыстың бас жүлдесі жапониялық Юдзуру Ханюға бұйырса, күміс жүлдені канадалық Патрик Чан еншіледі. Осылайша, Тен өз еліне Олимпиаданың алғашқы медалін сыйлады.
2015 жылы Шанхайдағы әлем чемпионатында испаниялық Хавьер Эрнандес пен жапониялық Юдзуру Ханюды алға жіберген Денис қола жүлдені олжалады. Одан бөлек, атақты спортшы «Төрт құрлық чемпионаты» мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы атанып, басқа да көптеген дүбірлі додада дараланды. Өмірінің соңғы кезеңінде ол жарақатына байланысты байрақты бәсекелердің біразынан шет қалған еді.
2018 жылдың 19 шілдесінде тапа тал түсте қарақшылар Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында тұрған спортшының жеке көлігінің әйнегін ұрлап, іздерін суытпақ болды. Соны байқап қалған Денис оларды тоқтатуға тырысады. Алайда қос қаныпезер әйгілі спортшыны пышақтап тастады. Оқиға орнында ол біраз уақыт қансырап жатып қалады да, ақыры ауруханада көз жұмды. Міне, содан бері бес жыл зымырап өте шыққан екен...
Денистің есімі – ел есінде. Алматыда оған ескерткіш, өзі тұрған үйге мемориал тақтасы орнатылды. Деректі фильм түсіріліп, Астана мен Алматы қалаларында саңлақ спортшыны еске алуға арналған халықаралық турнир жыл сайын өтіп тұрады. Оған әлемнің әр қиырынан келген атақты мәнерлеп сырғанаушылар қатысады.